Accessibility links

Бізде не билік, не халық ақымақ - екінің бірі!


Президенттің халыққа жолдауын "Хабар" арнасы көрсетіп жатыр. Астана, 6 наурыз 2009 жыл.

Президенттің халыққа жолдауын "Хабар" арнасы көрсетіп жатыр. Астана, 6 наурыз 2009 жыл.

Сыныптай сырғып өте шыққан өткен аптаның шоң «өтірігін» білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтып салды.


Cәуірдің 12-сі теледидардан көрдік - қазақ оқымыстылары кәсіби мерекелері – ғылым қызметкерлері күніне орай алқалы жиында бас қосыпты. Тай-тұяғына дейін қалмай келген оқып-тоқығандардың алдында министр Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасап, онысының сәнін «Қазақстан елі әлемдегі ең оқымысты, ең ақылды халық» деген сөзімен аямай тұздықтапты. Бастарына оқу өтіп кеткендер бұған дуылдатып қол шапалақ ұрысыпты.

Меніңше, министрдің бұл айтқаны - енді қып-қызыл өтірік! Егер қателессем, онда біздің биліктегі шенділердің бәрі ақымақ болып шығады!

Мәселен, ақылды адам деген кім? Оқымысты, ақылды адам деген - ең алдымен, зейінді, зерек адам. Олар бір естігенін, бір көргенін, бір оқығанын дереу санасына құйып алады. Оларға қайта-қайта бір нәрсені түсіндіріп жатудың мүлдем қажеті жоқ. Зерек, зейінді, ақылды адам түсінбеген затына өзі іздеп жүріп жауап тауып алады. Ал, енді біздің халық сондай ма? Меніңше, жоқ! Менің қадірлі де қасиетті жұртым - барып тұрған ақпақұлақ ел...
Әр министрлік не агенттік, одан әр басқарма, әр облыс, әр аудан, әр ауыл әкімшіліктері ...жолдаудың үтірі мен нүктесіне дейін жіліктеп шағып, ұғындыруға білек сыбана кірісіп кетті.

Қазақстан халқына арналған президенттің жолдауын мысалға алайықшы. Жыл басында Назарбаев дәстүрлі жолдауын жасады. Мемлекеттік ірі телеарналар одан еш жерін үзіп-кеспей, тікелей көрсетілім берді. Кешкі жаңалықтардың бар айтары да соның жырына ұласты. Апталық қорытынды жаңалықтар да тек осы құжатқа тоқталды. Республикалық газет-журналдар, радиолар да осындай сипатта асып-төгіп насихат жүргізді. Яғни, жолдауды теледидардан көрмей қалғандар газет-журналдан оқып, басылымды бағаламайтындар радиодан тыңдап дегендей, ақылды да зерек халық жолдаудың мәнін бір сәтте түсініп алуы шарт еді. Жоқ олай болмады - елге жолдауды дұрыстап түсіндіруге жүз шақты облыстық телеарна, газет, журнал, радио қосылды. Қосымша көмекке әр қала, облыс орталығы көшесінің әр қиылысына ілінген билбордтар тартылды. Алайда, мұнымен іс бітпеді. Халықтың санасына нұрлы жолдауды шегелеп құюға мыңдаған аудандық деңгейдегі түрлі баспасөз шанаға жегілген иттердей қосылды. Қош, сонымен тәмам болды ма? Әлбетте жоқ.

Қайыс креслоға жамбасын желімдеген ақжағалылар халықтың ой-өрісіне күмәнданды ма - түсіндіру науқанының екінші кезеңін де іле-шала бастап жіберді. Енді әр министрлік не агенттік, одан әр басқарма, әр облыс, әр аудан, әр ауыл әкімшіліктері түрлі жиындар өткізіп, жолдаудың үтірі мен нүктесіне дейін жіліктеп шағып, ұғындыруға білек сыбана кірісіп кетті.

Алғашқы «жарапазан» науқанынан жауыр болып оралған бұқаралық ақпарат құралдары көтерем түріне қарамай, осы екінші айналымға қайтадан баяғы әдеттерінше жалаулатып шаба жөнелді. Нәтижесі қандай? Ел жолдаудың мәнін түсінді ме? Санасына сіңірді ме? Мағынасына бойлап, ой-өрісін арттырды ма? Мемлекеттің бағыт-бағдарына өз бағасын берді ме? Қалай десек те, санасыздардың өздері Назарбаевтың жолдауын жаттап алатындай жарнама жүрді ғой, ал біздің халық бәрін түсініп, болды ма? Болмаған секілді.
Бір емес, екі емес, он бесінші-жиырма алтыншы мәрте көргенін, естігенін, оқығанын түсінбейтіндей біздің халыққа не болған?

Бұлбұлдай сайраған зиялы қауымнан соң, халыққа президенттің жолдауын түсіндіруге мәжіліс депутаттары ел ішіне сапарлап барып келді. Құдай-ау, сонда бір емес, екі емес, он бесінші-жиырма алтыншы мәрте көргенін, естігенін, оқығанын түсінбейтіндей біздің халыққа не болған? Әрбірден соң жолдау деген түбіне терең бойлап, бар ғұмырыңды танып білуге арнауға тұратын Құран емес, жай ғана бағдарлама ғой!

Сан мәрте қайталағанды санасына сіңіріп алмаса, алдағы уақытта басталмақ, дүрмегі сұмдық жолдауды талдау мен қолдау науқандарына қалың жұртым қалай қатыспақ?! Алты алашым кемеңгер ақылды болса, «ел үшін ұйқы көрмеген» шенді-шенеуніктер осылайша арамтерге түсіп, таңнан-кешке дейін жамағатқа жолдауды айтып, қызылмай жұтпас еді ғой.

Әлқиссамызға оралсақ, сөзіміздің тоқ етері - Бақытжан Жұмағұлов өткен аптада «Қазақстан тұрғындары - әлемдегі ең ақылды халықтың бірі» деп күллі оқымыстыларды алдап кетті.

Р.S. Айтпақшы, сіз өзіңізді ақылды санайсыз ба? Ақылды болсаңыз, былтырғы немесе одан арғы жылдардағы жолдаулар не туралы еді? Айтып жіберіңізші, пожалуйста!

aigaitasss@yandex.ru

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG