Accessibility links

Жалғамысқа ауыз су толық жете алмай жатыр


Тұрғындар «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырын жүргізген компанияны «шала біткен істі тапсыруға дайындалып жатыр» деп айыптайды. Ал компания «жұмыс 100 пайыз біткенін» айтады.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылында 2013 жылдың жазынан бастап мемлекеттік «Ақбұлақ» ауыз су бағдарламасы бойынша су құбырлары тартыла бастаған. Бірақ тұрғындар жұмыстың сапасына наразы.

«КӨМЕ МЕ, ЖОҚ ПА – СОНЫ БІЛІП БЕРШІ»

Алматы қаласынан 30 километр жердегі Жалғамыс ауылының тұрғыны Ерлан «Ақбұлақ» бағдарламасына былтыр іліккендерімен су құбыры әлі тартылып болмағанын айтады.

Жалғамыстағы жұмысшылар. 25 желтоқсан 2014 жыл.

Жалғамыстағы жұмысшылар. 25 желтоқсан 2014 жыл.

– 2014 жылдың соңына дейін тапсырып өткізу керек болатын. Бірақ қазір жұмыстың 40 пайызы ғана жасалған. Құбырларды тастағанымен бір-біріне жалғамады. Тіпті кейбір жерлерге құбыр тастаған да жоқ. Енді жұмысты комиссияға тапсыру үшін жанталасып көміп жатыр, – дейді наразы тұрғын.

Жалғамыста су құбыры жүретін жер қазылып, оған құбырлар тасталғанын, қазылған жердің жарымынан көбі әлі көмілмей жатқанын Азаттық тілшісі де көрді.

Ауылдың Наргүл есімді тұрғыны далада ойнап жүрген үш жасар баласы осындай қазылған жердің біріне түсіп кетіп, бірнеше сағат жатып қалғанын есіне алды. Өзге тұрғындардың уайымдары да құбыр төсеу үшін қазылған жерлерді көму болды.

– Мына жерлерді көме ме, жоқ па – соны біліп беріңіздерші. Бізге ешкім ештеңе айтпайды, – деп ренжіді Жалғамыс тұрғындарының бірі.

«ЕКІ-ҮШ КҮНДЕ БІТІРЕ САЛАМЫЗ»

Жалғамыс ауылына ауыз су құбырларын тарту жұмысын «Айсем и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) атқарып жатыр. Мекеменің жол бойында жұмыс істеп жүрген бірнеше қызметкері құбыр тарту ісі аяқталмай жатқанының себебі бар екенін айтты.

– Жоспар бойынша қараша айында тапсыру керек болатын. Бірақ жалақы дұрыс төленбегендіктен, жұмысшылардың бәрі кетіп қалды. Қазір төрт жұмысшы мен бір трактор ғана қалды. Обьектіні жыл соңына дейін тапсыру үшін қазылған жерлерді қайтадан көміп жатырмыз, – деді аты-жөнін атамауымызды сұраған жұмысшы.

Ал ЖШС шебері Мәулен Ізғұтты төрт жұмысшы ғана қалды деген мәліметті терістеп, «құбыр тартудың негізгі жұмыстары біткенін» айтты.

ЖШС шебері Мәулен Ізғұтты. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 25 желтоқсан 2014 жыл.

ЖШС шебері Мәулен Ізғұтты. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 25 желтоқсан 2014 жыл.

– Мекемеде 23 жұмысшы бар. Жалғамыстың шетіне жаңадан салынған ауылдың екі көшесіне су бердік. Қалғанын жақын арада бітіреміз, – деді ол.

Мекеме прорабы Самат Ілебаевтың сөзінше, ауыл ішіне 32 километрлік құбыр тартылған.

– Жұмыстар 100 пайыз бітті. Негізінен Жалғамыс ауылының өз басында толық су бар. Ал жаңа ауылдағы үйлерге су жеткізілген жоқ, тек басты каналдарға ғана тартылды. Су жүргізуге 388 миллион 648 мың теңге бөлініп, толық жаратылды, – деді Самат Ілебаев.

Азаттық тілшісі ауылды аралаған кезінде құбыр жүргізу үшін қазылған жердің көбі көмілмей жатқанын көргенін айтып еді, Самат Ілебаев «оны екі-үш күнде бітіре саламыз» деп жауап берді.

Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2020 жылдарға арналып жасалған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына бюджеттен 1 триллион 300 миллиард теңге шамасында қаражат бөлу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында елді мекендердің 80 пайызын, қалалардың 100 пайызын ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG