Accessibility links

Сандық телевизияға көшу тағы бір жылға шегерілді


Мейрамгүл Сарқұлова үйінде теледидар көріп отыр. Алматы, 18 наурыз 2014 жыл.

Мейрамгүл Сарқұлова үйінде теледидар көріп отыр. Алматы, 18 наурыз 2014 жыл.

Қазақстанда сандық хабар тарату жүйесіне 2015 жылға дейін көшу жоспары 2016 жылға шегерілді. Сарапшылардың айтуынша, жабдықтар тапшы әрі тұтынушының шамасы жетпейтіндей қымбат.

Алматы қаласының тұрғыны Мейрамгүл Сарқұлова алты ай бұрын 23 мың теңге төлеп, үйіне сандық спутниктік телехабар қондырғысын орнатқан. Қазір ол Қазақстанның барлық телеарнасын көре алады.

- Үйде сандық спутниктік телевизия орнатқаныма өкінбеймін. Бірақ приставкасы қымбат болғандықтан, жұрттың көбі орната алмай отыр деп естідім, - дейді Мейрамгүл Сарқұлова Азаттық тілшісіне.

САНДЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ БАҒАСЫ

Екі жыл бұрын билік сандық хабар тарату жүйесіне «2015 жылдың маусымында көшеміз» деп мәлімдеген еді. Жуырда ұлттық телерадиохабар тарату қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбай бұл жүйеге көшу мерзімі 2016 жылға шегерілгенін хабарлады.

Былтыр ұлттық телерадиохабар тарату қауымдастығы Қазақстанның төрт қаласында әлеуметтiк сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижелері халықтың сандық қондырғылармен қамтылу деңгейі төмен екенін көрсетті. Техникалық тұрғыдан алғанда, сандық хабар тарату жүйесін теледидарға, приставкаға орнатуға болады. Бірақ әлемдік нарықтағы бағасы 3-4 мың теңгеден аспайтын цифрлы қондырғылар Қазақстанда 14 мың теңге тұрады.
Тұрғындар орнатқан спутниктік тарелкелер. Қазақстан, Байқоңыр, 3 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындар орнатқан спутниктік тарелкелер. Қазақстан, Байқоңыр, 3 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

- Қазақстанда сандық телевизияға қосылған қалаларда тұратын халықтың өзі әлі әзір емес. Жұрт әлі күнге дейін аналогтық эфир сигналын жақсы көреді, әрі ұлттық монополист «Қазтелерадио» компаниясы бағасын бес есеге шарықтатып жіберген сандық қондырғыларды сатып алуға көбінің шамасы жоқ, - дейді Шолпан Жақсыбай Азаттық тілшісіне.

«Егер тиісті құрал-жабдық болмаса, халық сигналды қабылдай алмайды, ал теледидарға қосымша сандық қондырғыларды сататын бизнесмендердің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан бұл мәселені үкімет деңгейінде көтермекпіз» дейді ол.

ҰЛТТЫҚ ОПЕРАТОР

Сандық қондырғылардың бағасын шарықтатып жіберді деген айыппен «Қазтелерадио» компаниясы келіспейді. Олар «елде сандық телевизия дәуірі басталмауына бағаны кінәлау дұрыс емес» деп санайды.

Компания өкілдері Азаттық тілшісінің сандық және спутниктік телевизияға қатысты сауалына берген жауабында: «Хабар тарату желісінің ұлттық операторы ретінде «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы жалпы хабар тарату желісін дамыту мен жаңғыртуды іске асырады. Компания абоненттерге арналған сигнал қабылдағыш құралдарды шығармайды және оның бағасын белгілеуге ықпал ете алмайды» деп жазады.

Strong (Корея) және Skyworth (Қытай) сияқты өндіруші компаниялар шығаратын телевизиялық қабылдағыштар Қазақстан нарығына сауда желілері арқылы түседі. Мұндай модульдар жүйесін Smith және Neotion компаниялары шығарады.

​«Қазтелерадио» өкілдері клиенттерге арналған құрал-жабдық бағасы тұтынушы санын арттыруға кедергі емес деп санайды. Олар сандық хабар тарату жүйесін енгізу жобасы әлі аяқталмағандықтан, бұл жүйеге толық көшу мен хабар таратудың аналог желісін өшіру уақыты әлі келген жоқ деп есептейді.
Аналогтық сигнал арқылы телевизор көретін азамат. Қазақстан, 11 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Аналогтық сигнал арқылы телевизор көретін азамат. Қазақстан, 11 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қазтелерадио» өкілдері Оtаu TV хабар тарату компаниясының абоненттерінің көбеюін «құрал-жабдық бағасы сандық хабар тарату қызметін тұтынатын халықтың санын арттыруға кедергі емес» деген уәжіне дәлел ретінде келтіреді.

Жұрттың бұл стандартты таңдауының себебі - егер аналогтық стандарт бойынша халықтың 50 пайызға жуығы жергілікті 5 телеарнаны ғана көре алса, сандық хабар тарату жүйесіне қосылған тұрғындар спутник арқылы хабар тарататын 38 телеарна мен эфир арқылы хабар тарататын 15-30 телеарна бағдарламаларын көре алады.

Спутник арқылы хабар тарататын Оtau TV ұлттық жүйесі 2011 жылдың қаңтар айында іске қосылған. Ресми цифрға сәйкес, қазір Қазақстанда сандық және спутниктік телевизияны 580 мың абонент пайдаланады. Яғни әр отбасындағы жан басын есептегенде шамамен 2 миллион 300 мың көрермен қамтылған.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG