Accessibility links

«Диаспорамен айналысатын құзырлы орган керек»


Шыңжаңның Толы ауданындағы қазақтардың 10450 домбырашысы «Кеңес» күйін орындаған сәті. Қытай, 30 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шыңжаңның Толы ауданындағы қазақтардың 10450 домбырашысы «Кеңес» күйін орындаған сәті. Қытай, 30 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

ДҚҚ басшылығы соңғы уақытта шеттегі қазақ диаспораларымен мәдени-әлеуметтік байланыс орнатуға қатысты айтылып жүрген сыни пікірлерге қатысты Азаттыққа сұхбат берді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев Азаттық тілшісіне сұхбат беріп, ұйымның атқарып отырған қызметі мен құзыретінің шектеулі тұстары туралы әңгімелеп берді.

Азаттық: – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының шетелдегі диаспоралар арасында кіші құрылтайлар өткізу кезіндегі ұйымдастырушы рөлі жиі сыналып жүр. Биыл шілдеде Стамбулда ДҚҚ мен түркиялық диаспораның бір бөлігі жеке-жеке өткізген кіші құрылтайлар соның бір көрінісі ретінде сипатталды. Мұндай дауды болдырмас үшін кіші құрылтай өткізу құзыреті неге сол шетелдердегі қазақ диаспораларына біржола тапсырылмайды?

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев. Алматы, 4 қыркүйек 2014 жыл.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев. Алматы, 4 қыркүйек 2014 жыл.

Сұлтанәлі Балғабаев: – Шетелдегі қазақ диаспоралары кіші құрылтай өткіземіз десе оған ешкім шектеу қоя алмайды. Кіші құрылтайды қалай өткізу жөнінде тапсырма беруге Қазақстанның құқығы жоқ. Оны өзара келісіп те, бөліп өткізуге де болады. Меніңше, «Түркияда қазақтың екі құрылтайы өтті» деген үлкен проблема емес, ең үлкен проблема – Түркияда әлі күнге дейін бір қазақ мектебі мен ондағы қазақ қоғамдарының ауызбірлігінің жоқтығы. Басқа да проблемалар көп.

Азаттық: – Стамбулда өткен кіші құрылтай кезінде «қазақ тілі мен мәдениетін таныстыру» үшін тіл үйретіп, ертегі оқып, тіпті әлди айтатын «электронды киіз үй» атты шағын құрылғыны таныстырдыңыздар. ДҚҚ басшылығы жиын кезінде әлгі құрылғының коммерциялық жарнамасын жасап, түркиялық қазақтарға «оптом сатып алсаңдар арзанға түседі» деді. Мемлекеттік түрлі пиар жобаларға қомақты қаржы бөліп келе жатқан бас демеуші «Самұрық Қазына» қоры жаңағы «электрондық киіз үй» сувенирін Түркиядағы аз санды диаспораның жас аналарына тегін сыйлық ретінде тарту ете алмас па еді? Мұндай мүмкіндікті қарастырмадыңыздар ма?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Бірден айтайын, электрондық киіз үйді жасаған қауымдастық емес. Оған үкімет те, «Самұрық Қазынаның» да қаржысы бөлінген жоқ. Оны жасағандар – Қытайдан келген екі жас өнертапқыш жігіт. Біз оларға қауымдастықтың ғимаратынан бөлме бердік. Екі жігіт сол үшін көп еңбектенді, қаржысын шығарды. Еңбегін сатқанның несі айып? Әрине, электрондық киіз үй мемлекет қаржысына шығарылған болса онда сөз бөлек.

Азаттық: – ДҚҚ өткізетін кіші құрылтайларда Қазақстан президентінің жолдауын түсіндіру және «Қазақстан – 2050» бағдарламасы сияқты саяси құжаттарды таныстыру, «Нұр Отан» партиясының демеушілігін, өкілдерін, платформасын насихаттай кету байқалады. Бұл жайт та диаспора өкілдерінің сынына ұшырап жатады. Шетелдегі қазақтар Қазақстан азаматтары емес, егер азамат атанған күннің өзінде оларға конституция бойынша өз еркімен саяси таңдау жасау құқығы берілген. Құрылтай жұмысына мұндай саяси үгіт-насихат араластыру қаншалықты қисынды?

Сұлтанәлі Балғабаев: – Мақсатымыз «Қазақстан – 2050» бағдарламасын қазақ диаспорасының санасына тықпалау емес. Шетелдегі қазақ диаспораларымен байланыс жасау, этникалық қазақтарды көшіру жұмыстары да осы бағдарламаға еніп, заң және қаржымен жүзеге асады. Қазір үкімет қолға алып отырған негізгі бағдарлама болғандықтан біз де оны («Қазақстан – 2050» – ред.) өз жұмысымызда пайдалануымыз керек. Үкіметке сөзімізді өткізетін, қаржы көзін табатын жол – осы бағдарлама. Кез-келген елде үкіметтен қаржы шығару үшін оның саясатымен есептеспесе болмайды. Ал енді стратегияңды қоя тұр, бізге тек мынадай қаржы бер десек, үкімет бізді тыңдай ма? Сондықтан оны шетелдердегі қазақ диаспораларымен байланыс туралы жаңадан жасап жатқан тұжырымдамаға да қостық.

Азаттық: – ДҚҚ қал-қадарынша «Атажұрт» баспасы арқылы, түрлі мәдени іс-шаралар өткізу арқылы қазақ диаспораларын ел ішінде танытуға тырысып келеді. Сіздің ойыңызша қазірге дейін жасалған ең сүйекті жобалар қайсы, һәм жасауға мүмкіндік болмай, бірақ ойда тұрғандары бар ма?

Сұлтанәлі Балғабаев: – 1992 жылы қауымдастық қағаз жүзінде құрылғаннан басы-қасында жүрмін. Содан бері «Шетелдегі отандастарды қабылдауды қолдау туралы» мемлекеттік бағдарлама екі рет қабылданды, екеуін де осы қауымдастық ұсынды. Одан өзге көші-қон туралы заңдарды жасауға қатыстық. Мәселен, қазір қазақстандық жоғары оқу орындарына дайындық бөлімінде 1500 бала оқиды. Соларды алғаш рет әкеліп, ережесін жасаған да біз едік. Жыл сайынғы білім гранттарына да қазақ диаспоралы үшін екі пайыз қостырдық. Айта берсе көп қой.

Азаттық: – Шетелдегі қазақ диаспораларын айтпағанда Қазақстандағы азаматтардың да көпшілігі ДҚҚ-ны қазақ диаспорасының мәселесін шешумен шұғылданатын жалғыз ұйым ретінде қабылдайтыны байқалады. Диаспоралар мәселесін шешуде қауымдастықтың құзыреті қандай?

Біз де қаржыны тендер арқылы аламыз. Оның өзі ештеңе шешпейтін азын-аулақ қаржы. Қауымдастық алуға тиісті қаржыны кейде тендер кезінде айдаладағы біреулер ұтып жатады.

Сұлтанәлі Балғабаев: – Солай қабылдайтыны рас. Бірақ ДҚҚ – ешқандай құзыреті жоқ қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін үкіметтен бізге бір тиын да қаржы бөлмейтінін көпшілік білмеуі мүмкін. Біз де қаржыны тендер арқылы аламыз. Оның өзі ештеңе шешпейтін азын-аулақ қаржы. Қауымдастық алуға тиісті қаржыны кейде тендер кезінде айдаладағы біреулер ұтып жатады. Мысалы, осы ұйымнан 10 жылдан бері шығып келе жатқан «Алтын бесік» журналы үшін бөлінетін тиісті қаржыны биыл басқа бір басылым тендерден жеңіп алыпты. Кіші құрылтайға байланысты Түркиядағы дау да осы қаржыдан шыққан. Түркиялық диаспора қауымдастықтан ұйымдастыру үшін қаржы сұрайды. Үкімет ақша бермесе қауымдастық оны қайдан алады?

Қауымдастық төрағасының орынбасары ретінде алатын жалақымды айтсам күлуің мүмкін. Сондықтан ең бірінші қауымдастықтық жұмысын қаржыландыру мәселесін шешу керек. Не болмаса кез-келген министрлікке сөзін өткізе алатын жаңадан құзырлы мекеме құрылуы керек. Бұл мәселені үкіметке қауымдастықтың жаңадан ұсынып отырған тұжырымдамасына қостым. Қазір шетелдегі қазақ диаспоралары мәселесімен айналысатын үш министрлік бар. Одан басқа да бұл мәселенің кейбір тұстары тағы 4-5 министрлік пен жергілікті әкімшіліктерге жүктелген. Оралмандар мәселесімен айналысатын орындар да әр жерде шашырап жүр. Соның бәріне үйлестіруші керек, қауымдастықтың қазіргі құзыры оған мүлде жетпейді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG