Accessibility links

«Қолжетімді баспанаға» неге қол жетпейді?


"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша кезекке тұрған адамдар. Алматы, 10 шілде 2013 жыл.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша кезекке тұрған адамдар. Алматы, 10 шілде 2013 жыл.

Зерттеу ұйымы Алматыда 30 жасқа толмаған жастардың тек 1,2 пайызында жеке баспана барын айтады. Мамандар жастарды баспанамен қамту бағдарламаларын жетілдіруді ұсынады.

28 жастағы Ғани Қалыбаев Алматыға бес жыл бұрын Өскеменнен жұмыс іздеп келген. Қазір ол банкте күзетші болып жұмыс істейді. Бес жылдан бері пәтер жылдап тұратын Ғани Қалыбаев үй алудың өте қиын екенін айтады.

– Жалақым 100 мың теңгеге жетпейді. Үй алуға жол жоқ сияқты көрінеді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы да шым-шытырық. Мемлекеттік жұмыс істеуің керек. Айлығың 100 мыңнан асу керек. Ал жастардың көбінде ондай мүмкіндік аз. «Жас отбасы» бағдарламасының да пайдасы аз. Үйленгеніңе екі жыл толу керек немесе бір жастағы балаң болуы тиіс. Жарың мен өзіңнің жалақың 1000 доллардан асуы тиіс. Осындай талаптар дәл қазір көп жастарға кедергі келтіріп тұр, – дейді ол.

«АЛМАТЫ ЖАСТАРЫНЫҢ БІР ПАЙЫЗЫ ҒАНА БАСПАНАЛЫ»

Public Policy Research Center орталығының жүргізген зерттеуі бойынша, Алматыда 30 жасқа толмаған жастардың 54,3 пайызы пәтер жалдаса, 18,6 пайызы жатақханада, 25 пайызы ата-анасы, я туысқандарымен бірге тұрады. Екі пайызы жұмыс орнын баспана етеді. Тек 1,2 пайызының басында жеке баспана бар.

Меруерт Махмұтова, экономист. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.

Меруерт Махмұтова, экономист. Алматы, 13 желтоқсан 2012 жыл.

Осы орталықтың өкілі Меруерт Махмұтованың айтуынша, Алматыға келетін жастар саны жылдан жылға артып келеді.

– Алматыда жастардың баспана мәселесін шешудің жолдары дұрыс қарастырылмаған. Жыл сайын бұл қалаға 20 мың адам келеді екен. Олардың 80 пайызы жастар. Мәселен, 2012 жылы Алматыға 22 мың 700 адам келіп, тек 1200 адам көшіп кеткен. Демек, қаланың миграциялық сальдосы 20 мыңнан асады. Жыл сайын адам саны да, баспанасыздар да көбейіп жатыр. Бірақ мемлекет бұл мәселені шешудің дұрыс жолын таппай отыр, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Public Policy Research Center орталығының статистикасы бойынша, Алматы жастарының 57 пайызы айына 50 мың теңгеден пайда табады. Жастардың 57,5 пайызында зейнетақы қоры жоқ.

– Айына 50 мың теңге табатын, зейнетақы қоры жоқ жас қалай үй алады? Бұл мәселені шешу үшін қалалық әкімдік муниципалдық жатақханаларды көптеп салып, соларды арзан бағаға сату керек, – дейді Меруерт Махмұтова.

Ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» агенті Аида Шаметова:

- Алматыда бір бөлмелі пәтердің құны - 40-45 мың доллар. Ал «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жастар бір бөлмелі пәтерді 34 мың долларға алады. Егер қарапайым банктерден депозит арқылы үй алса, оның бағасын 12-15 пайыздық үстемемен төлейді. Ал бағдарлама арқылы алса, сегіз жыл бес пайыздық үстемемен төлейді. Бағдарлама арқылы үй алатын азаматтың жеке табысы мың доллардың шамасында болса жеткілікті. Егер өз айлығы мың долларға жетпесе жарының, туысқандарының айлығын қосып есептеуге де болады. 2013-2020 жылдары бұл бағдарламаға жыл сайын 25 миллиард теңгеден қаржы бөлініп отырады. Жоспар бойынша, осы уақыт ішінде шамамен 40 мың отбасы баспана алады, - дейді.

ҰСЫНЫС

Баспанасыз жастар санының артуына алаңдайтын мамандар үкімет тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіруі тиіс деп есептейді. Қазақстандағы тең құқық пен тең мүмкіндіктер институтының директоры Маргарита Өскенбаева «Қолжетімді баспана – 2020» және «Жас отбасы» баспана бағдарламаларын қайта қарауды ұсынады.

Жатақхана алдында бөлме кезегіне тұрған студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл.

Жатақхана алдында бөлме кезегіне тұрған студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл.

– «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен үй алу да жастарға қиын. Үш жыл депозитке ақша салу қажет. Айына 100 мың теңгеден артық айлық табу керек. Үй алған соң да оның төлемін 8 пайыздық үстемемен төлейді. Үстемені және үш жыл «Тұрғын үй жинақ банкіне» ақша құю жүйесін алып тастауды ойластырса, жастардың үй алуға мүмкіндігі артар еді. Үйді бірден азаматтардың атына рәсімдеп, олар ай сайын үйдің төлемін пайызсыз несие сияқты банкке төлеп тұрса, баспана мәселесін шешуге болады. Онсыз да сол ақшаны қазір жастар жалдамалы пәтерге төлеп жүр, – дейді маман.

Жастар мен жаңа үйленген жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған бағдарламалар Қазақстаннан бөлек бірқатар ТМД елдерінде де бар. Ресейде отбасының кем дегенде бір мүшесі 35 жастан аспаса, тұтас үйелмен «жас отбасы» болып есептеледі де тиесілі әлеуметтік бағдарламаға қатыса алады. Ал Беларусьте отбасының кем дегенде бір мүшесі 31 жастан аспауы тиіс. Қазақстанда «жас отбасы» категориясына ену үшін отбасының жасы 29-дан аспаған бір мүшесі болуы шарт. «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша үй алу үшін Қазақстанда жастардың үйленгеніне екі жыл толуы немесе бір жасқа толған балалары болуы шарт. Ал Ресей мен Беларусьте үйленген уақыты есепке алынбайды, тек балалары болса жеткілікті деп есептеледі.

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қорының дерегі бойынша, Алматыда тұрақты тіркеуде тұратын жастардың 54 пайызы өзі тіркелген үйінде тұрмайды. Жастардың көбі жұмысқа тұру үшін ақылы түрде бөтен адамның үйінде тіркеуге тұруға мәжбүр.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG