Accessibility links

Тарауықтан қайтқандарды тегін таситын такси


Рамазан айында Семейдің орталық мешітіндегі тарауық намазынан шыққан тұрғындардың қала шетінде тұратындарын такси паркі үйлеріне автобуспен тегін апарып тастап жүр.

Бір жарым сағатқа созылатын тарауық намазына қатысу үшін Семей қаласының дін ұстайтын тұрғындары түнгі сағат онға қарай орталық мешітке ағылады.

Ораза тұтқандардың көбі тарауықты мешітте жамағатпен оқығанды жөн санайды. Жамағатпен бірге оқыған намаз сенімін нығайта түсетінін, сауапқа кенелтетінін айтады.

«ҚУАНА-ҚУАНА КЕЛДІМ»

Алайда тарауық түнгі он бір жарымда аяқталады. Намазға келетіндердің ішінде жеке көлігі жоқ адамдар да көп. Қала таксопарктерінің бірі қоғамдық көлік жұмысын тоқтатқан мезгілде намаздан шыққан адамдарды үйлеріне тегін жеткізуге ниет білдіріпті.

Мешіт қақпасына келіп тоқтаған автобус жүргізушісі, Ернұр есімді жігіт әріптестерінің қасиетті Рамазан айында жоспардан тыс кезекшілікке шыққандарын айтты. Бұл оның мешіттегі алғашқы кезекшілігі екен.
Үйдегілер бұл кезекшілігіме түсіністікпен қарайды.

- Үйдегілер бұл кезекшілігіме түсіністікпен қарайды. Мен жолаушыларды жаңа көпір арқылы қаланың Жаңасемей деп аталатын сол жағалауына тасымалдаймын, - деді Ернұр.

Ал екінші автобустың рөлінде көлік иесінің өзі, Болат есімді жігіт отыр. Таксопаркте келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін ол:

- Жүргізушіні үйіне босатып, көлікті өзім айдап келдім. Директор өтініш айтқан соң, өзіміздің мешіт игілігіне ізгілікті іс атқаруға қуана-қуана келдім, - деді.

Болат айтқандай, таксопарк директоры Асқар Ширяевтің де ауыз бекітіп, ораза ұстап жүргеніне біраз жыл болыпты, ол да тарауық намазды мешітте оқығанды жөн көреді екен.

«АЛЛА ШАПАҒАТСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ»

Біздің тілшімізге «Әйелдерді түн қараңғылығында үйіне жеткізіп салатын автобустар болмағанда, көп адамға намазды үйде оқуға тура келер еді, шалғайдағы мешітке жаяу-жалпы жету мына біз сияқты жасы келіп қалған адамға оңай емес қой» деген Нағима Сәдуақасова:
Нағима Сәдуақасова тарауық намазынан кейін үйлеріне тегін апаратын таксиге риза. Семей, 1 тамыз 2012 жыл.

Нағима Сәдуақасова тарауық намазынан кейін үйлеріне тегін апаратын таксиге риза. Семей, 1 тамыз 2012 жыл.


- Автобус бізді үйді-үйімізге жеткізіп салады, бұл әрине өте ыңғайлы. Таксопарк директоры Асқар Ширяевтің мына сауапты ісіне алғыс айтқым келеді, - деді.

Әңгімеге араласқан тағы бір адам:

- Мына қасиетті Рамазан айында кәсіпкерлердің дінге көмектесіп, сауапты шаруа атқарып жатқаны - игі дәстүр. Мейірімі шексіз Алла олардың бұл ісінің сауабын еселеп беріп, шапағатсыз қалдырмайды деп ойлаймын,- деді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG