Accessibility links

Білім министрі өз қызын балабақшаға қалай алғанын айтты


Балабақшада ойнап жүрген балалар. (Суретті Тұрлыбек Амантайұлы есімді оқырман жолдаған)
Балабақшада ойнап жүрген балалар. (Суретті Тұрлыбек Амантайұлы есімді оқырман жолдаған)

Министрдің жоғары қызметке тағайындалған соң ғана өз баласын балабақшаға орналастырғаны жайлы айтқан сөзі қоғамдық белсенділер мен ата-аналардың жанды жеріне тиді.

Желтоқсанның 9-ы күні білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Қазақстан парламентіндегі үкімет сағатында сөйлеп тұрып, көптеген қазақстандықтың көкейіндегі балабақша мәселесін ата-ана ретінде жаңа қызметке ауысқан соң қалай шешкені туралы айтып қалды.

– Өзім де ата-анамын. Үш жарым жыл кезекте тұрдық. Бірақ Құдай жарылқап, бұл мәселе шешілді. Мен министр болып тағайындалысымен балабақшадан орын алдық. Қызметімнің бір пайдасы осы болды, – деді білім және ғылым министрі.

«КЕЗЕГІ ЖЕТПЕЙТІН БАЛАБАҚША»

Бірақ министрлік қызметтің пайдасын көру бұйырмаған мыңдаған қазақстандық, әсіресе, Астана мен Алматы сияқты ірі қала тұрғындары балабақша кезегінің ұшы көрінбейтінін айтып налиды.

– Ал біздің баламыз ақыры балабақшаға бара алмады. Мемлекеттік балабақшаның кезегі жетпеді, жекеменшік балабақшаларға айына 45 мың төлеп апарып жүрдік, бірақ оның өзі бала саны жеткіліксіз болғандықтан бірде істеп, бірде істемеді. Сөйтіп жүргенде мектеп жасына толып қалды, – дейді Азаттық тілшісімен сөйлескен алматылық Айгүл Сарбалаева.

Министр Аслан Сәрінжіповтың пікірінше, балабақша республика бойынша, соның
Аслан Сәрінжіпов "Назарбаев университеті" президенті кезінде. Астана, 8 қазан 2010 жыл.
Аслан Сәрінжіпов "Назарбаев университеті" президенті кезінде. Астана, 8 қазан 2010 жыл.
ішінде Астана қаласында ерекше тапшы.

– Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы мен Алматы қалаларында республикалық бюджеттен қаржы бөлмейінше бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан бюджет есебінен балабақша салу жайын көтермекпіз, – деді ол парламентте сөйлеп тұрып.

«Шаңырақ» республикалық қоғамдық басқармасының төрағасы Махамбет Әбжан – балабақша тапшылығы туралы мәселені үкімет орындарының алдында жиі көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Ол да Астанадан екі кішкене баласын орналастыратын балабақша таба алмағанын айтады.

– Үш жасқа толған үлкен қызым шамамен 1200-бала болып кезекте тұр. Бәлкім келер жылы кезек келіп қалар. Егер балабақша кезегі дәл осы қарқынмен жылжитын болса, онда кіші балам мемлекеттік балабақшаға бара алмайтынына қазірден көзім жетіп отыр, – дейді ол.

Соған қарамастан Махамбет Әбжан жетекшілік ететін қоғамдық ұйым «Бота» қайырымдылық қорының қолдауымен жағдайы қиын отбасылардың балаларына арналған «Қобыланды» атты шағын орталық ашқан. Қазір «Қобыландыға» 45
«Шаңырақ» республикалық қоғамдық басқармасының төрағасы Махамбет Әбжан. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл.
«Шаңырақ» республикалық қоғамдық басқармасының төрағасы Махамбет Әбжан. Алматы, 14 ақпан 2013 жыл.
бала тегін барып жүр. Әйткенмен мұндай орталықтар ілуде біреу кездеседі. Мемлекеттік балабақшаның кезегі жетпеген көптеген ата-ананың қалтасы жекеменшік балабақша ақысын көтермейді. Сол себепті белсенділер балабақша мәселесін қайырымдылық қорлар емес, мемлекет өзі мойнына алуы тиіс деп санайды. Олар жекеменшік балабақшаларды жартылай бюджет есебінен қаржыландыру керек деген ұсыныс айтып келеді.

Махамбет Әбжан бұл ұсынысын Аслан Сәрінжіповтің өзіне де жеткізгенін, «Шаңырақ» және «Бірлік» ұйымдары бірігіп, Астана әкімдігіне де бірнеше рет хат жолдағанын айтады.

– Біз тек сын айтпай, нақты ұсыныс жасадық. Егер осы ұсыныс орындалса, онда балабақша тапшылығы жойылуы мүмкін. Аслан Сәрінжіпов өз баласын ғана орналастырмай, басқа балалардың да мәселесін шешуі керек, – дейді ол.

«ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАНЫҢ СЕПТІГІ ТИГЕН»

Азаттық жыл сайын ұзарып бара жатқан мемлекеттік балабақша кезегі туралы осыған дейін де бірнеше рет жазған еді. Биыл маусым айында Алматыдағы №18 мемлекеттік «Ер Төстік» балабақшасының меңгерушісі Эльмира Сейітжанова өз мекемесіне кезекке тұрғандардың саны 200-ге жеткенін, бірақ 25 бала ғана қабылдайтын мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын.

Алматы қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі Әлия Сағиеваның биыл маусым айындағы дерегінше, қала
Балабақшада тамақ ішіп отырған балалар. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
Балабақшада тамақ ішіп отырған балалар. Алматы, 11 маусым 2013 жыл.
бойынша 48 мың ата-ана балабақшаға кезекте тұрған. Алматыда барлығы 152 мемлекеттік, 117 жекеменшік балабақша бар. Жекеменшік балабақшалар қымбат болса да, қаладағы балабақша мәселесін шешуге біршама септігін тигізген. Биыл ғана Алматыда 16 жаңа жекеменшік балабақша ашылған.

Қазақстан үкіметі мемлекеттік балабақша тапшылығын көріп отырған, әлеуметтік жағдайы жекменшік қымбат балабақшаны көтермейтін кейбір ата-анаға «Балапан» атты арнайы бағдарлама бойынша 2010 жылдан бастап жәрдем бере бастады.

– Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша жекеменшік балабақшаларға баратын әр балаға айына 40 мың теңгенің үстінде ақы белгіленеді. Оның жартысына жуығы бюджеттен бөлінеді, қалғанын ата-анасы төлейді, – дейді Әлия Сағиева.

Яғни мемлекет жекеменшік балабақшаларды «Балапан» бағдарламасы бойынша орналастырылған әр баладан 40 мың теңге төңірегінде ғана алуға міндеттейді. Бірақ мұндай жеңілдікке қол жеткізу үшін ата-аналар әуелі мемлекеттік балабақшаға кезекке тұруы керек.

2010 жылы Қазақстан үкіметі балабақшамен қамтамасыз етуді көздейтін «Балапан» бағдарламасын қабылдаған еді. Бұл бағдарлама бойынша биыл кезекте тұрған балалардың 65 пайызы балабақшаға орналастырылуы тиіс болатын. Бірақ бір Алматы қаласының өзінде биыл күзде кезекте тұрғандардың тек 25 пайызы ғана балабақшадан орын ала алды.
XS
SM
MD
LG