Accessibility links

Тұрғындар кентті дамытуды не көшіруді талап етеді


Ақтау тұрғындары тұрмыстары туралы шағымдарын айтып тұр. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

Ақтау тұрғындары тұрмыстары туралы шағымдарын айтып тұр. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

Тұрғындардың айтуынша, Қарағанды облысындағы Ақтау кентінің жағдайы қиын. Кей тұрғындар «билік проблемаларды шешпесе, президент сайлауына бармаймыз» десе, жергілікті әкім «олар түймедейді түйедей етеді» дейді.

26 жастағы Сергей Пенчук Ақтау кентіне Көкшетаудан бірнеше жыл бұрын көшіп келген. Ол кезінде дамып келе жатқан әрі қала мәртебесін алады деп жоспарланған Ақтау кентінде тұрмысым түзелер деп үміттенген. Сергей ұсақ тас (щебенка) шығаратын зауытқа жұмысқа тұрып, кейінірек пәтер сатып алған, бірақ біраздан кейін қысқартуға ұшыраған. Оның айтуынша, кентте басқа жұмыс табылмағандықтан, амалсыз пеш жағушы болып орналасқан. Айына 45 мың теңге (шамамен 250 доллар) жалақы алады.

- Әзірше басқа амалым жоқ. Жылу маусымы аяқталатын кез жақындап қалды. Ары қарай не істейтінімді білмеймін. Мына жақта тіпті қосымша күнкөріс болатын жұмыс табу да қиын. Әйеліме де жұмыс жоқ, мұнда әйелдерді ешқайда жұмысқа алмайды. Жөні түзу жұмыс орындарының бәрі бос емес. Бұрын ұсақ тас өндіретін зауытта жұмыс істеген, бірақ қысқартып тастады. Жастарға жұмыс табу өте қиын, - дейді Сергей Пенчук Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі жолығып әңгімелескен ауылдықтардың көбі кентте жөні түзу әрі жалақысы жақсы жұмыс жоқ деп шағынады. Тиісті білімі бар және отбасы жағдайы келетіндер вахталық әдіспен жұмыс істеу үшін Астана мен Ресейге кетіп жатыр. Кент тұрғыны Ахлиман Қасымов Азаттық тілшісіне:

- Ақша жетпейді. Жұрт мысалы, 40 мың теңге жалақы алу үшін цемент зауытында демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Әсіресе жұмыссыз сенделіп жүрген жастар көп. Жұмыссыздық пен мардымсыз жалақы жұрттықылмысқа итермелейді. Кісі өлтіру де, тонау да осыдан шығады. Мұны полиция ақпаратынан-ақ көруге болады. Кентті металлоломға тасып жатыр, - дейді.

Ақтаудағы тіршілік. Видео:

«ҚАЛПЫНА КЕЛТІРСІН НЕМЕСЕ ҚАЛАҒА КӨШІРСІН»

Кентте қаңырап бос тұрған немесе қираған көп қабатты ондаған үй бар. Бес қабатты үйлердің бірінің жартысында адамдар тұрып жатыр, ал қалған пәтерлер қирап, бос қалған. Ол үйде қазандық жоқ, жұрт үйін «буржуйка» сияқты пештер қойып жылытуға мәжбүр. Кентте тұрғындар үйлерін амалдап жылытып отырған, қазандығы жоқ бірнеше үй бар. Мұндай үйлерде көбінесе барар жері жоқ қарттар немесе тұрмысы нашар отбасылар тұрады. Екі баланың анасы Ғалия Оспанова Азаттық тілшісіне:

Ақтау кентінің тұрғыны Ғалия Оспанова. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

Ақтау кентінің тұрғыны Ғалия Оспанова. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

- Тұруға жарамды үйлер аз. Көпшілігі Теміртауға кеткендердің үйлерін жалдап тұрып жатыр. Қаңырап тұрған үйлерді жөндеп берсе, жұрт көшіп алар еді ғой. Біздің үйдің су өткен шатыры қаусап тұр, су ағып, шіріп барады. Үй суық әрі сыз болғандықтан, балаларым өкпе қабынуына жиі шалдығады, жөтелі басылмайды. Кентте тас төсеп керегі не? Одан да тұрғын үйлердің шатырын жөндеп бермей ме? Жуырда Назарбаев халықтың сұрағанын жасаңдар деді емес пе, бірақ жергілікті шенеуніктер халықтың өтінішінеқұлақ аспайды, - дейді.

Ақтау кенті тұрғындары «жылу жоқ, медициналық қызмет сапасы нашар, қираған, қаңырап бос қалған үйлер тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді, көп қабатты тұрғын үйлер сыздан қирап жатыр, тамақ пен коммуналдық қызмет ақысы да қымбат» деген шағым айтады. Ақтаулықтардың айтуынша, жергілікті шенеуніктер үйлер мен шатырларды «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып жөндеуді ұсынады.

Бірнеше пәтерінде ғана адамдар тұрып жатқан қараусыз үй. Қарағанды облысы, Ақтау кенті, 6 наурыз 2015 жыл.

Бірнеше пәтерінде ғана адамдар тұрып жатқан қараусыз үй. Қарағанды облысы, Ақтау кенті, 6 наурыз 2015 жыл.

- Бірақ келешекте кентте тұрып қалатынымызға кім кепілдік береді? Мүмкін, ертең бізді мына жерден қуып шығатын шығар. Жұмыс табыла ма, жоқ па - ол жағы да белгісіз. Кейбір адамдар сияқты ертең мені де қысқартып тастаса, қайтемін деп уайымдаймын, - дейді Сергей Вакаренко.

Тұрғындар «жергілікті шенеуніктер проблемаларды жария еткілері келмейді, бұл алдағы президент сайлауына байланысты болуы мүмкін» деп жорамалдайды. Ақтау кенті тұрғыны Николай Беликов Азаттық тілшісіне:

- Жуырда сайлау өтеді, ал жұрттың тіпті сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге шамасы жоқ. Тұрмыс қажытқан адамдар ашулы. Кентте сайлау өтпей қалуы мүмкін, егер билік проблемаларымызды шешкісі келмесе, не деп дауыс береміз, - дейді.

«ЗАУЫТ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА АЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

Ал Ақтау кенті әкімі Айдос Ордабаевтың тұрғындарға артар өз өкпесі бар. Оның айтуынша, жергілікті әкімнің шара қолдануын күтпей, бірден облыс әкіміне жүгінуге болмайды. Ордабаевтың айтуынша, кентте жұмыссыздық емес, жұмыс істегісі келмейтін адамдар ғана бар.

Ақтау кенті әкімдігінің ғимараты. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

Ақтау кенті әкімдігінің ғимараты. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

- Зауыт басшылығына жолығып, кент тұрғындарын жұмысқа алуды ұсындым. Олар келісті. Ал жуырда «Қанша жергілікті маман жұмыс істейді?» деп сұрағанымда, олар үш адамды жұмысқа алғандарын айтты.Өйткені жергілікті тұрғындар арақ ішеді, оның үстіне зауытта ұрлықпен айналысады. Зауытта көбінесе көрші аудандар мен Теміртау, Қарағанды қалаларында тұратын адамдар келіп жұмыс істейді. Құлшынған адамға жұмыс табылады. Ал біздің адамдардың әлгіндей қылығынан зәрезап болған ұсақ тас шығаратын зауыт оларды енді жолатқысы келмейді, - дейді Айдос Ордабаев Азаттық тілшісіне.

Ақтау кентінде 8 мың 600 адам тіркелген. Бірақ құжатсыз тұрып жатқан адамдар да бар. Қазір кентте бір мыңға жуық адам жұмыс істейтін цемент және ұсақ тас өндіретін екі зауыт пен «Ақтау-Су» коммуналдық кәсіпорны сияқты ірі жұмыс орындары бар. Әкімнің айтуынша, биыл темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашылады.

- Жаңа зауыт 100 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бірақ олар бірен-саран маман болмаса, біздің тұрғындарды жұмысқа алмайтын шығар, - дейді Ақтау кенті әкімі.

Ескі цемент зауыты жұмысын тоқтап тұр, қазір жаңа инвесторлар іздестіріліп жатыр. Ал баяғыда жабылып қалып, аукционға қойылған шифер шығаратын зауытты сатып алғысы келетін инвесторлар бар екен.

- Кәсіпорынды сатуға қойғандарына талай болды, бірақ ешкім сатып алмады. Италиялықтар алмақшы болған, бірақ Ресейге санкция салған соң олар мұнда келуге қорқып, тартыншақтап отыр. Қазіргі саяси жағдайдың әсері бізге де тиеді деп ойламаппын. Бірақ италиялықтарға зауыт ұнапты, олар жуырда Ақтау кентіне келмек. Олар керамикалық тақта мен темір-бетон бұйымдарын шығаратын екі өндіріс орнын ашпақ, - дейді кент әкімі Айдос Ордабаев.

ЖОСПАРЛАР МЕН БОЛЖАМДАР

Ақтау кентінде орталық жылу қазандығын салу мәселесі де шешілмеген. Әкімнің айтуынша, бұл - көпке созылатын әрі қымбат тұратын процесс. Жоба-сметалық құжаттарды әзірлеудің өзіне ғана 300 миллиондай теңге керек. Сондықтан орталық жылу қазандығын жағдай түзелген кезде салуды жоспарлап, кейінге ысырып қойған. Әкімнің айтуынша, «қазір жағдай аса жақсы емес». 2015 жылы бюджеттен кентке 75 миллион теңге, ал 2014 жылы 100 миллиондай теңге бөлінген.

Ақтау кентіндегі қаңырап қалған бос үй. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

Ақтау кентіндегі қаңырап қалған бос үй. Қарағанды облысы, 6 наурыз 2015 жыл.

- Ақша жетпейді, шешілуі тиіс проблема толып жатыр, бірақ оның бәріне ақша жоқ. Тұрғындар да әкімдік істеп береді деп қос қусырып күтіп отырмай, өз күштерімен бірдеңе істеуі керек. Олар «шатырымызды жөндеп беріңдер» дейді. Бірақ шатырларын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы арқылы жөндеп алуға болады ғой. Ондай міндеттеме алғысы келмейді. Оның үстіне кіріс те аз. Кент тұрғындары кәсіпкерлікпен айналысуға құлықсыз болғандықтан, салық та аз түседі, - дейді Айдос Ордабаев.

Әкімдік пен цемент зауыты арасында былтыр бекітілген меморандум бойынша бөлінген 20 миллион теңгенің 12 миллион 500 мың теңгесі игерілген. Бұл ақша кентте дуал, балалар алаңын салуға, мешітті жөндеп, жылу қазандығын сатып алуға жұмсалған. Бірақ әкімнің айтуынша, цемент зауыты қалған соманы әлі төлеменгендіктен, қазандықты әлі орнатпаған.

Әкімдік «Ақтау кенті - тоқырауға ұшыраған аудан емес, тұрғындардың көшіп кетуіне негіз жоқ» деп санайды. Ауыл тұрғындарының пікірінше, кентті қайта қалпына келтіру керек. Тұрғындар «Әуелі жұртты жалақысы тәуір, жөні түзу жұмыспен қамтып, мекеме-кәсіпорын басшыларын жұмысқа жергілікті мамандарды көбірек алуға міндеттеу керек; ал бос тұрған, қираған көп қабаты үйлерді қалпына келтіру немесе бұзу керек, оның үстіне, бес қабатты үйлердің бірі құлап түскен» дейді. Жұрт орталық қазандық салып, үйлердің шатырын жөндеуге көмектесуді де сұрайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG