Accessibility links

Оқушының «тегін асы» - кәсіпкерге салмақ


Шымкенте әлеуметтік жағдайы нашар әр оқушы мектепте тегін тамақтануы үшін бюджет есебінен күніне 147 теңге бөлінген. Асханаға ас-су жеткізуші кәсіпкер бұл қаражаттың шығынын да жаппайтынын айтады.

Шымкенттегі үш мектептің асханасын жалға алып, 8 жылдан бері балалардың тамағын әзірлеп жүрген Қайрат Кәрібаев - биылғы теңге девальвациясынан соң азық-түлік пен бензин қымбаттағалы шағын бизнесіне қауіп төнген жергілікті кәсіпкерлердің бірі. Ол үкімет қаулысына сәйкес тегін тамақтану хақын иеленген бастауыш сыныпта оқитын немесе әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан шыққан әр оқушының күндік тамағына қалалық бюджеттен бөлінген 147 теңге жетпейтінін айтады.

«Қазір азық-түліктің бағасы қымбаттады. Бензин болса тапшы. Ал қалалық білім бөлімі бекітіп берген ас мәзірін есептесеңіз, 147 теңге жұқ болмайды» дейді төрт жылдан бері үкімет белгілеп қойған бағаның еш өзгеріссіз тұрғанына налыған кәсіпкер.

«БАС ТАРТСА, СОТҚА БЕРЕМІЗ»

Шымкент қалалық білім бөлімі бас есепшісінің орынбасары Қарлығаш Атайбекованың Азаттыққа айтуынша, әр мектептегі оқушыларды ыстық тамақпен қамту құқығын кәсіпкерлер тендер арқылы жеңіп алған. Алғашында есеп бөлімі бір оқушының күндігіне кететін қаражатты 147 теңге емес, қалалық санэпидемстанциясының мамандарымен бірге 165 теңге деп есептеген. Күнделікті ас мәзірінің қанша тұратыны жөнінде қалалық кәсіпкерлік бөліміне хат жазып, анықтаған.

№28 мектеп асханасының аспаздары. Шымкент, 12 қыркүйек 2014 жыл.

№28 мектеп асханасының аспаздары. Шымкент, 12 қыркүйек 2014 жыл.

«147 теңге болу себебі мектеп асханасын жалға алушылардың барлығы – жеке кәсіпкерлер. Олар мемлекетке 12 пайыздық табыс салығын төлемейді. Сондықтан біз осы 12 пайызды ұстап, бюджетке жібереміз. Бағаның 165 теңгеден 147 теңгеге түсу себебі осында» дейді Қарлығаш Атайбекова.

Қазақстандық кәсіпкерлер мен ата-аналар мектептегі тегін тамақ сапасына қатысты ара-тұра шағымданып тұрады. Білім және ғылым министрлігі мектепте тамақтандыру бағасын әр аймақтағы нарыққа сәйкес етіп белгілеуді облыстық және қалалық білім беру департаменттерінің еркіне қалдырған.

Қарлығаш Атайбекованың сөзінше, белгіленген баға «тек қатты, қарқынды, көлемді инфляция болған жағдайда» ғана өзгереді.

«Кәсіпкер тендерге түсіп жатқанда барлық шарттармен танысып, келіскен. Сөйтіп келісім-шартқа тұрған. Сондықтан ол дәл қазір оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуден бас тарта алмайды. Бас тартса, ісі сотқа беріледі» дейді қалалық білім бөлімінің өкілі Азаттыққа.

«ШЫҒЫНДЫ ЖАППАЙДЫ»

Дегенмен Қайрат Кәрібаевтың өз есебі бар. Ол бір оқушының бір мезгіл ыстық тамағы үшін «кем дегенде 260 теңге қажет» деп біледі.

«Мәселен, 1 келі сиыр етінің орташа құны – 1мың 400 теңге. Ал бекітілген бір порция тегін тамақтың өлшемі – 320 грамм. Оның 100 грамы ет болса, 147 теңгенің 130-140 теңгесі тек етке жұмсалады. Шыққан шығынды мүлде жаппайды. Мемлекет бекітіп, өлшеген тамақты 147 теңгеге сату мүмкін емес. Бұған жалақы мен коммуналдық төлемді қосыңыз. Міне, осы шығынның бәрін кәсіпкерлер өз қалтасынан өтеп жатыр» дейді Қайрат Кәрібаев.

Кәсіпкер Қайрат Кәрібаев. Шымкент. 12 қыркүйек, 2014 жыл.

Кәсіпкер Қайрат Кәрібаев. Шымкент. 12 қыркүйек, 2014 жыл.

Шымкенттегі №28 мектептің аспазшысы Нұрсұлу Нұржанованың айтуынша, бұл мектепте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 82 балаға аптасына алты рет тегін тамақ беріледі. Мұның ішінде 76 балаға берілген ыстық тамаққа мемлекет бюджетінен қаражат бөлінсе, алтауы асхананы жалға алып отырған кәсіпкердің есебінен тегін тамақ ішеді.

«Әр күннің ас мәзірі әртүрлі. Мысалы, дүйсенбі күні сұйық тамақпен бірге нан, айран, салат дайындасақ, сейсенбі күні қою тамақпен бірге нан, салат, шырын беріледі» дейді Нұрсұлу Нұржанова Азаттыққа.

Дәл осындай мәзірді даярлап жүрген кәсіпкер Қайрат Кәрібаев «тегін астың» құнарын енді қанша уақыт өз қаржысының есебінен номаға сәйкес ұстап тұратынын айта алмайды. Бұл мәселенің қалай шешілетіні туралы сұраққа қалалық білім басқармасы да жауап бере алмады.

Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиевтің Азаттыққа айтуынша, қалада 128 мектеп бар. Онда 150 мыңға жуық бала оқиды. Оның 125-і − күндізгі, 3-еуі − кешкі мектеп. Мектептердің 93-інде асхана, 27-сінде буфет бар. Бесеуінде − асхана да буфет те жоқ.

«Қазір тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 7021 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Тамақтандыруға бюджет есебінен 94 111 590 теңге бөлінген» дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG