Accessibility links

Ресми БАҚ Еуразия Одағын дәріптеуді күшейтті


Солдан оңға: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьері Дмитрий Медведев, Қазақстан үкіметі басшысы Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Солдан оңға: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьері Дмитрий Медведев, Қазақстан үкіметі басшысы Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Сәуірдің 15-інде Қазақстан, Беларусь және Ресей премьерлері Мәскеуде Еуразия Одағы келісімінің жобасын талқылады. Келісімге қол қояр сәт жақындаған сайын қолдаушылар мен қарсылар да көбейді.

Кеден Одағына мүше үш мемлекеттің үкімет басшылары бас қосқан бұл кездесу – биыл мамыр айында қол қойылып, 2015 жылдың қаңтарынан құрылуы тиіс Еуразия экономикалық одағына дайындықтың соңғы сатыларының бірі.

«СОҢҒЫ ӘЗІРЛІК»

Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім-шартқа биылғы мамыр айында қол қойылады деп нақты хабарланғаннан бері Қазақстанда бұған қатысты қарама-қарсы түрлі пікірлер айтылып жатыр.

Соның ішінде «Еуразия одағының саяси одаққа айналу қаупі» билік өкілдерінің де, қоғамдық белсенділер мен саясаткерлердің де жиі көтеретін тақырыптарының біріне айналды.

«Үш елдің одағы тек экономикалық мүддені көздейтіні, Қазақстанның егемендігіне нұқсан келмейтіні» жөнінде бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі де көпшіліктің күдігін біржола сейілте алмағанға ұқсайды.

Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев.

Таяуда, сәуір айының 9-ында Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та бірнеше үкімет мүшесімен бірге арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, «жаңа одақтың тек қана экономикалық интеграция» екендігін тағы да қайталап, «Қазақстан азаматтарын қобалжымауға шақырды».

Премьер-министрдің бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда баспасөз мәслихатын өткізуге қазақстандық кейбір ақпарат құралдарында жаңа одаққа қарсы пікірлердің көбеюі және Еуразия экономикалық одағы туралы ақпараттардың жеткіліксіздігі себеп болған.

«КЕЛЕШЕК ҮШІН ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ»

Үкімет мүшелерінің баспасөз мәслихатынан кейін және Мәскеудегі үш ел премьер-министрлерінің кездесуі қарсаңында қазақстандық ресми БАҚ-тың Еуразия Одағы туралы ақпаратты көбейтуге тырысқаны байқалды. Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағының Қазақстанға пайдалы тұсы туралы үздіксіз үгіт-насихат жазып келе жатқан ресми БАҚ бұл жолы кәсіпкерлер мен экономистерді, қаржыгерлерді сөйлетті.

«Егемен Қазақстан» газеті сәуірдің 11-і күні шыққан нөмірінде айқарма бетін «Еуразия Одағы – дамудың жаңа мүмкіндігі» дейтін бас тақырыппен бір топ мақаланы топтастырып берді.

"Егемен Қазақстан" газетінің 1993 жылы 4 қараша күні жариялаған "Қазақстанның өз ақшасын айналымға шығару егемендікті жариялаудан қиын болмас" мақаласы. (Көрнекі сурет)

"Егемен Қазақстан" газетінің 1993 жылы 4 қараша күні жариялаған "Қазақстанның өз ақшасын айналымға шығару егемендікті жариялаудан қиын болмас" мақаласы. (Көрнекі сурет)

​Соның ішінде «Ұлттық валютаның мығым болуына жаңа мүмкіндік», «Ғылымды дамытуға жасалатын жағдай» атты мақалалар мен сұхбаттарда Еуразия экономикалық одағының Қазақстанға пайдасы туралы сөз болған.

Сол күнгі нөмірінде «Айқын» газеті Еуразия экономикалық одағын «келешек үшін жасалған қадам» деп сипаттаса, «Литер» газеті оны «Выход из сырьевого лабиринта» деп бағалады.

Сәуірдің 12-сінде жарық көрген нөмірінде «Казахстанская правда» газеті «Евразийский экономический союз – новый уровень сотрудничества» дейтін бас мақала берді. «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары «Еуразиялық экономикалық әріптестіктің елге берері мол» дейтін тақырыпты әрі қарай жалғастырды.

«ҚИЫНДЫҚ ТА ТУАТЫНЫН ЕСКЕРТПЕЙДІ»

Мемлекеттік БАҚ-тың Еуразия экономикалық одағын тек пайдалы жағынан көрсетуінің себебі туралы Азаттық тілшісі бірқатар журналистердің өздеріне қойған еді.

"Хабар" телеарнасын көріп отырған Алматы тұрғыны. (Көрнекі сурет)

"Хабар" телеарнасын көріп отырған Алматы тұрғыны. (Көрнекі сурет)

«Хабар» арнасының бұрынғы журналисі Жолымбет Мәкішевтің айтуынша, ресми БАҚ Еуразия экономикалық одағының нақты пайдасы қандай екенін түсіндірудің орнына, тек бір бағытта жалаң жарнамалап жатыр.

«Әлі күнге дейін Еуразия Одағының түпкі пайдасы не екенін ашып та айтпады. Кей бизнесмендердің қарсы шығып жатқанын да эфирден көрсетіп, халықтың өзінің ой түюіне мүмкіндік беруге болар еді. Бірақ мемлекеттік тапсырыс олай емес» дейді Жолымбет Мәкішев.

Журналист Сергей Расовтың пікірінше, мемлекет қаржыландыратын ресми ақпарат құралдарының биліктің сөзін сөйлеуі – заңдылық.

«Мені маңызды оқиға болар алдында, яғни Қазақстан одақ шартына қол қояр тұста биліктің ол туралы халыққа түсінікті етіп мәлімет жеткізе алмағаны таңғалдырады. Тек жақсы жағын ғана емес, қандай қиындықтар болуы мүмкін екендігін де түсіндіруі керек еді. Әлі күнге халықтың пікірін анық білдіретін
Жақсы жағын ғана емес, қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін де түсіндіру керек еді. Әлі күнге халық пікірін білдіретін әлеуметтік сауалнама да жүргізілмеді.
әлеуметтік сауалнама да жүргізілмеді. Қолдаушылар мен қарсыларды бір үстелдің басына отырғызып, пікірталас жасамағаны, сөйтіп әртүрлі көзқарас барын баспасөз арқылы таратпағаны түсініксіз» дейді ол.
Азаттықтың Еуразиядағы интеграциялық одақтар туралы мақалаларын оқыңыз: Еуразия Одағына апара жатқан ұйымдар және Еуразия Одағының үнсіз құрылған үкіметі

«ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ – КРЕМЛЬДІҢ ЖОБАСЫ»

Мемлекеттік БАҚ-тың үгіт-насихаттық тұрғыдағы ақпараттарына қарамастан Еуразия экономикалық одағы келісіміне қол қояр кез жақындаған сайын қарсы пікір айтушылар да көбейе түсті. Мұндай пікірлер соңғы кездері қазақстандықтар саяси ой-пікірлерін ашық айту алаңына айналған Facebook әлеуметтік желісінде жиі көрінді.

Қоғамдық белсенді Айдос Сарым Facebook парақшасында «Кеден Одағы мен Еуразия Одағының басты мақсаты – Ресей монополистері мен бизнесін қолдау» деп жазады.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин.

Еуразия Одағына қарсы риторикасымен танылып жүрген қоғамдық белсенді Серікжан Мәмбеталин осы желідегі парақшасындағы пікірін Қазақстан президентіне «ашық хат» түрінде жазып, Еуразия Одағынан бас тартуға шақырады.

Сәуірдің 12-сі күні Алматы қаласында өткен «Антиеуразиялық форумда» да Кремль бастаған жаңа одаққа қарсы қоғамдық белсенділер наразы пікірлерін білдірді. Форумда сөз алғандар Қазақстанды «тәуелсіздігін жоятын одаққа кіргізуді тоқтату» қажеттігін айтып, Қазақстан президенті Назарбаевқа «бұл ісі қателікке ұрындыратынын, жауапкершілік тек өз мойнына жүктелетінін қатаң түрде ескертті», «Еуразия экономикалық одағы елдің ішкі жиынтық өнімінің өсуіне, халыққа жұмыс тауып беруге көмектеспейді» деген мәлімдемелер жасады.

Еуразия Одағына қарсылық білдірушілердің пікіріне Ресей-Украина шиеленісі көбірек ықпал ете бастағаны байқалады. «Антиеуразиялық форумға» қатысушылардың кейбірі: «Еуразия Одағы – өзімен бауырлас Украинаға басып кірген Кремльдің империялық амбициясынан туындаған жоба» деп бағалады.

Антиеуразиялық форумға келген жұрт. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.

Антиеуразиялық форумға келген жұрт. Алматы, 12 сәуір 2014 жыл.

Еуразия экономикалық одағына қарсы соңғы акциялардың бірі сәуірдің 14-і күні Астана қаласында өтті. Ресей елшілігі алдында Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына кіруіне жалғыз наразылық білдірген белсенді Мұратбек Арғынбековті полиция ұстап әкетті.

Қазір Кеден Одағының мүшелері болып саналатын Ресей, Қазақстан және Беларусь Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге биыл мамыр айында қол қояды. Келісім-шарттың 800 беттік жобасы бұған дейін интернетте жарияланған еді. Онда Кеден Одағына мүше елдердің келісім-шарттың кейбір тұстарына қатысты ескертпелері, келіспейтін тұстары да көрсетілген.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG