Accessibility links

Балалар «7 километр жердегі» мектепке барып жүр


​Қызылорда облысындағы Әйтеке би кентінің тұрғындары «мектепті айдалаға апарып тастаған» билікке наразы. Ал әкімдіктің сөзінше, мектеп жаңа шағын ауданға салынған.

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 170-мектептің 6-сыныбында оқитын Тәңірберген Данияр ауыл сыртында жаңадан салынған оқу ғимаратына жетуі мұң екенін айтады.

– Таң қараңғысында ерте тұрып, мектепке таситын автобусқа шығамыз. Автобусқа сыйғандары сыйып, сыймағандары қалып қояды, – деді Тәңірберген Данияр Азаттық тілшісіне.

«ЕСКІ МЕКТЕП ОРНЫНА 350 БАЛАЛЫҚ МЕКТЕП САЛСЫН»

Тәңірберген Данияр оқитын 170-мектептің кент орталығындағы бұрынғы ғимараты апатты жағдайда болғандықтан қиратылып, ауыл сыртына жаңадан салынған. Бірақ тұрғындар жаңа мектептің алыста екенін айтып шағымданады.

– Ескі мектеп құлатылып, орнына жаңа мектепті бұл жерге емес, қаланың шетіне, жеті шақырым қашықтыққа апарып салды. Балаларымызды ол жаққа жіберуге қорқамыз. Өйткені қаланың сыртында ит-құс жүреді. Сондықтан бұрынғы мектептің орнына ауыл ішінен 350 балалық мектеп салып берсе жетеді, – дейді Әйтеке би кентінің Ардақ Садықова есімді тұрғыны.

Әйтеке би кентіндегі170-мектептің ескі ғимараты. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

Әйтеке би кентіндегі170-мектептің ескі ғимараты. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

​Әкімшіліктен бөлінген екі автобус сабақ басталғанша балаларды 170-мектепке тасып үлгермейтінін айтқан тұрғындар «6-7 жасар балалар сабақтан қалып қоймас үшін таңғы сағат алтыда тұрып қоғамдық көлік күтуге мәжбүр» екеніне наразы.

170-мектептің бұрынғы ғимараты кент орталығындағы Достық көшесінің бойында болған. Тұрғындар «шенеуніктер ескі мектептің орны жаңа мектепке тар деген уәжбен ол жерді кәсіпкерге беріп, жеке балабақша ашпақ» екенін айтады.

– Орталықта болған соң жерді өздері иеленіп алғысы келеді. Әйтпесе бұл жерге мектеп салдың не, 60 орындық балабақша салдың не – бәрібір емес пе, – дейді Әйтеке би кенті тұрғындарының бірі Сақташ Жақсылықов.

«ОРТАЛЫҚТА ОНСЫЗ ДА БІР МЕКТЕП БАР»

Орталықта тұратын оқушыларды кент шетінде жаңадан салынған 170-мектепке тасуға екі автобус аздық ететінін мектеп директоры Нұрлан Имашев та растады.

Нұрлан Имашев 170-орта мектеп директоры. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

Нұрлан Имашев 170-орта мектеп директоры. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

– Осы мәселеге байланысты аудандық мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтті. Енді бізге үшінші автобусты шығарып берсе, басқа мәселе туындамас еді, – дейді мектеп директоры.

Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Ғабит Бәймішевтің сөзінше, «жуықта 170-мектеп оқушыларын тасымалдауға үшінші көлік шығады».

170-мектептің жаңа ғимараты «кенттің сыртында емес, жаңа шағын ауданда тұрғанын» айтқан Ғабит Бәймішев:

– Ал орталықтағы шағын ауданда 170-мектептің орнына мектеп салудың қажеті жоқ. Өйткені ол жерде 1 мың 200 балаға арналған 234-мектеп бар. Ескі мектептің орнына жаңа мектеп салғанмен ертең оқушыға толтыра алмаймыз. Сондықтан 600 орынды мектепті жаңа шағын ауданға салдық, – деді Азаттық тілшісіне.

Ол тұрғындардың «әкімшілік бұрынғы мектептің орнына жекеменшік балабақша салдырмақ» деген уәждеріне:

Әйтеке би кентіндегі 170-мектептің жаңа ғимараты. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

Әйтеке би кентіндегі 170-мектептің жаңа ғимараты. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, 18 қазан 2014 жыл.

​– Балабақша салына ма, салынбай ма – әлі белгісіз. Мәселені басқа жолдармен шешіп жатырмыз, – деп жауап берді.

Мектеп жайы – Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі. Білім және ғылым министрлі Аслан Сәрінжіповтің дерегіне қарағанда, «елде 176 мектеп апатты жағдайда тұр, 70 мың оқушыға орын жетпейді». Сондықтан көптеген мектептер оқушыларды екі, кейбірі (103 мектеп) тіпті үш ауысыммен оқытып жатыр. Министр үш ауысымда оқу мен апатты мектептер мәселесін шешудің бес жылдық жоспары жасалғанын да хабарлаған.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2014-2015 оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептерде 2 миллион 500 мыңға тарта бала оқиды.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Оңғар САЙМОСАЕВ

    Оңғар Саймосаев - Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG