Accessibility links

Қазақстанға келуші оралмандар азайып барады


Оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанға сырттан көшіп келетін этникалық қазақтардың саны жыл сайын кеміп барады. Оралмандар ұйымдары «болашақта көш тоқтап қалуы да мүмкін» деген қауіп айтады.

1990 жылы шетелдегі қазақтардың Қазақстанға көшуі басталған кезде сол істің басында жүрген азаматтардың бірі – Сағат Зақанқызы. Оның айтуынша, Қазақстан 1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап үлгергенше – бір жылда бұл елге Моңғолиядан 11 мың адам көшіп келген.

– Бірақ әуелі сырттағы қазақтарды құшақ жая қарсы алған қазақ үкіметі уақыт өте келе біртіндеп келушілердің санын азайта түсті, – дейді ол.

Артықбай Үкібаев, Қазақстан оралмандар одағының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

Артықбай Үкібаев, Қазақстан оралмандар одағының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

«Оралмандар» қоғамының төрағасы Артықбай Үкібаев та соңғы жылдары Қазақстанға өзге елдерден көшіп келуші қазақтар азайғанын, оның бірнеше себебі бар екенін айтады.

– Елде болып жатқан кейбір әлеуметтік қақтығыстарды оралмандардан көру, квотаға бөлінген қаражаттарды тоқтатып тастау, кейбір жергілікті жерлердегі алаяқтық әрекеттерді де сырттан келген қазақтардың атына жаба салу секілді жағдаяттар сырттан көшіп келушілердің легін азайтып отыр, – дейді ол.

Ресми есеп бойынша 1991 жылдан бері Қазақстанға шет елдерден миллионға жуық адам қоныс аударған, олардың 700 мыңнан астамы – этникалық қазақтар. Артықбай Үкібаев бұл сандағы оралмандар үлесі кеми береді деп қауіптенеді.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША ҚАЗАҚ КЕЛДІ?

Қазақстанға сырттан көшіп келетін оралмандардың жылдан жылға азайып бара жатқанын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған көші-қон комитетінің бас сарапшысы Марат Тоқсанбаев та растайды.

Оның дерегінше, Қазақстанға 2011 жылы – 47 112 адам, 2012 жылы – 39 401 адам, 2013 жылдың тоғыз айында – 21 949 адам көшіп келген.

Қытайдан келген оралман Жамал Қызыр. Алматы, 21 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайдан келген оралман Жамал Қызыр. Алматы, 21 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Марат Тоқсанбаевтың сөзінше, соңғы бірнеше жылда Қазақстанға көшіп келушілердің көбі – Өзбекстан мен Қытайдағы қазақтар.

– 2011 жылы көшіп келгендердің 64 пайызы – Өзбекстаннан болса, 25 пайызға жуығы – Қытайдан келгендер. 2012 жылы көшіп келгендердің 67,7 пайызы – тағы да Өзбекстаннан болса, 27 пайызы – Қытайдан. Ал 2013 жылы көшіп келгендердің 70 пайызы – Өзбекстаннан болса, 22 пайызы – Қытайдан келген қазақтар. Басқа елдерден көшіп келушілердің үлесі үш-төрт пайыздан аспайды, – дейді көші-қон комитетінің бас сарапшысы Марат Тоқсанбаев

Қазақстанға 2011-2013 жылдары келген оралмандар қай өңірде көбірек тұрақтаған?


Қазақстан премьер-министр Серік Ахметовтің дерегінше, елге соңғы 22 жылда 910 600 адам (240 мың отбасы) қоныс аударған.

Қазан айында бір топ парламент депутатының сауалына орай берген жазбаша жауабында премьер жұртшылықтың назарына ілінген, қазір сенат қарауында жатқан «Еңбек көші-қоны туралы» заң жобасы қамтитын өзгерістерді де айта кеткен.

Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. (Көрнекі сурет)

Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. (Көрнекі сурет)

«Қазір Қазақстан үкіметі оралмандарды тиімді орналастыру, өңірлерді айқындау, оралмандар квотасын, квотаға енгізілгендер үшін төленетін ақшалай төлемді белгілеуді алып тастау, Қазақстан азаматтығын ел аумағында бес жыл заңды негізде тұрақты тұрып жатқан этникалық қазақтарға беруді көздейтін этникалық көші-қон саласын реттейтін жаңа тәсілдерді реттеп жатыр» деп жазылған Серік Ахметовтің жауабында.

Сенатта қаралып жатқан «Еңбек көші-қоны» туралы заң кейбір азаматтардың «бұдан былай Қазақстанға көшіп келетін қазақтар азаяды» деген қаупіне себепші болды. Заң жобасы бойынша оралмандар квотасы жойылып, оның орнына басқа бірнеше әлеуметтік жеңілдік енгізу қарастырылған. Жаңа ұсынысқа сәйкес шетелдік иммигрант дәрежесінен жоғары статусқа ие болса да оралмандар азаматтық алу үшін 5 жыл күтуге тиіс болады.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG