Accessibility links

Қармақшының жастары жұмыс жоғын айтады


Қармақшы жастарының бірі Әсет есімді жігіт. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл.
Қармақшы жастарының бірі Әсет есімді жігіт. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл.

«Істейтін жұмыс болмаған соң бос жүреміз» дейді Қызылорда облысы Қармақшы ауданының жастары. Ал облыстық жастар ұйымының сөзінше, «ынтасы бар жастарға жұмыс көп».

Биыл шілде айының ортасында Қызылорда облысы Қармақшы ауданын аралаған Азаттық тілшісі аудан орталығы Жосалы кентінің және Тәйімбет Көмекбаев ауылының жастарымен тілдесті.

Жосалы кентінде Азаттық тілшісін көлігімен алып жүрген жігіт өзін Бақытбек Өксікбаев деп таныстырды. Жасы жиырма бестен енді асқан Бақытбек Өксікбаев Жосалының ішінде жолаушы тасумен, яғни таксистік кәсіппен шұғылданады.

​– Сол үшін кредитке ресейлік жаңа көлік сатып алдым. Ай сайын 50 мың теңге төлеймын. Жосалы ішінде таксидің бағасы – 150, кейде 200 теңге. Тоқтамай жұмыс істесең, бір айда 50 мыңды табуға болады. Жеткізе алмасам, қалтамнан қосамын, – дейді ол.

Әлі бойдақ Бақытбек Өксікбаев үйлену үшін де ақша, жұмыс керек екенін, бірақ қолайлы жұмыс жоқтығын айтады.

Оның сөзінше, дәл қазір жалақысы аз басқа жұмыстан гөрі осылай таксист болып жұмыс істеген тиімді.

«ЖҰМЫС ЖОҚ – ТҮНДЕ ҚЫДЫРЫП, ТАҢ АТА ҮЙГЕ ҚАЙТАМЫЗ»

«Сізді жастармен сөйлестірейін» деген Бақытбек Өксікбаев Жосалы кентінің орталығындағы маңдайшасына «Биллиард» деген жазуы бар ғимараттың алдында топталып тұрған он шақты бозбалаға ертіп келді.

Жосалы кенті жастарының бірі Бақытбек Өксікбаев. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл.
Жосалы кенті жастарының бірі Бақытбек Өксікбаев. Қызылорда облысы, 15 шілде 2013 жыл.
Азаттық тілшісімен сөйлескен жастар ең әуелі ақпарат құралдарының «Протон» зымыранынан төгілген гептилдің залалы жоқ деп ақпарат таратып жатқанына наразылықтарын білдірді. Бірақ «бұл ойларыңды әлеуметтік желілерге де жазған шығарсыңдар» деген Азаттық тілшісінің сауалын түсінбей қалды.

«Әлеуметтік желі» туралы аздаған әңгімеден кейін ғана біреуі «Mail.ru» мен «ВКонтактені» пайдаланатынын» есіне түсірді. Ол жігіттің есімі Әсет екен. «Іргелес «Байқоңыр қаласындағы «Космос» колледжін теміржол мамандығы бойынша бітірдім» деген Әсет өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған.

«Жұмыс жоқ – кешке көшеге шығып қыдырамыз, кафелерге барамыз, таң ата үйге қайтамыз» деген жастар суретке түсуден де, видеокамера алдында сөйлеуден де қашқақтады.

Әлеуметтік жағдайын әңгімелеген тұрғындар сұхбатын мына жерден көре аласыз:

Қармақшы жастары
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00
Жүктеп алу

Жосалыдан шығып, Тәйімбет Көмекбаев ауылына барғынымызда да осыған ұқсас жағдайға кез болдық. Бізбен сөйлескен жастар бұрынғы советтік кезеңнен қалған мотоциклдерін жамап-жасқап мініп, бұта, сексеуіл өскен құм ішінен жабайы аң аулайтынын, қабан ұстай қалса, оны Байқоңыр қаласының тұрғындары қуана-қуана сатып алатын әңгімелеп берді.

Көшеде ескі мотоциклімен кетіп бара жатып жанымызға тоқтаған Әмзебек Шәмшатов есімді адам жастарды аяйтынын айтады.

Көмекбаев ауылының тұрғыны Әмзебек Шәмшатов. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Көмекбаев ауылының тұрғыны Әмзебек Шәмшатов. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
– Шамасы келгендері қалаға кетіп жатыр, қалғандары кемпір-шалдың зейнетақысына қарап отыр. Өйткені бұл жерде жұмыс жоқ. Жазда аз-маз шөп дайындайды, балығын аулап, соны сатып күн көреді. Сосын бос – таңды атырып, күнді батырып жүреді, түнде көшеге шығып қыдырады. Басқа қайда барады? Менің де екі балам бос отыр. Бұл жерде ешқандай тіршіліктің көзі жоқ, – дейді ол.

Әмзебек Шәмшатов «баяғы советтік кезеңде осы ауылда өткен жастық шағын» да ұзақ есіне алды.

Ауылдың Азаттық тілшісімен сөйлескен өзге тұрғындары балаларының Байқоңыр, Қызылорда, Алматы, Астанаға жұмыс іздеп кеткенін айтады.

«ЖАСТАРДЫҢ ЖЕТІ ПАЙЫЗЫ ҒАНА – ЖҰМЫССЫЗ»

Алайда «ауылдағы жастардың көбі – жұмыссыз» деген пікірмен келіспеушілер де бар. Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты жастармен және жастар ұйымдарымен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Руслан Қаюповтың айтуынша, «ынталы жастарға жұмыс табылады».

Руслан Қаюпов мысал ретінде қазіргі уақытта жастар мәселесі жөнінде атқарылып жатқан екі шараға тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден, ауыл жастарымен тікелей жұмыс істеу үшін барлық аудандарда «кәсіпкерлікті дамытуға байланысты жастарға арналған ресурстық орталық» ашылған.

Көмекбаев ауылында өз үйлерін салуға кесек құйып жатқан тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Көмекбаев ауылында өз үйлерін салуға кесек құйып жатқан тұрғындар. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.
Құқықтық кеңес беру, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған бұл бағдарлама биыл мамыр айынан басталған. Қармақшы ауданында бұл мәселемен «Қорқыт елі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігі шұғылданады.

– Екіншіден, қазір облыс бойынша құрылыс жасақтары құрылған. Бұл туралы бүкіл аудандарға хатпен де, газет-журналдар арқылы да хабар берілген. Мамандығы жоқтар – тамағы, жатын орнынан өзге 46 мың теңге, кірпіш қалаушы, дәнекерлеушілер – 70 мың теңгенің үстінде жалақы алады. Осы топты 100 адамға жеткізсек дегенбіз, әлі 25 адам ғана болып тұр. Адам жетпей жатыр, – дейді ол.

Руслан Қаюповтың айтуынша, Қызылорда облысы бойынша жастардың жеті пайызы ғана – жұмыссыз, ал жастар арасында түрлі бағдарламалар ұйымдастыру, іс-шара жүргізу үшін былтыр облысқа 27 миллион теңге, биыл 82 миллион теңге қаржы бөлінген.
XS
SM
MD
LG