Accessibility links

Тұрғындар «өлген малдың етінен шұжық жасайтын цех» туралы айтты


Шұжық цехы осы тойхананың артында орналасқан. Алматы облысы, Жамбыл ауданды, 26 сәуір 2012 жыл.

Шұжық цехы осы тойхананың артында орналасқан. Алматы облысы, Жамбыл ауданды, 26 сәуір 2012 жыл.

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының тұрғындары осы ауылда орналасқан шұжық цехының өнімдері өлген малдың етінен жасалатынын айтады. Ал тиісті мекеме өкілдері «Ол цех бір жылдан бері тоқтап тұр» - дейді.


Шұжық цехы Ұзынағашта, Қарақыстақ ауылына барар жолдың шетінде екен. Бір ауланың ішінде тойхана, қасапхана және шұжық цехы орналасыпты. Біз барғанда ауланың тағы бір бұрышында екі жігіт кірпіш құйып жатты.

ЦЕХТЫҢ ІШІНДЕ РЕМОНТ БОЛЫП ЖАТЫР

Ауыл адамдарының айтуынша совет заманынан қалған ескі цехтың қайтадан іске қосылғанына екі жылдай болған. Басында цехты Айтолқын есімді әйел басқарыпты. Өзін Жанар деп таныстырған келіншек «Айтолқынның тұсында мұндай нәрсе болмаған. Биыл қыстан бастап басқа біреу алған екен, арзанға ауылдың ауру малын да, өлген малын да қабылдап жатыр», - дейді.

Айжанның айтқанынан түсінгеніміз - аталған аумақтың қожайыны - Бақытжан Есжанов. Ол шұжық цехын Қайрат Мүптеков атты азаматқа жалға берген.

Азаттық тілшілері барған сәтте шұжық цехының сыртқы қақпасы жабық тұрды. Тойханаға кіргенімізде, негізгі қожайын - Бақытжан Есжанов қарсы жолықты. Ол сұхбат беруден бірден бас тартты. Бізге айтқан бір ауыз сөзі - «Шұжық цехы өткен жаздан бері жабық тұр. Ішінде ремонт болып жатыр».

Сыртқа шыққанымызда бізден темекі сұраған Рахым есімді жігіт өзін «Осы жердің администраторымын» деп таныстырды. Шұжық цехы туралы сұрағанымызда «Білмеймін, Бақытжан ағадан сұраңызшы» деді.

Біраз сыр тартып көріп едік, «алатындардың арасында базарда істейтін жігіттер де бар» деп, Рахым әжептәуір мәлімет беріп тастады. Ол өлген малдың етін «негізі бұған дейін килосын 400-500 теңгеден алатынбыз» дейді.

«КҮНДІЗ ДЕМАЛЫП, ТҮНДЕ ҒАНА ІСТЕЙДІ»

Азаттық тілшілері ақпан айында бұл цехқа өзінің аусылмен ауырған сиырын өткізген тағы бір жігітті жолықтырған еді.

– Атымды айтпай-ақ қояйын. Осы ауылда тұрамын ғой. Ертең ел-жұрттан ыңғайсыз болар, - деген ол «Ақпан айында қорадағы жалғыз сиырым аузынан көбік ағып ауырды. Көршілерге «ауырды» деп қалай айтамын. Өліп бара жатқан соң бауыздап жібердім де, цехқа алып бардым. 8 мың теңгеге алды. Шынымды айтайын, өртеп жіберуге қимадым. Сол кезде ауылда аусыл шығып, шулап жатты ғой», - дейді ол.

Шұжық цехы Қайназар ауылына жақын орналасқандықтан кейбір үйлер цех ауласына тиіп те тұр. Азаттық тілшілері сол маңдағы үйлердің бірінен шыққан әйелмен тілдескен еді.
Цехқа алып бардым. 8 мың теңгеге алды. Шынымды айтайын, өртеп жіберуге қимадым. Сол кезде ауылда аусыл шығып жатты ғой.

- Бұл жердегі кісілердің бәрін танимыз. Егер атымды атамайтын болсаңдар, айтып бере аламын, - деді әлгі әйел.

Аты-жөнін айтпайтынымызды естіген соң ғана:

- Цех күндіз жабық жатады. Кешкі бестен бастап, таңғы беске дейін ғана істейді. Сейсенбі, жұма күндері «оптовкаға» колбаса шығарады. Осы екі күнде таң атқанша тыным жоқ, оптовиктер қаптап кетеді, - деген келіншек «Бұлардың шығаратындары арзан, анау «Хровский» мен «Полтавский». Сыртында «М.К.» деген белгісі ғана бар. Кейбір «Мусульманский» дегендерінің сыртында көк этикеткасы бар. Бірақ еш айырмашылықтары жоқ, бәрінің дәмі бірдей, - деп, бізге бұл цехтың өнімдерінің Алматыдағы көтерме базарға да шығып жатқанын білдірді.

«ҚАЗІР ЦЕХ МҮЛДЕ ІСТЕМЕЙДІ»

Азаттық тілшілері Жамбыл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық станциясына да барған еді. Мекеме бастығы Зинаш Күштекова «өткен жылдың қазан айынан бастап мораторий жариялануына байланысты жеке кәсіпкерлерге ешқандай тексеру жүргізбегендіктерін» айтты.
Алматы облысы, Жамбыл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бастығы Зинаш Күштекова. Алматы облысы, 26 сәуір 2012 жыл.

Алматы облысы, Жамбыл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бастығы Зинаш Күштекова. Алматы облысы, 26 сәуір 2012 жыл.


– Бізде тексерулер жоспарлы түрде жүреді. Онда да генпрократураның бекітуімен. Олар жеке кәсіпкерлер болғандықтан, бір ай бұрын тексеру баратынын айтып, жазбаша хат жібереміз, - дейді ол.

Ал мекеменің азық-түлік өнімдерін санитарлық қадағалау бөлімінің бас маманы Жадыра Қалабаевадан:

– Жыл басында ол жерде «ИП «Мұрагер» деген колбаса цехы болған. Иесі Әмірбаев деген кісі арендамен істеген. Бірақ олар кейін жұмыстарын тоқтатты. Қазір цех мүлде істемейді , - деген жауап алдық.

Азаттық тілшілерімен тілдескен ауыл тұрғындарының барлығы да бір-бірін танитындарын айтып, аты-жөндерін атауға, суретке түсіруге қарсы болды.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG