Accessibility links

Жемқорлық проблемасын зерттейтін лондондық журналист Ник Кочан Азаттыққа берген сұхбатында «саясат пен бизнес араласып кеткен Қазақстанды парақорлық жайлаған» дейді.

Қаржылық қылмыстар мен жемқорлық тақырыбы бойынша зерттеу мақалалар жазатын ұлыбританиялық журналист Ник Кочан Алматы қаласында бір аптадай болды. Ол Азаттыққа берген сұхбатында «Ұлыбританияда Қазақстандағы жемқорлық жайлы білгісі келетін адамдар көбейіп келеді» дейді.

Азаттық: - Кочан мырза, Қазақстанға қандай себеппен келдіңіз?

Ник Кочан: - Қазақстандағы коррупция мен басқару саласын зерттеп, саясат пен бизнес секторының қиылысатын, қайшылыққа түсетін тұстарын анықтағым келді. Үкімет, қаржы саласы және бизнес арасындағы жемқорлық байланыстардың қыр-сырын ашып, халықтың бұл проблемаға деген көзқарасын, әрі елге тигізер кесірін білгім келді.

Ұлыбритания мен Қазақстанды байланыстыратын жайттар көп. Бұрынғы премьер-министр Тони Блэр - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі. Президенттің өмірбаянын бұрынғы министр Джонатан Айткен жазған, ал қазақстандық мұнай өндірушілердің бірі ханзада Эндрюдің үйін сатып алды. Соңғы кезде Ұлыбритания мен Қазақстан арасында қарым-қатынас түрлері көбейді.

Тағы бір қозғағым келетін тақырып – ENRC минералды ресурстар компаниясы. Талай жылдар Лондон қор биржасы тізімінде болған компания соңғы кезде түрлі жанжалдарға іліккен соң саудадан шеттетілді. Британдықтар Қазақстанда компаниялар мен менеджерлердің қалай жұмыс істейтіні білгісі келеді. Ұлыбританиялықтардың көбі бұл саладан хабарсыз.

Азаттық: - Қазақстанда қандай жайттарды байқап, ой түйдіңіз?

Ник Кочан: - Алматы қаласында сарапшылармен кездесіп, көптеген адамдармен телефон арқылы әңгімелестім.

Миллиардтаған доллар пайда көріп жатқан минералды ресурстар компаниялары туралы көбірек білгім келеді. Өзіңіз де білесіз, бұл - елдің табиғи ресурсы ғой. Ал бұл ақшаның қаншасы Қазақстан халқының игілігіне жұмсалады, қаншасы үкіметтегі басшы-қосшылардың, қаншасы компания қожайындарының қалтасына түседі? Ник Кочан.

Ник Кочан.

Жауап тапқым келген тағы бір сұрақ – Қазақстандағы коррупция совет заманынан мұраға қалған сарқыншақ па, әлде біртіндеп батыс капитализміне қарай жылжып бара жатқан немесе жылжуы тиіс жаңа құбылыс па? Мұндай күрделі сұрақтың жауабын табу қиын, әрине. Меніңше, бұл - совет заманынан мұраға қалған құбылыс. Өйткені қаптаған туған-туыс, дос-жаран, тамыр-таныстық жайлаған ортада әлдебір шешім қабылдау кезінде жасырын қалатын коррупция совет заманына ғана тән.

Азаттық: - Қазақстандағы коррупцияның Ұлыбританиядағы жемқорлықтан айырмашылығы бар деп айта аласыз ба?

Ник Кочан: - Коррупция барлық елде бар. Бірақ меніңше саясат пен бизнес бір-бірімен астасып кеткен Қазақстанда ол тым шектен шығып кеткен. Ал Ұлыбританияда коррупция көбінесе бизнес саласында ғана кездеседі. Мысалы өзара сыбайлас директорлар жалақы ретінде бір-біріне қыруар қаражат төлеуі мүмкін. Бұл да - коррупция, бірақ оның әсері компаниядан әріге аспайды.

Азаттық: - Парақорлықпен күрес жолдары қандай, мысалы Ұлыбританияда онымен қалай күреседі?

Ник Кочан: - Негізгі жолдары – парақорлық пен жемқорлыққа қарсы заңдар қабылдап, оларды орындау. Үш жыл бұрын Ұлыбритания компанияларға шет елдерде коммерциямен айналысқан кезде лауазымды тұлғалар мен басқа адамдарға пара беруде сақ болуды міндеттейтін парақорлық туралы заң қабылдады. Парақорлық - бірі пара беріп, екіншісі пара алатын екі адамның мәмілесі. Бірақ үкіметі «пара алу - заңға қайшы емес» деп санайтын көп елдерде парақорлық - бизнес жүргізудің бір қырына айналған. Ал Батыс елдері пара беруге мәжбүр болады немесе мұндай парақор елден аулақ жүреді.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG