Accessibility links

«15 шаршы метрге – 1 адам тіркеу» ережесі Астанаға таяп қалды


Астана тұрғындары. (Көрнекі сурет)
Астана тұрғындары. (Көрнекі сурет)

Астана тұрғыны үйіне артық адам тіркегені үшін айыппұл төлегенін айтады. Ал көші-қон полициясы «әлі ешкімге ондай айыппұл салған жоқпыз» дейді.

Астана тұрғыны Индира Тұрсынбай «үйге артық адам тіркелгені үшін жаппай айыппұл салынып жатыр екен, әр 15 шаршы метрге бір адам ғана тіркелуі керек» деген қауесетті естіп өз шағын ауданындағы қалалық ЦОН-ға (халыққа қызмет көрсету орталығына) барғанын айтады.

«EXPO-ҒА ДАЙЫНДЫҚ»

Индираның Азаттыққа айтуынша, үйіне ата-енесі, туған-туысы, бауырлары мен достары (барлығы 14 адам) тұрақты тіркеуде тұрғанымен, шын мәнінде олардың тұрғылықты мекен-жайлары бөлек. Қазақстанның ірі қалаларында үйдің кезегінде тұрған, я әлі жеке баспанасы жоқ адамдар жұмысқа тұруы үшін туыстары мен таныстарының үйіне тіркеледі.

Индира Тұрсынбай әлеуметтік желіге "Астана ЦОН-ындағы айыппұл салған қызметкерлер" деп жариялаған сурет. 14 ақпан 2014 жыл.
Индира Тұрсынбай әлеуметтік желіге "Астана ЦОН-ындағы айыппұл салған қызметкерлер" деп жариялаған сурет. 14 ақпан 2014 жыл.
«ЦОН-да отырған көші-қон полициясының өкілінен сұрап едім: «Рас, қазір бәріне айыппұл салып жатырмыз, тезірек түсініктеме жазыңыз» деп түсініктеме жаздырды. 10 мың теңге айыппұл төледім» дейді Индира Тұрсынбай.

Ол үйлеріне артық адамды тіркеуге тұрғызған өзге екі әйелдің де оның көзінше көші-қон полициясына айыппұл төлегенін айтады.

«Айыппұл төлеген соң «Заңның қай бабында айыппұл туралы жазылған?» деп сұрасам: «Заңда ондай норма жоқ, бірақ біз сізді сөзіңізден ұстап алдық» дейді. Сонда көші-қон полициясы қызметкерлерінің бұл әрекеті қаншалықты заңды» деп таңданады Индира Тұрсынбай.

Азаттық тілшісі бұл айыппұл қандай заңға сүйенгенін білмек болып, Астана қалалық көші-қон полициясына хабарласты.

«Астанада 2017 жылы өтетін «EXPO» халықаралық көрмесіне байланысты ондай шешім дайындалып жатыр. Бірақ қалалық мәслихаттың шешімі әлі қабылданған жоқ. Сондықтан әзірше ешкімге айыппұл салған жоқпыз» деп жауап берді аты-жөнін айтудан бас тартқан полиция өкілі.

АЛМАТЫДА ҒАНА БАР НОРМА

Үйлер мен пәтерлерге тұрғындарды белгіленген норма бойынша ғана тіркеу жайлы шешім Алматы қаласында 2010 жылы қабылданған болатын. Бұл шешімді мақұлдаған қалалық мәслихат «қаладағы баспана мәселесін реттеу мақсатын көздегендерін» айтқан.

Алматы қалалық көші-қон полициясының қызметкері Ержан Алтаевтың сөзінше, қалада 2014 жылдың басынан бері «әрбір адамға 15 шаршы метрден кем орын болмау керек» деген ережені бұзған 64 адам әкімшілік жазаға тартылған.

«Басқа қалаларда мұндай шешім әлі қабылданған жоқ. Сондықтан «15 шаршы метрге – бір адам» деген қағида әзірге тек алматылықтарға ғана тиесілі» дейді қалалық көші-қон полициясының қызметкері Ержан Алтаев.

Астана көшелерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Астана көшелерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Оның айтуынша, «тұрақты тіркелген адам міндетті түрде сол тіркелген жерінде тұруы тиіс».

«Ол адам тіркелген жерінде тұрмаса, яғни қағаз жүзінде ғана тұратын болса, онда үй иесіне 15 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 1852 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Екінші мәрте қайталанса, онда айыппұл көлемі 25 АЕК болады. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 377 және 378 баптары негізінде жүзеге асады» дейді Ержан Алтаев.

Тұрғындарды тіркеу және құжаттандыру жұмысы әділет министрлігінен ішкі істер министрлігінің қарамағына өткеннен бері азаматтарды тіркеуге байланысты тәртіп те қатайған. Тұрғылықты жері бойынша тiркелмеген адамға әуелі 5 АЕК, бір жыл ішінде тағы осылай заң бұзса 10 АЕК айыппұл төлету жазасы да бар.
XS
SM
MD
LG