Accessibility links

Жала жапқанға жазаны күшейту ұсынылды


Қазақстан қылмыстық кодексі жаңа жобасын талқылап отырған парламент депутаттары. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан қылмыстық кодексі жаңа жобасын талқылап отырған парламент депутаттары. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жала жабу туралы бап Қазақстан қылмыстық кодексі жаңа жобасынан алынып тасталған жоқ, керісінше күшейді. Баспасөзді қорғаушылар мен кей депутаттар бұл баптан қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға шақырады.

Осы аптаның соңына таман Астанада Қазақстанның қылмыстық кодексінің жобасын талқылаған отырыс өтті. Оған құқық қорғау және халықаралық ұйымдар да қатысты.

Internews Kazakhstan ұйымының заңгері Ольга Диденконың мәлімдеуінше, қылмыстық кодекстің былтыр көктемде жарияланған жобасында «жала жабу» мен «ар-ожданды қорлау» баптары қылмыс түріне жатқызылғанымен, бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылмаған.

Енді жобадағы «Жала жабу» бабының бірінші бөліміне бір жылға дейін бас еркіндігінен айыру жазасы енгізіліп отыр.

- Жаза қазіргі қолданыстағы кодексте қарастырылған жазадан да күшейе түскен. Бұл баптарға қылмыстық сипат берудің себебі не екенін, жобаның неліктен күрт өзгеріп шыға келгенін түсінбейміз, - дейді Ольга Диденко.

Бірақ заңгердің сұрағына ешкім жауап қайтарған жоқ.

ЖАЛА ЖАБУҒА ҚАТЫСТЫ ІСТЕР СТАТИСТИКАСЫ

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева «жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастасақ, азаматтардың ар-ожданына қасақана қол сұғу көбейеді» деген уәжбен келіспейді.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.
«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева.
Бас прокуратура деректеріне сілтеме жасаған Тамара Калееваның хабарлауынша, 2010 жыл мен 2013 жылдың бірінші жартысы аралығында «жала жабу бабы бойынша 1 мың 480 іс қозғалған. Оның жартысынан көбі қылмыстық сотта қаралатын тұрмыстық тіл тигізу мен егестер болғандықтан тоқтатылған».

2001 мен 2012 жылдар аралығында «Әділ сөз» ұйымы БАҚ арқылы жала жабу мен ар-ожданды қорлауға қатысты 65 қылмыстық істі тіркеген. Оның 16-сы сот үкімімен аяқталып, үш адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Калеева «әуелі журналистерді жазалауды емес, қоғамның ақпарат алу құқығын бірінші орынға қою керек» деген пікір айтты.

ДЕПУТАТТЫҢ РЕНІШІ

Парламент депутаты Нұрлан Әбдіровтің журналистерге өкпесі бар болып шықты. Ол «жұмыс тобының өткен отырысында модератор болған кезде депутаттар атынан айтқан сөздерімді журналистер бұрмалап жазды» дейді.

- Мен «депутаттар лесбийлік қатынас жасағандарды және басқа да кейбір жыныстық қатынастар үшін жауапқа тартуды ұсынады» дедім. Шамамен осылай айттым. Ал баспасөз бұл ақпаратты «Депутат Әбдіров гомосексуализм үшін ​қылмыстық жаза енгізуді ұсынады» деп жазып жіберген. Құрметті Калеева ханым, мен енді сотқа жүгіне аламын ба? Айтқанды қойып, тіпті ойыма да келмеген сөздер үшін қазір халықтың бір бөлігі маған өшігіп алған шығар, - дейді депутат.

Тамара Калеева депутатқа «бұл мәселені ақпаратты терістеп мәлімдеме жасауды талап ету арқылы шешуге болатынын» айтты. Құқық қорғаушылар тақырыпты дұрыс жазбағаны үшін журналистерді түрмеге қамауды құптамайды.

ЖОЙЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖАНР

Internews Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Маржан Ешілбаеваның айтуынша, жала жапқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту Қазақстандағы журналистік зерттеу жанрын жойып жіберуі мүмкін.

Жабылған «Голос Республики» газетінің журналистері Алматы қалалық соты ғимаратында қарсылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жабылған «Голос Республики» газетінің журналистері Алматы қалалық соты ғимаратында қарсылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
- Бір журналиске қатысты қозғалған қылмыстық процестің кесірінен көп журналистің үні өшеді. Қазірдің өзінде сұрақ қоюдан қорқатын, жемқорлыққа қатысты жайттарды тексеруден қашатын, қоғамдық проблемаларға тиіскісі келмейтін жалтақ журналистер бар. Енді олардың үні мүлде шықпайтын болады, - дейді Маржан Ешілбаева.

Бірақ депутат Қайырбек Сүлейменов «жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастасақ, адами қатынастар дөрекіленіп кетеді» дейді.

Сүлейменовтің сөзінше, «азаматтардың ар-ожданын қорғауға мемлекет қатаң шара қолданып, барынша тырысады, ал қылмыстық сипатты алып тастауды ұсынатындар, керісінше жеке тұлғаның мүддесін қорғауға кедергі келтіреді».

Жала жапқаны және адамның ар-ожданын қорлағаны үшін жазалау қажет деген пікірді құптайтынын айтқан депутат Айгүл Соловьева «бірақ салынған айыппұл мөлшері қылмысына лайықты, сөз еркіндігіне тосқауыл қойып, кедергі келтірмейтіндей болуы тиіс» дейді.

Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары жала жабу мен ар-ожданды қорлау баптарынан қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға үнемі шақырғанымен, Қазақстан билігі бұған келіспей отыр.

Бас прокуратура бұл мәселеде «заңдарында жала жапқан адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған Еуропа елдерін» үлгі еткісі келеді. Ал құқық қорғаушылардың айтуынша, Еуропада қылмыстық жазаны іс жүзінде көптен бері қолданбайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG