Accessibility links

Кері шақырылған дипломат министрлікті сынайды


Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек (оң жақта). Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек (оң жақта). Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстаның Сириядағы консулы билікке жазған ашық хатын Азаттыққа жолдап, «елшінің араласуымен сыртқы істер министрлігі қызметінен заңсыз кетіріп жатқанын» хабарлады. Министрлік мұны «жоспарлы ротация» деп түсіндіреді.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосында консул дәрежелі дипломаттың қызметінде отырып елшілік пен министрлікті ашық сынауы – сирек болатын оқиға. Дипломат ретінде 20 жылдық еңбек тәжірибесі бар Бабыр Дәуренбек осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтады.

Сириядағы саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Дамаскіден Иордания астанасы Амманға көшірілген консул елшімен жараспай мамырдың басында Астанаға ротациямен кері шақырылған. Алайда ол өзінің «қызметінен заңсыз алынып жатқанын», «министрліктен түсіндірме ақпарат алғанша ешқайда кетпейтінін» айтады. Мамырдың 14-і күні Азаттыққа жолдаған ашық хатында дипломат сыртқы істер министрлігінің кадр саясатын және кейбір Қазақстан елшіліктеріндегі жұмыстың ұйымдастырылуын сынайды.

КҮТПЕГЕН ҮНДЕУ

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Бабыр Дәуренбек Қазақстанның Иорданиядағы елшісімен арада туған қызметтік келіспеушілік жұмыстан босауына себеп болғанын айтты. Ол өзін «шындықты айтып, жүйеге қарсы шыққан адам» ретінде сипаттайды, дипломатиялық қызметке орналасу кейінгі жылдары «тамыр-таныссыз мүмкін болмай бара жатқанын» айтады. Дипломаттың сөзінше, Қазақстанның Египет, Сауд Арабиясы, Иран, Өзбекстан және Иорданиядағы елшіліктерінде жұмыс істеп, сыртқы істер министрлігінде 20 жылдан астам қызмет еткен тәжірибесі Сирияға консул қызметіне баратын қызметкер іздеген кезде министрлікке қажет болған.

- Сирия сияқты саяси жанжалы көп елдерге барғысы келетін елшілер аз. Содан соң маған ұсыныс жасады. Қызмет сатысы бойынша өскім келетіндіктен келістім. Сирияда жүрген Қазақстан азаматтарын үш жыл бойы эвакуацияладым, жұмыс бойынша ескерту алмадым, керісінше марапатталдым. Соның бәрі ескерілмей Иорданиядағы Қазақстан елшісі Азамат Бердібайдың талабымен мені қызметтен кетірмекші. Ең бастысы – сыртқы істер министрлігінен келген хатта не себептен кетірілетінім көрсетілмеді, - дейді ол.

Бабыр Дәуренбектің айтуынша Сирияда соғыс басталған соң Дамаскідегі консулдық іргелес Иордания астанасы Амманға көшіріліп, Қазақстан елшілігінің жанындағы ғимараттардың біріне орналасқан. Елшілік жұмыстары бойынша өзара көмек көрсетіп келген. Ол «елші қызметіне Азамат Бердібай келгелі Сириядағы консулдың міндетіне жатпайтын тапсырмалар жиі беріле бастағанын» айтады. Консулдың сөзінше, біртіндеп өз құзыретіне жатпайтын тапсырмаларды орындаудан бас тартқанда елшіден «қызметіңнен кетіремін» дейтін қоқан-лоқы сөз жиі ести бастаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты. Астана, 16 қазан 2011 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты. Астана, 16 қазан 2011 жыл.

Бабыр Дәуренбектің айтуынша Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Азамат Бердібай Ливан, Ирак және Палестинадағы елші қызметін қоса атқарады, бірақ Сирияға қатысы жоқ.

- Дипломаттар елші не айтса соны істеуге мәжбүр. Тіпті жеке шаруаларды да қызметкерлерге тапсырады. Мен ондай тапсырмаларды орындаудан бас тартқан соң Сирияға қатысты Астанадан келген құжаттарды маған көрсетпеуге тырысатын болды. Оны өзіне айтқанымда одан сайын ашуланып, Астанаға «елшінің тапсырмаларын орындамайды» деген хат жазды. Президент сайлауы қарсаңында райынан қайтқандай болған, сайлау біткен соң өзгерді. Сөйтіп 4 мамырда Астанадан «Сириядағы консул орталыққа қайтарылсын» деген хат келіп түсті. Қайтуға дайынмын. Бірақ мені қайтарудың қандай тәртіптік, құқықтық негізі бар екенін министрлік айтуы керек, әуелі тексеруі керек емес пе? - дейді ол.

Бабыр Дәуренбектің сөзінше сыртқы істер министрлігі басшыларының бірі «шу шығармай орталыққа қайт, қызмет тауып беремін» деп уәде берген. Ол сыртқы істер министрлігінен кеңсе қызметі табылса да, «өзінің қарсы шыққанын жетекшілік енді ұмытпайды, біртіндеп әкімшілік ресурстармен таптап тастайды» деп қауіптенеді.

- Сондықтан шегінетін жолым жоқ, қажет болса, соттасуға дайынмын, - дейді ол.

«ЖОСПАРЛЫ РОТАЦИЯ»

Азаттық тілшісі Бабыр Дәуренбектің мәлімдемелеріне қатысты пікірін білмек болып Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Азамат Бердібаймен телефон арқылы сөйлескен еді. Алайда елші «мәселені сыртқы істер министрлігінен сұрау қажеттігін» айтты.

Бабыр Дәуренбек жоспарлы ротация негізінде шет елдердегі мекемеден орталыққа қайтарылады.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Азаттық тілшісінің сұрағына жазбаша жауап берді. Оның жазуынша, «Дипломатиялық қызмет туралы» заң бойынша сыртқы ротация жүзеге асырылады, яғни дипломаттар сыртқы iстер министрлiгiнен шет елдердегi мекемелерге және шет елдердегi мекемелерден сыртқы iстер министрлiгiне ауыстырылады. Осыған орай, Бабыр Дәуренбек жоспарлы ротация негізінде шет елдердегі мекемеден орталыққа қайтарылады».

2002 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңның ротация туралы 15-бабында «Дипломатиялық қызмет персоналының шет елдердегi мекемелерде атқарған үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс».

Қазақстаның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек бұл қызметке 2012 жылы тағайындалғанын айтады. Аталған баптың жалғасында «Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен сол адамның келiсiмi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкiн, бiрақ ол бiр жылдан аспауға тиiс» екендігі айтылған.

«БҰРЫННАН БАР ДӘСТҮР»

Азаттық тілшісі Қазақстанның кері шақырылған Сириядағы консулы көтерген келеңсіз жайттардың шындыққа қаншалықты жанасатынын бұрынғы дипломат, сарапшылардан сұрап көрді.

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Бұрынғы дипломаттар Қазбек Бейсебай мен Расул Жұмалы «дипломатты қызметінен босатқанда тиісті түсіндірме берілуі тиістігін, алайда Қазақстанның Сириядағы консулының шағымдарына ұқсас жағдайлар бұрын да болғанын, әлі де жалғасып келе жатқанын» айтады.

Қазбек Бейсебай елшіліктегі шағын ұжымның ішінде жеке адамдардың мінез-құлық факторы да қызметке әсер ететінін ескеру керек деп есептейді. Оның айтуынша, себепсіз қызметтен босату - тек сыртқы істер министрлігінде емес, Қазақстанның басқа да мемлекеттік қызмет орындарында бар жағдай, «елшіліктер соның бір көшірмесі ғана», сондықтан оған таңғалудың қажеті жоқ. Сарапшы «себепсіз қызметінен босатылған дипломаттардың бірі ретінде» өзін атады.

- Франция елшілігінде дипломатиялық қызметте жүргенімде жаңа елші келді де мені жұмыстан босатты. Қызмет бабы бойынша ескерту алмаған едім. Сөйтіп сыртқы істер министрлігінен біржола кетуге мәжбүр болдым. Әйтпесе кетемін деген ой менде болған жоқ, - дейді ол.

Араб елдерінде бірнеше жыл дипломатиялық қызмет атқарған Расул Жұмалы да осыған ұқсас пікірде.

Расул Жұмалы.

Расул Жұмалы.

- Қазақстанның Иорданиядағы елшісін де, Сириядағы консулын да танимын. Бабыр Дәуренбекпен бірге жұмыс істегенмін. Кәсіби дипломатиялық қызметіне төмен баға бере алмаймын.Тәжірибелі дипломат бола тұра көпшілікке айтылмайтын жайттарды жайып салуына қарағанда әрі қарай төзе алмайтын проблемалар көбейгенге ұқсайды, - дейді ол.

Расул Жұмалының сөзінше, дипломатиялық қызмет туралы заңға сәйкес Қазақстанның елшілері немесе дипломаттары орта есеппен үш жыл жұмыс істеуі керек, содан соң министрлікке қайтып, дәл сондай мерзім сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген соң барып қайтадан шетелге қызметке кете алады. Бұл талап «дипломаттар елдегі жағдайдан қол үзіп қалмауы үшін» қойылған.

- Өйткені үш-төрт жыл бөгде елде жүрген дипломат сол елге сіңісіп, сол елдің ойымен ойлай бастайды. Бірақ мұндай талап біреуге жүргенмен, біреуге жүрмейді. 10-15 жылдан бері Қазақстанға оралмай жүрген елшілер де бар, - дейді Расул Жұмалы.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG