Accessibility links

«Тәуелсіздікке дейінгі тарихты жазуға кедергі жоқ»


Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов (сол жақта) пен «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Бауыржан Жақып жаңа кітаптардың тұсаукесерінде отыр. Алматы, 27 желоқсан 2013 жыл.

Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов (сол жақта) пен «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Бауыржан Жақып жаңа кітаптардың тұсаукесерінде отыр. Алматы, 27 желоқсан 2013 жыл.

Алматыдағы тарих институты мен «Қазақ энциклопедиясы» жаңа зерттеулерін таныстырды. Кей ғалымдар «тарих кәсіби түрде зерттеледі» десе, енді бірі тәуелсіздік тарихы шынайы жазылатынына күмән айтады.

Желтоқсанның 27-сі күні Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының және "Қазақ энциклопедиясы" баспасының қызметкерлері барлығы 12 зерттеу еңбекті жұртшылыққа таныстырды.

НАЗАРБАЕВТЫҢ СЫНЫ

2013 жылы маусымның 5-і күні мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі кеңейтілген отырыс өткізіп, тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдістемемен зерттеу, жаңа тарихтың жиырма жылының мәнін пайымдауды көздейтін «Тарих толқынындағы халық» дейтін мемлекеттік бағдарлама ұсынған еді.

Бірақ көп ұзамай, қазан айының басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «тарихты зерттеуді базарға айналдырып жіберген» Марат Тәжинді сынады. Азаттық тілшісі «Тәжинің бастамасы мен Назарбаевтың сыны» туралы тарихшыларың пікірін сұрастырды.

Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың айтуынша, мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің бастамасы тарихты зерттеуге серпіліс әкелген, ал президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сынынан кейін «оны баспасөз бетінде шулату азайтылған».

Тарих және этнология институы мен "Қазақ энциклопедиясы" бірлесіп шығарған жаңа зерттеу еңбектері. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл.

Тарих және этнология институы мен "Қазақ энциклопедиясы" бірлесіп шығарған жаңа зерттеу еңбектері. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл.

- Тәжиннің бастамасы Назарбаевтың сынынан кейін тоқтаған жоқ. Мәселен, биыл тарих ғылымына 1 миллиард теңге бөлінді, келер жылға да сондай қаражат бөлініп отыр. Биыл 10 елді, өзіміздің жеті-сегіз облысымызды араладық, келер жылы да солай болады. Демек, ғылымға қаражат бөлу, тақырыптық бағыт беру жалғасып жатыр. Елбасы науқаншылдықты емес нақты нәтижені талап етіп отыр,- дейді ол.

Осы тұсаукесер рәсімінде тәуелсіздік жылдарындағы тарих ғылымына қатысты зерттеу монографиясы таныстырылған Саттар Мәжитов «Президент Назарбаевтың сөзінен кейін тарихи зерттеулерге көзқарас күрт өзгермегенін, бірақ елбасының сөзі ескерілетінін» айтты.

«Совет өкіметі тұсында тарихи зерттеулер мен оқулықтар маркстік-лениндік әдіснама бойынша жазылды. Қазір қандай қағидалар басшылыққа алынады?» деген Азаттық тілшісінің сауалына Саттар Мәжитов «бір ғана қағидамыз бар, ол – тәуелсіздік» деп жауап берді. Оның айтуынша «қазіргі уақытта тарихты жазуға жоғарыдан идеологиялық нұсқау берілмейді».

«БИЛІКТІҢ ЫҚПАЛЫ БАР»

1990-92 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған, Моңғолиядағы жаңа саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасауға қатысқан тарих және этнология институтының тарихшысы Зардыхан Қинаятұлы әріптестерінің кей пікіріне қосылса, кей пікіріне қосыла бермейді.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік хатшы ұсынған бағдарлама зерттеушілердің шетелдік архивтерге барып, қазақ тарихына қатысты тың деректер іздестіруіне қолайлы жағдай туғызған.

- Тәжиннің бастамасы серпіліс әкелді. Бірақ кей жағдайда зерттеулер ұсақталып кеткен сияқты көрінді. Үлкен проблемаға бармай, шуылдаққа айналдырып жібергені рас. Назарбаевтың сынынан кейін зерттеуды «олай емес, былай жазыңдар» деген нұсқау берілген жоқ. Қазір жаңа деректерді ғылыми айналымға кіргізу жөнінде жұмыс істеліп жатыр, - дейді Зардыхан Қинаятұлы.
Оның пікірінше, бүгінгі зерттеулерге қандай да бір идеологиялық талап қойылмайды. Бірақ «тарихты белгілі бір концепсиямен жазу керек» дейтін пікірлер айтылады.

Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

- Менің ойымша тарихты бір қалыпқа салуға болмайды. Әр автор қолындағы деректер арқылы қорытынды шығару керек. Дегенмен 1991 жылдан кейінгі тарихты қалыпқа түсіру, тарихты жазуда тартынушылық бар екені рас. Тәуелсіздікті, ұлт басшысының рөлін, қазіргі жағдайды әсірелеңкіреп көрсету байқалады. Қазіргі тарихты баяндауда билік пен оппозицияның рөлі, сол кездегі қоғамдық көңіл-күй ауаны толық қамтылды деп айта алмаймын. Яғни тәуелсіздіктен кейінгі өзіне қатысты тарихқа биліктің ықпалы бар. Ал 1991 жылға дейінгі тарихты еркін жаза беруге болады, - дейді Зардыхан Қинаятұлы.

Тарихшылар таныстырған еңбектердің ішінде «Абылай хан» энциклопедиясы мен Манаш Қозыбаевтың 7 томдық шығармалар жинағы, Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық дәуірі (1679-1949) әдебиетіне, 13 және 15-ғасырлардағы Қыпшақ даласындағы тарихи оқиғаларға, қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресіне қатысты монографиялар бар.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG