Accessibility links

Әлеуметтік кәсіпкерлер кедергі көп екенін айтады


Шыбықтан себет тоқып отырған "GreenTal" шеберлері. Астана, 31 наурыз 2016 жыл.
Шыбықтан себет тоқып отырған "GreenTal" шеберлері. Астана, 31 наурыз 2016 жыл.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс тауып берген кәсіпкерлер «бұл істің ілгері басуы үшін заңға өзгеріс керек» дейді. Биліктің дерегінше, әлеуметтік жобалардың жартысына жуығын мемлекет қаржыландырып жатыр.

Астаналық Эмин Әскеров осыдан сегіз ай бұрын қоғамның әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтары – дене кемістігі бар адамдар, балалар үйлері түлектері мен жалғызбасты аналар жұмыс істейтін Green TAL шеберханасын ашқан.

Қазір ол мекемеде мүмкіндігі шектеулі 9 адам шыбықтан себет, құмыра, люстра, ыдыс-аяқ сияқты бұйымдар тоқиды. Эмин Әскеров мұндай әлеуметтік жұмыс орнының бизнес жүргізу амалы өзге кәсіпорындардан ерекше екенін айтады.

- Кәдімгі бизнес табысқа негізделіп, не өндіретінін, қалай сататынын алдын ала біледі. Оларда әлеуметтік бағыт жоқ. Ал біз әуелі кезекте әлеуметтік әлсіз топтарға бағытталамыз. Кәсіпкер кафе ашса, кәсіби емес қызметкерлерді жұмысқа алмайды. Ал біз қызметкерімізді оқыту үшін төрт ай жұмсаймыз, ол кезде жұмысшы өндіріске пайда әкелмейді, – дейді Эмин Әскеров.

Ол өндірісі «әлеуметтік жұмыс орны» санатына енген соң қалалық жұмыспен қамту орталығынан мүмкіндігі шектеулі әрбір қызметкеріне 45 мың теңге айлық ала бастағанын айтады. Әлеуметтік кәсіпкердің сөзінше, кәсібінің дамуын кідіртіп отырған бір нәрсе – шеберхана жалдап отырған ғимараттың ақысы.

- Біз отырған ғимаратты әкімдіктен жалға аламыз. Нарықтағы бағаларға қарағанда әкімдіктен алған тиімді. Бірақ әкімдік ғимаратты жалпыға ортақ шарттармен жалға беріп отыр. Яғни әлеуметтік кәсіпкерлер өзге кәсіпкерлермен тең шарттар бойынша жүр. 50 пайыздық жеңілдік берсе, әлдеқайда жақсы көмек болар еді, – дейді Эмин Әскеров.

Эмин Әскеров ашқан шеберхана (видео ақпанда түсірілген):

Зағип жандардың кәсібі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҰШТАСҚАН ТҰСЫ»

Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты шешімін таппаған мәселе көп екенін «Шебер» қолөнер шеберханасының жетекшісі Дамира Бекмұхамедова да растайды.

- Әлеуметтік кәсіпкерлік – қайырымдылық пен кәсіпкерлік ұштасқан тұстағы ұғым. Әлеуметтік кәсіпкерлерде қоғамдық қорлардың проблемалары бола тұра, олар кәсіпкер ретінде салық төлейді. Әлеуметтік кәсіпкерлер ерекшеленуі тиіс. Біз белгілі бір әлеуметтік әлсіз топтардың проблемаларын шешеміз, – дейді Дамира Бекмұхамедова.

Ол компанияларға қатысты «корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» ұғымы бар екенін айтып, заңға «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымын да енгізу керек деп біледі.

Әлеуметтің тұрғыда тиімді жобалармен айналуға кіріскен кәсіпкерлердің енді бірі – «Балам-ай» қоғамдық қоры жетекшісі Әсел Есмағанбетова. Ол ментальдық ауытқушылықтары бар адамдарға жұмыс тауып беру үшін «Көңілді фермер» атты құс өсіретін шаруашылық жобасын жасаған.

Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының директоры. Астана, 17 наурыз 2016 жыл.
Әсел Есмағанбетова, «Балам-ай» қоғамдық қорының директоры. Астана, 17 наурыз 2016 жыл.

- Онда психо-неврологиялық ауытқушылықтары бар адамдар жұмыс істейтін болады. Заң бойынша ондай тіркеудегі адамдар ешқай жерде жұмысқа алынбайды. Біз оларға көмектескіміз келеді. Олар өсірген құс еті, жұмыртқасы, құс ұлпасы сатылады, – дейді Әсел Есмағанбетова.

Оның сөзінше, жобасына «Сорос» қоры ішінара демеушілік жасап, шаруашыққа қажетті жабдық пен құс алуға, қызметкерлер жалақысын төлеуге келіскен. Әсел Есмағанбетова да елде осындай әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін заңдарды жетілдіру керек екенін айтады.

- Заң бойынша, үкіметтік емес ұйым ретінде кәсіп пайдасын көретін құқығымыз жоқ. Сондықтан жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып қойдық. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысуды жеңілдету үшін оны заңға енгізіп, жеңілдіктерін бөлек категория бойынша берген дұрыс сияқты, – дейді Әсел Есмағанбетова.

«ҮШ ЖЫЛДА 64 ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА ІСКЕ АСТЫ»

Астана қаласы әкімдігіне қарасты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Гүлнәр Жұпарбектің сөзінше, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алған өндіріс орындарына бірнеше жеңілдік жасалады.

- Әлеуметтік жұмыс орны саналатын мекемелерде барлық жұмысшылардың кемінде 30 пайызы мүгедек жандар болса, онда олардың жалақысының 35 пайызын мемлекет жұмыс берушіге өтеп береді. Салық кодексінің 133-бабы мүгедек жандардың жалақысына салынатын әлеуметтік салықты екі есеге төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Гүлнәр Жұпарбек, Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы. 31 наурыз 2016 жыл.
Гүлнәр Жұпарбек, Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы. 31 наурыз 2016 жыл.

Азаттық тілшісі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жатқан азаматтарға ғимараттарды жалға беру жайын Астана қаласы әкімдігінен сұрады. Әкімдік жауабында «Астана қаласы әкімдігі қазір көбі мүгедектерді қолдайтын қоғамдық бірлестіктер, қорлар және коммерциялық емес ұйымдарға жеңілдікпен 4 мың шаршы метр мүлікті жалға беріп отыр» деп жазылған.

Азаттық тілшісі әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жайы қалай екенін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен де сұрады. Министрлік дерегінше, соңғы үш жылда «Үздік әлеуметтік жоба» байқауына 317 өтініш қабылданып, оның ішінде 64 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанған. Министрлік жауабында «10 әлеуметтік жоба авторлардың өз қаражаты есебінен, 26 әлеуметтік жоба демеушілер қаражаты есебінен, 28 әлеуметтік жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда республикада әлеуметтік жобалар бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған 200 мыңнан астам азаматтарға қолдау мен көмек көрсетілді» деп жазылған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі заңға «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы жайлы өзгеріс енгізу-енгізбеу жайлы сауалға жауап берген жоқ.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар.

XS
SM
MD
LG