Accessibility links

«Көрінбейтін көкелер» – билікке ыңғайлы құрал»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

«Көрінбейтін көкелер» институты Қазақстаның саясаты мен экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Олар бүгінгі биліктің сойылын соғып отыр» дейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.


Қазақстан баспасөзінде, әсіресе орыс тіліндегі басылымдарда жоғарыда отырған құдіретті «көкелер» туралы көп айтылып, тілге тиек болады.

Қазақстандағы юмористік интернет сайттары да қазақ қоғамында «көрінбейтін көкелер» институтының бар екенін аңғартса керек.

«Көрінбейтін көкелер» өзінің тамыр-таныстарының деңгейіне (яғни ел басшылығынан бастап, ақыр аяғы әкіммен, прокурормен байланысына қарай) тек экономикалық мәселелерді ғана емес, саяси мәселелерді де өз ыңғайларына қарай бұра алады. Мысалы, соттың немесе тендерлік комиссияның шешіміне, әлдебір шенеуніктің қызмет баспалдақтарымен едел-жедел секіруіне, бизнесменнің мемлекеттен аста-төк пайдасы бар тапсырыс алуына, қарапайым адамдардың пәтер алуына «көрінбейтін көкелердің» тигізер септігі мол.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар осы «көрінбейтін көкелер» феноменін, оның Қазақстандағы рөлі мен мәнін талқыға салды.

Дөңгелек үстелге қатысқандар: Әміржан Қосанов – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы; Александр Перегрин – кәсіпкер (Astrex limited компаниясының директоры), бұрынғы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты; Қанағат Тәкеева – «Қорғас» кедені басшылығына қарсы мәлімдеме жасаған кәсіпкер; Ержан Досмұхамедов – тіркелмеген «Атамекен» партиясының жетекшісі.

Дөңгелек үстелдің модераторы – Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

«КӨРІНБЕЙТІН КӨКЕЛЕР» ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Жүргізуші:

- «Көрінбейтін көкелер» билігінің астарында не жатыр? Ол қашан, қалай пайда болды? Оған биліктің қатысы бар ма?

Қанағат Тәкеева:

– Менің ойымша, «көрінбейтін көкелер» өз алдына құбылыс ретінде Қазақстанның қалыптасу кезеңінде, шамамен 1997 жылдары пайда болды. «Көрінбейтін көкелер» дегеніміз кімдер? Негізінен, оларға бизнеспен
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева «Қорғас» кеденіндегі заңсыз алымдар туралы мәлімдеме жасап отыр. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
шұғылданатындар кездеседі.

Бүгінде «көрінбейтін көкелер» қазақ қоғамының ажырамас бөлшегіне айналды. Аса маңызды мәселелердің барлығын солар шешеді. Бизнесте ғана емес, саясатта да солай.

Бұрын мұндай «көкелердің» қатарына 50-60 жас шамасындағы адамдарды қосса, қазір жас жігіттер де – біреудің «көкесі». Олар тасада тұрып-ақ ел билігіне ықпал етеді.

1990 жылдардың соңына қарай «көрінбейтін көкелердің» қатарына аты-жөндері елге белгілі адамдар кірді. Яғни олардың министрлікте немесе күш құрылымдарда дөкей танысы бар деген сөз еді.

Менің ойымша, билік «көрінбейтін көкелердің» қызметіне мүдделі емес. Өйткені олар бүкіл қоғамның әрі қарайғы дамуына ықпал ете алатындай аса маңызды мәселелерді шеше алады. Мұнысы кейде билікке ұнамауы да мүмкін. Егер оған бұрын көз жұма қарап келсе, қазір «көкелермен» тартысып қалатындар да бар. Өзім осындай жайттардың біріне куә болғанмын.

Әміржан Қосанов:

– Біріншіден, мен қазақ тілінің патриоты ретінде «көке» деген терминді жағымсыз мағынада қолдануға қарсымын. Бірақ біз бұл феноменнің қазақ қоғамында бар екенін, кейде тіпті ресми биліктен де ықпалдырақ болатынын көріп те, сезіп те жүрміз. Айталық, әкім немесе министр өз әрекетіне формальды түрде болса да жауап берсе, сіздер айтып отырған «көрінбейтін көкелер» институты өз мойнына ешқандай жауапкершілік алмайды.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі жиырма жылда «көрінбейтін көкелер» институты барынша гүлденді. Қоғам тарапынан бақылау жоқ. Керек болса, тәуелсіз журналистердің өзі (орталықты айтпағанда) билікке ықпал етіп отырған әлдекімдердің атын атап, түсін түстеп беруден аяқ тартады. Қазақстан экономикасы мен үлкен саясатындағы «көрінбейтін көкелердің» кім екенін бәріміз де біліп отырмыз.

Қазір, тіпті, билікшіл саясаткерлердің өздері Назарбаевтан кейінгі кезең туралы айта бастаған кезде әлгіндей «көкелер» де Назарбаев орнынан кеткеннен кейін жағдайдың қай бағытта өрбитіні туралы жан-жақты ойластырып отырғаны анық.

Алайда «Билік «көрінбейтін көкелердің» қызметіне мүдделі емес» дейтін Қанағат ханымның пікіріне келісе алмаймын. Керісінше, олардың қызметіне дәл осы билік мүдделі.

Біріншіден, қазіргі биліктің тұтқасын ұстап отырғандардың көпшілігі – сол «көкелердің» қызметке өз қолдарымен қойған балалары. «Ана бала, немесе мына бала әкім болсын, я болмаса министр болсын» деп, тасада отырып
Қазіргі биліктің тұтқасын ұстап отырғандардың көпшілігі – сол «көкелердің» қызметке өз қолдарымен қойған балалары
биліктің тағдырын шешетін – осы «көкелер».

Екіншіден, «көрінбейтін көкелер» институты – билікке моральдық нормалар мен ашық экономика заңдарын айналып өтуге көмектесетін ыңғайлы құрал.

Менің білуімше, «көрінбейтін көкелер» көбіне ақсақалдар кеңесінен бастау алады. Ардагерлер кеңесінде отырғандардың көпшілігі бұрынғы бірінші хатшылар, коммунистік партияның қайраткерлері. Сырт қарағанда, олар жай ғана ардагерлер қоғамының төрағалары.

Мен, тіпті, ондай жерлерде рулық белгілер де көп рөл атқаратынын білемін. Бұрынғының аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарының ізін бастық деп жүрген мұндай адамдар әкімді өз пайдасына жығуды ғана көздейтін, қара басының қамынан аспайтын «көкелерге» айналып кетті.

Нақтылы бір қаржылық институттарға, топтарға, меншік түрлеріне қарай бөліну арқылы «көкелер» де жіктеле бастады. Қазіргі «көкелердің» барлығы да белгілі бір топтың сөзін сөйлеп, күйін күйттеумен айналысады.

Ержан Досмұхамедов:

– Қазақша «көке» немесе орыс тілді басылымдарда айтылып жүрген «агашка» деген ұғымды бір жағынан жаңа, екінші жағынан ескі деуге болады. Өкініштісі, бұл терминнің түпкі мәні түбірімен өзгеріп, биліктегі «мафия»
Ержан Досмұхамедов, тіркелмеген «Атамекен» партиясының жетекшісі. Прага, 13 қаңтар 2009 жыл.
деген мағынаны білдіретін болды.

Тимур Құлыбаевпен бірге жұмыс істеп жүрген кезімде ол өзінің басты міндеті «көкелермен» келіссөз жүргізіп, сөз байласу екенін бірнеше рет айтып, мақтанғаны есімде. Бұл осынау паразиттік құбылыстың біздің өмірімізге қаншалықты дендеп енгенінің айқын көрінісі.

Талқыланып отырған бұл мәселе – өте өзекті тақырып. Өйткені ресми билік неғұрлым әлсіреген сайын биліктің көлеңкелі институттары соғырлым күшейіп, шектен шыға түседі.

Александр Перегрин:

– «Көрінбейтін көкелер» – тамыр-таныстары, ақшасы мен жеке басының қасиеттеріне орай қоғамда белгілі бір беделге ие болған адамдар. Олардың Қазақстанда пайда болуына құқықтық жүйенің енді ғана қаз тұра бастағаны себеп болды.

Сот-құқықтық реформа – ең күрделі бағыттардың бірі. Сондықтан әлі орныға қоймаған жүйенің жанында қоғамды реттеп отыратын күштер, яғни «көрінбейтін көкелер» пайда болады. Беделді адамдар арқылы қоғамға ықпал жасау – кез-келген қоғамда баяғыдан бар құбылыс. Бірақ дәл қазіргі жағдайда Қазастанда бұл құбылыс айрықша көзге түсіп, жаппай етек алғаны рас.

Құқықтық реттеудің жеткіліксіздігі салдарынан кейде биліктің өз ішінде де «беделді адамдар» мен әлеуметтік топтардың қатынасына ұқсайтын қарым-қатынас пайда болады. Мәселен, Өзбекстанда махаллалардың ықпалы өте күшті. Бір адам басына іс түссе, оның шешімінің 90 пайызы «беделді адамның» бір ауыз сөзіне тәуелді.

Әрине, бұл институтты ешкім де ойлап тапқан жоқ. Ол объективті құқықтық вакууммен қатар жүретін құбылыс. Мемлекет құқықтық жолмен реттей
«Көрінбейтін көкелер» биліктің қалауымен ғана дүниеге келеді деуге болмайды. Бұл институт құқықтық вакуумның орнын толтырады, ал ол қаншалықты заңды – бұл енді басқа мәселе.
алмаған мәселелерді тасадағы институттар өзара бедел арқылы реттеуге кіріседі.

Егер бұл институт болмаса, оның орнына міндетті түрде басқасы шығар еді. Ол тіпті қылмыстық институт болуы да мүмкін. Сондықтан «көрінбейтін көкелер» биліктің қалауымен ғана дүниеге келеді деуге болмайды. Бұл институт құқықтық вакуумның орнын толтырады, ал ол қаншалықты заңды – бұл енді басқа мәселе.


«КӨКЕЛЕРДІҢ КӨКЕСІ» – АҚОРДАДА

Жүргізуші:

– Қазақстанның саяси, экономикалық және күнделікті тыныс-тіршілігінде «көрінбейтін көкелердің» рөлі қандай?

Александр Перегрин:

– Биліктің «көлеңкедегі көкелермен» ымыраласып жұмыс істейтіні басы ашық мәселе, бірақ сонымен бірге олар – өзара бәсекелес институттар. Биліктің қолындағы құрал – сол мемлекеттің заңы. Ал кез-келген қоғамдық балама
Бірақ дәл қазір «көрінбейтін көкелер» – қоғамға қажет институт
құрылымдар – оған бәсекелес. Билік қалай дегенмен де күштірек, сондықтан ерте ме, кеш пе бұл құбылысты ақыры жеңеді. Онда да құқықтық тұрғыда жеңетін болар деп үміттенемін.

Бірақ дәл қазір «көрінбейтін көкелер» – қоғамға қажет институт. Меншік түрлері әлі толық дамымаған бүгінгі жағдайда Қазақстанның «көрінбейтін көкелер» институтынсыз қалай өмір сүретінін көз алдыма елестете алмаймын.

Ержан Досмұхамедов:

– Менің ойымша, ұлттық және тарихи сипаты айқын ақсақалшылдықты бүгінгі билік қоғамға өңін айналдырып, әдейі тықпалап отыр. Біздің саясатымыздың да, экономикамыздың да сықпыты келісіп тұрғаны шамалы, сондықтан ел азаматтарының ол жөнінде жан-жақты және толыққанды ақпарат алуына жол бермеудің барша амалы жасалып келеді.

Мемлекет қоғамдағы сыншыл ой-пікірлерді мақсатты түрде жойып отыр. Біріншіден, объективті толық ақпарат бермейді, екіншіден, сыни ой-пікірді жөргегінде тұншықтырады, яғни саяси қарсыластарының көзін жойып жібереді. Осы ретте қоғамдық сананы өзіне бейімдеу үшін, халықтың наразы топтары бір-бірімен қосылып кетпес үшін ел ішінде беделді «көкелердің» қызметін пайдаланады.

Үлкенді сыйлау, ақсақалды құрметтеу – қазақтың ата дәстүрі. Билік осыны бүгінгі «көкелерге» қатысты қолданып отыр. Әсіресе елде болып жатқан уақиғалардан толық ақпарат ала алмайтын жерлерде мұндай «көкелердің» рөлі күшті. Мен бұл ретте орталықта немесе сонау жоғары жақта болып жатқан жайттар туралы анық ақпараты шектеулі шалғайдағы ауыл, аудан, облыс тұрғындары туралы айтып отырмын.

Озбыр режимнің қызметінде жүрген бұл институтты саяси тұрғыдан пайдалануда бір-ақ мақсат бар, ол – билеуші отбасы мен оның төңірегіндегілерді байыған үстіне байыта түсу.

Қанағат Тәкеева:

– Мен Қосанов мырзаның сөзімен толық келісемін. Расында да билік «көрінбейтін көкелерді» жасап шығарды. Өз басым мұндай адамдарды «көкелердің» емес, жемқор шенеуніктердің санатына жатқызар едім. Бизнесте жүріп жап-жас жігіттердің де біреуге «көке» болып жүргенін көрдім. Билік төңірегінде ешкімі болмаса да, бұлар ел экономикасының жекелеген бөлігін басы бүтін бауырына басып, былық-шылықтың ордасына айналдырған. Күш қолдану, білек көрсету арқылы ел экономикасының майлы бөлігіне бақылау орнатқан. Осындай жағдайдан кейін шенеуніктер де жемқорлыққа бата бастайтыны түсінікті. Бірақ мен оларды «көкелердің» қатарына қоспас едім.

Бизнес өкілдері бұрын да «көрінбейтін көкелердің» алдына барып жүгінетін, «көкелердің» белгіленген «үлесі» болатын, үлесін алған соң олар да істі ымыраға келтіріп, шешіп беретін еді. Ал қазір, әсіресе қаржы дағдарысы басталғалы, барлығы шектен шықты.

Қазір мен шын мәнінде жойылуға шақ тұрған орта таптағы бизнесмендердің атынан сөйлеп отырмын. Бізге өз кәсіпорындарымызды жойып, жоғарыдағы «көкелердің» бақылауындағы ірі корпорацияларға қызметкер болудан өзге жол қалмай бара жатыр. Отандық экономикада осындай үрдіс байқалып келеді. Билік ақыр түбі өзін де жұтып қоятын құбыжық өсіріп отыр деп санаймын.

Шағын және орта бизнес өкілдерінің идеялары көп, соны қолдайтын жоғарыда отырған қолы ұзын «көкелері» жоқ. Біз өз идеямызбен, өз
Қайда барсаң да, алдыңнан біреудің «көкесі» шығады.
күш-жігерімізбен ғана бизнесті дамытуға ұмтылып келеміз.

Ал бірақ ел экономикасы оны тері үстінен бөліп алған санаулы топтың қолында. Барша экономиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған олар өз күшіне ғана сенетін бизнесменге күн көрсетпейді. Қайда барсаң да, алдыңнан біреудің «көкесі» шығады.

Бір сөзбен айтқанда, ел экономикасы тұншығып жатыр деуге болады.

Әміржан Қосанов:

– Саясат дегеніміз – экономиканың бет-бейнесі. Кез-келген қоғамда солай. «Көрінбейтін көкелер» экономикалық мәселелерді шешуге ықпал ете отырып,
«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.
автоматты түрде саяси жағдайға да ықпал етеді. Бірден айта кетейін, оның ықпалы өте күшті. Біз қаласақ та, қаламасақ та, құрметті Қанағат, жемқор шенеуніктерді «көрінбейтін көкелерден» бөліп ала алмаймыз. Өйткені ол екеуі – бір-бірінен ажырағысыз дүние.

Мұндай паразит институт кез-келген өркениетті қоғамның дамуына теріс ықпал ететіні белгілі. Ал біз тек «көкелеріне» ғана сенетін жас буынды, соның ішінде бизнесмендерді тәрбиелеп отырмыз.

Қанағат «бұрын «көрінбейтін көкелерге» беретін параның көлемі аздау еді, енді тіпті көбейіп кетті» деп қынжылады. Кім кінәлі? Кінәлі – «көрінбейтін көкелерді» алдына салып отырған Ақорда мен билік. Сондай-ақ, жол полициясына пара беріп дәндеткен жүргізушілер секілді, «көкелеріне» ақша
Кім кінәлі? Кінәлі – ...«көкелеріне» ақша бері жаман үйреткен бизнестің өзі
бері жаман үйреткен бизнестің өзі. «Не ексең, соны орасың»...

Кезінде оппозициялық саясаткерлер әділ сайлау өткізу, билік институттарын жария жолмен қалыптастыру жөнінде айтқан кезде шағын және орта бизнес оппозицияны қолдамады. Қазір де ашық қолдап жүргендері некен-саяқ. «Көрінбейтін көкелер» институты экономикаға, бизнес пен қаржылық қорларды бөлуге неғұрлым тереңдеп енсе, шағын және орта бизнес өкілдері қауіптің қайдан екенін соғұрлым жақсырақ түсіне бастайтын болады.

Мысалы, Қанағат кеше бастаған күресінде жалғыз өзі, бәлкім, жеңіп те шығар. Ол дұрыс жолды таңдады. Туған-туысқандарына да қатер төндіргеніне қарамастан жүйенің кемшіліктерін қоғам алдында ашық айта бастады. Бірақ Қанағат жеңгенмен басқалар қайтеді? Сондықтан, менің ойымша, шағын және орта бизнес өзінің өндірістік қуатының өсімімен, экономика проблемаларымен шұғылданумен ғана шектеліп қалмай, саяси өзгерістерге де көз тігіп, жүйені өзгертуге ұмтылып жүрген саяси партиялар мен демократиялық институттарға түсіністікпен қарайтын уақыттары жетті деп ойлаймын.

Әзірге ешқайсымыз президент Назарбаевтың төңірегіндегі «көрінбейтін көкелер» туралы айта қойған жоқпыз. Президент әкімшілігінің де, өз алдына билік тармағы болып саналатын парламенттің де, мүйізі қарағайдай министрлері мен әкімдері бар үкіметтің де президентке ықпалы оның жақын төңірегінде жүрген бірер адамның ықпалының қасында жіп есе алмайтынын бәріміз де жақсы білеміз.

Мемлекеттік саясатты қалыптастырудың византиялық құрылымы, тіпті белгілі бір лауазымды қызметі жоқ адамның өзіне мемлекеттік тұрғыдан маңызды шешімдер қабылдайтын президенттің есігін айқара ашуға мүмкіндік береді. Егер біз президенттің жақын төңірегіндегі «үлкен көкелерден» құтыла бастасақ, онда қоғам, бәлкім, осы бір тасадағы биліктен құтылып қалар.

Мен ел ішін жиі аралаймын. Сондайда оппозицияға қатысы жоқ қарапайым адамдармен де, бизнесмендермен де тілдесіп жүрмін. Ешқайсысы биліктің бүгінгі сызып берген жолымен жүргісі келмейді. Жаһандану жүріп жатыр. Жастар бізден басқа жерде де «жарқын» өмір бар екенін, керек болса губернаторды жауапқа тарта алатын соттар, АҚШ-тың вице-президентін қызметтен кетуге мәжбүрлей алатын тәуелсіз журналистер болатынын көріп отыр.

«Көрінбейтін көкелердің» дәурені аяқталар кез болды. Әділ сайлау өткізсек, билік институттарын жария түрде құрсақ «көкелер» атқаратын іс те қалмайды.


«РУШЫЛДЫҚ ПЕН ЖІКШІЛДІКТІ ӘДЕЙІ УШЫҚТЫРЫП ОТЫРАТЫН – БИЛІКТІҢ ӨЗІ»

Жүргізуші:

– russkie.org сайтында Григорий Вешняков деген аутор Қазақстанда «бұлғақ кезеңі» бола қалса (Қырғызстандағы оқиғаларды меңзеп отыр), әр өңірдің руластары мен тайпаластарын бастап шығатын өз «көкелері» бар деп жазады. «Қазақстанда «тақ таласы» күшейсе осы «көкелердің» барлығы іске кірісері сөзсіз» дейді Григорий Вешняков. «Белгісіз жағдай» туғанда «тасадағы көкелер» биліктің қолайына жағатын іс атқара ала ма?

Қанағат Тәкеева:

– Әрине, қырғыз оқиғасының бізде қайталанғанын ешкім де қаламайды. Мен де жергілікті жерлерде әртүрлі адамдармен кездесіп жүрмін. Барлығы да түбегейлі өзгерістер күтіп отыр. Олар бұрынғыдай «көкелеріне» сүйенуді
Заңгер Сергей Уткин (сол жақта) және кәсіпкер Қанағат Тәкеева баспасөз мәслихатында. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
қойып, тек өз күштеріне ғана сенбесе болмайтынын түсіне бастаған сияқты.

Біз өткізген баспасөз конференциясында заңгер Сергей Уткин елдегі жемқорлық жайында соңғы жылдары бизнесмендер алғаш рет жария түрде айтып отыр деп атап өтті.

Біз, міне, осылайша ашық мәлімдеме жасайтын жағдайға дейін жеттік. Өйткені жоғарыда отырған «көкелерге» сеніміміз жоғалды. Мұндай «көкелер» қарапайым азаматтарды ұмытты, халыққа қарсы жаққа шықты – сондықтан өз құқымызды жария түрде талап етуге мәжбүрміз. Біз заңның орындалуын талап етеміз.

Александр Перегрин:

– Егер алмағайып уақыт туа қалса, расында ондай «көкелер» өз рөлдерін атқарары сөзсіз. Ресейдің де, мәселен, өз «беделділері» бар. Бұл институттың Қазақстандағы тамыры тереңде, сол себепті де кейде тым ашық кетеді.

Әміржан Қосанов:

– Рушылдық пен жүзшілдік – қарау адамдардың ісі. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дейтін қазақ өз жерлестері мен туған-туыстарына қызмет беріп, өзгеден ерекше жағдай жасағандарды жек көреді. «Тақ таласында» мұндай құбылыс өршіп кетеді деп жазатын Вешняков мырзаның сөзі – қате.

Егер сондай бір жағдай бола қалса, мәселен, президент Назарбаев өзінен кейінгі мұрагерге жол ашу үшін президенттік институттан алшақтай бастаса немесе қандай да бір форс-мажорлық жағдайда ру-тайпалық көсемдер атқа қонамын дегенше, қазіргі биліктің төңірегінде жүрген кландар, миллиардерлердің топтары, өзін Назарбаевтан кейінгі бірден-бір президент сезініп жүрген адамдар мәреге жетіп те қояды.

Үш баланың әкесі, Қазақстан Республикасының азаматы және саясаткер ретінде мен осыдан қорқамын. Демократиялық күштер президентті өзі кеткенге дейін (ерте ме, кеш пе – әйтеуір кетеді ғой) қоғамдағы тұрақтылықтың және биліктің бейбіт ауысымының кепілі ретінде көппартиялы парламент құруды ұсынып келеді. Ал бүгінгі президенттің орнына өз төңірегінде жүрген біреу дәл сондай құзыретпен президент бола қалса, басқа «көкелер» қарап қалмайды – өзара қызылшеке «төбелес» бастайды.

Сондықтан Вешняков мырзаның пікірі қате деп санаймын. Осы заманның қазағы ретінде оған біздің халқымыздың атына кір келтіретін мұндай күмәнді ой-пікірлерді айтпай-ақ қой деп кеңес берер едім.

Ержан Досмұхамедов:

– Рушылдық пен осыған орай туындайтын жікшілдік әрекеттерді әдейі ушықтырып отыратын – биліктің өзі. Бұл да – «Бөліп ал да билей бер» дейтін баяғы ескі әдістің бірі.

Шенеуніктерді шешуші мемлекеттік лауазымдарға тағайындаған кезде олардың қай өңірден және қай жүзден шыққаны Совет Одағының кезінде де ескерілетін. Президент әкімшілігінде жұмыс істегенімде де соны көрдім. Қазақстанның саяси ортасымен таныс адамдардың ешқайсысы да бұл фактіні жоққа шығара алмайды.

Қанағат айтып отырған бизнесмендердің дәл осы орта табын қолдау үшін 2006 жылы «Атамекен» партиясын құрдық. Қазақстан экономикасының тек майлы жілігін ғана асап үйренген, пайдасы шаш-етектен келетін салаларды иемденген бұл «көкелерді» орта бизнес мүлде қызықтырмайды. Көзге көрініп
Бизнесмен Владимир Нидің жерленген күні басына қойылған суреті. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
тұрған бүгінгі пайдадан басқаны ойлауға олардың өресі жетпейді. Олар үшін баюдың ең оңай жолы – мұнай немесе алюминий өндіру. Сосын сатып, ақшасын қалтаға басу. Бітті!

Мұндай партия құруымызға ең бірінші қарсы шыққан марқұм Владимир Ни еді. Біз құрылтай өткізген күннің ертесіне ол Сарыағашқа барды да, президентпен гольф ойнап жүріп, оған біздің партиямызды тіркемеу керектігін дереу жеткізе қойды. Өйткені Қанағат сияқты адамдарды топтастырып, өздерінің билігін шайқалтатын саяси құрылымдардың оларға түкке де керегі жоқ.

Шынында да, мұндай «көрінбейтін көкелер» қоғамда теріс рөл атқарып отыр. Қазақ халқын рулық белгілері бойынша жіліктеп отырған да – солар. Осынау көлеңкелі институт Қазақстандағы өзге этникалық топтардың саяси және экономикалық мүмкіндіктерін де шектеп отыр. Бұл институт қазақ халқына да, біздің республикамызды мекендеп отырған өзге ұлттарға да қатер төндіреді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет. Сау болыңыздар.
XS
SM
MD
LG