Accessibility links

Бұзылған базар саудагерлері биліктің уәжіне сенбейді


«Барахолканың» көлік кептелісі. Алматы, 23 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Барахолканың» көлік кептелісі. Алматы, 23 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ұйымдастырылмаған базарлар» мәселесі ел президентінің де аузынан шықты. Бірақ кәсіпкерлер «базарды зорлықпен таратуды қолдамайтындарын» айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 6-сы күні үкіметтің кеңейтілген жиынында «Қазақстанда ұйымдастырылмаған мыңдаған базар бар» екенін айта келе: «Онда талай тәртіпсіздік болып жатады. Біздің бизнесмендер расымен бұл пайдалы істі қолдарына ала алмай ма? Дұрыс, жабық, ұйымдасқан сауда орындарын салу керек» деді.

Бірақ биліктің мұндай «ұйымдасқан сауда орындарын салу» ниетіне жалға алған базары қиратылып, өзі жұмыссыз қалған Алмас Бердібаев илана қоймайды.

«МҰНДАЙ ЗОРЛЫҚТАН СОҢ СЕНГІҢ КЕЛМЕЙДІ»

Алмас Бердібаев – Алматы қаласының солтүстігіндегі «Барахолка» аталып кеткен ірі сауда орталығында он шақты жыл сауда жасаған кәсіпкер. «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болды» деген уәжбен «Барахолкадағы» жалға алған базары бұзылған соң ол да бизнесінен айрылған.

Қала билігінің базарларды жабу туралы 2012 жылғы ескертуінен соң-ақ былтырғы күзден биылғы көктемге дейін он шақты базар өртенгенін еске салған Алмас Бердібаев:

– Базарды тарату үшін қасақана өрт қойылғанын ішіміз сезеді. Базарда 10 жыл істегенімде дәл осылай жаппай өртенгенін көрген емеспін. «Құлагер», «Олжа», «Керемет», «Аягөз», «Арал» базарлары өртенгенде миллиондаған теңгелік тауарынан айырылып, есеңгіреп қалғандарды көрдік. Мұндай зорлықтан кейін биліктің «ақ ниетіне» сенгің келмейді, – дейді.

Алмас Бердібаев қала билігінің «жол кептелісін азайту үшін «Барахолкадағы» базарларды бұздық» деген уәжіне иланбайды.

Барлық базарының қақпасы. Алматы, 3 маусым 2014 жыл.

Барлық базарының қақпасы. Алматы, 3 маусым 2014 жыл.

– Жол кептелісін азайту деген желеуді алға тартатын болса, онда «Барахолкадан» кеткен саудагерлердің Алматы қаласынан шығысқа қарай шығатын жалғыз жолға – Райымбек даңғылының бойында тұрған «Барлық» базарына шоғырлануына жол бермес еді. Өйткені нағыз көлік кептелісі қаланың шығысындағы «Барлық» пен жанындағы «Алтынорда» базарының маңында, – дейді кәсіпкер.

Биліктің «жол түсетін маңда тұрған базарыңды әкетпесең қиратамыз» деген сөзінен соң өзіне тиесілі сауда орындарын бұзып әкеткен Алмас Бердібаев «Барахолкадағы» бірнеше базардың әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын айтып, «өйткені олардың жоғарыдағы тірегі күшті» деп түсіндірді.

ЕРТЕҢІНЕН ҮМІТСІЗ КӘСІПКЕРЛЕР

«Барахолканың» Алмас Бердібаев айтқан бұзылмаған базарының бірінде әлі күнге дейін жұмыс істеп, кілем сатып тұрған Айдархан Әлімбаев та бизнесінің болашағына сенбейді.

– Біздің базарымызды әзір бұзбайтын сияқты. Бірақ бұрынғыдай бір жыл бұрын емес, төрт-бес күн бұрын ескертеді де, жылдам жауып тастайды. Халық шулап кетеді деп сескенеді, – дейді Айдархан Әлімбаев.

Ол «Барахолканың» жабылған базарларынан кеткен кәсіпкерлердің жаңадан ашылған базарларда ісін жүргізіп кете аларына күмәнданады.

– Жаңадан ашылған базарларға барғанмен ол жақтағы контейнерлердің бағасы 5 мыңнан 20 мың долларға дейін жетеді. Сатып алғанмен әрі қарай жұмыс істей ме, жоқ па - белгісіз, – дейді ол.

Алматыдағы базардың бірі. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы базардың бірі. (Көрнекі сурет)

Айдархан Әлімбаев жаңа ашылған базарларда сауда үйлерін салып жатқан азаматтар кәсіпкерлерден алдын ала қомақты ақша жинауға кіріскенін, бірақ бағасы одан әрі өспесіне ешкім кепілдік бермейтінін, әр саудагерге қанша шаршы метр орын тиетіні де беймәлім екенін айтады.

Бұзылған базар сатушыларының халін түсінетін адамның енді бірі – «Ақсай» ықшам ауданындағы «Арыстан» базарында бес жылдан бері сауда жасап тұрған Анар Сәрсенбекова.

– Олар – күнделікті тіршілігі базармен тікелей байланысты үлкен әлеуметтік топ. Егер билік сатушыларға өтемақы ретінде басқа базардан тегін орын әперсе, онда әділеттілік болар еді. Ал мынадай зорлықпен таратуды мен сияқты сатушылардың ешқайсысы құптамайды, – дейді кәсіпкер.

Анар Сәрсенбекова Алматы қаласы әкімдігінің «қала орталығындағы базардың кейбірі бұзылмай, қайта жөндеуден өткізілуі тиіс» деген ақпарат таратқанын айта келе, «біздің базар әкімшілігі 2018 жылға дейін базар бұзылмайтыны анық екенін мәлімдеді» деп қуанып тұрды.

«БАЗАРЛАР ҮКІМЕТТІҢ ҚАУЛЫСЫМЕН БҰЗЫЛЫП ЖАТЫР»

«Барахолка» базарының бір бөлігі орналасқан Жетісу аудандық сәулет құрылыс бөлімінің бас маманы Бауыржан Отаровтың айтуынша, қаладағы жайсыз базарларды жауып, қазіргі заманғы талаптарға сай келетін сауда орталықтары ашылатыны 2009 жылдан бері хабарланып келеді.

– Қазір Алатау ауданындағы алты базар – толық, үш базар – жартылай, Жетісу ауданындағы бес базар – толық, жеті базар – жартылай бұзылған. Базарлар әркімнің қалауымен емес, 2002 жылы үкімет бекіткен бас сәулет жоспары және 2013 жылы бекітілген қосымша жоспар бойынша бұзылды. Құрылыс үлескерлік тәсілмен де жүргізіліп жатыр. Кейбір кәсіпкерлер өздері салады. Әу баста сатушыларды алдаған алаяқтар да болған. Қазір қадағалау органдары жөнге келтірді, – дейді ол.

"Барахолкадағы" өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

"Барахолкадағы" өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Биыл шілденің 30-ында қала инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша көшпелі кеңес өткізген Алматы әкімі Ахметжан Есімов қала базарларын модернизациялау бағдарламасы аясында сот шешімімен Солтүстік айналма жол маңындағы заңсыз 16 базар жойылғанын, 14 базар жойылатынын хабарлаған.

Алматыдағы ең ірі базарлардың бірі, Солтүстік айналма жол маңында тұрған «Барахолкада» 2013 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың ақпанына дейін бес рет өрт шыққан. Ең әуелі «Олжа» базарынан басталған өрт жапсарлас «Аян», «Керемет» және «Аягөз» базарларына тиген. Одан кейінгі айларда «Құлагер», «Арал», «Еуразия», «Алатау-2», «Юпитер» базарларын да өрт шарпыған. Қазір «Олжа», «Керемет», «Аян», «Аягөз» базарларының орнында басқа мақсаттағы құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Алатау», «Құлагер», «Болашақ», «Арал» сияқты өрт шалған базарлардың бірнеше қатары күреліп тасталған.

Төтенше жағдайлар министрлігі сол өрттердің бірін – 2013 жылы қарашаның 17-сі күні болған өртті тексере келе «өртенген заттардың күліне сараптама жасалып, оларда тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтың болғаны анықталды» деген ақпарат таратқан.

«Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін қала билігі 2012 жылы ескерткен еді. Содан бері әкімшілік пен базарда сауда жасайтын кәсіпкерлер мәмілеге келе алмаған. «Барахолканы» жаңа сауда аймағына көшіруге мүдделі қалалық әкімшілік «бұл базарларда құрылыс және санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелері мүлде сақталмаған» деп санайды.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG