Accessibility links

Бүркітті Көкжайлаудан аулақта ұшырмақ


Бүркітті сақтау акциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00
Жүктеп алу

Бүркітті сақтау акциясы

Алматылық орнитологтар бүркіттің питомникте өскен үш балапанын бостандыққа жібермек. Саны азайып бара жатқан бүркіт Қазақстанның Қызыл кітабына сирек құс ретінде енген.

Қазақстандағы жыртқыш құстар бағатын жалғыз питомник – «Сұңқар» тәлімбақта өскен бүркіт балапандарын қыркүйектің 20-сы күні зоология институты ғалымдарына табыстады. Ғалымдар құстарды кейін босатып жібереді.

Бүркітті қорғайтын «Үлесіңді қос. Табиғатты сақта» бағдарламасы 2012 жылы басталған. Былтыр алғаш рет жеті құс еркіндікке жіберілген. Бұл үшін құсты балапан кезінде ұяға салады не есейген соң ұшырып жібереді.

Питомник директоры Ашот Анзоровтың айтуынша, бүркіт сәуір мен мен мамыр айларында жұмыртқалайды. Ұяға екі апталық балапанды салады. Ал екі айлық балапан ересек құсқа айналады.

САҚИНАЛЫ БҮРКІТ

Биыл үш құсты еркіндікке жібереді. Олардың бәрі табиғатқа бейімделуден өткен – яғни тірі жемді ұстауға үйреніп, өз тамағын өзі тауып жей алады. Құсты ұшырып жіберетін жерді де арнайы таңдаған. Ол маңда тышқан көп болуы керек. Құстарды Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Шарынның маңына апарып босатып жібереді.

Питомник қызметкерлері бүркіт салған жәшіктерді табыстап тұр. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.
Питомник қызметкерлері бүркіт салған жәшіктерді табыстап тұр. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.

Құстарды қабылдап алған орнитолог Андрей Коваленко былтыр ұяға салынған балапандарды қалай бақылағанын айтып берді.

– Ұядағыларын қазан айына дейін бақыладық. Олар радиусы бір-екі километр аумақтағы ұялардан аман-есен ұшып кетті. Балапандарды енелері бақты. Өздері де аң аулап көрді. Ұшып кеткеннен бері оларды байқаған жоқпыз. Оларға радио не спутниктік белгі бергіш құрал орната алмадық. Бірақ аяқтарына номері бар түрлі-түсті сақина тақтық. Табылатын шығар, – дейді ғалым.

Ол радиоқұрылғыны қымбат болғандықтан орната алмағандарын айтады. Ондай құралдың біреуінің құны 30 мың доллар екен. Андрей Коваленко болашақта құстың жыл он екі ай бойы қайда жүргенінен хабар беретін ондай құрал тағарларына сенеді.

БҮРКІТКЕ ҚАУІП ҚАЙДАН?

Қазақстанда қанша бүркіт бар екенін ешкім білмейді. Орнитолог Андрей Коваленко 2 мыңдай құс бар шығар деп жориды. Бүркітті санау – қиын шаруа, қазір тек жекелеген аумақтарды ғана қамтыған.

"Сұңқар" питомнигіндегі бүркіт. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.
"Сұңқар" питомнигіндегі бүркіт. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.

Бүркітке жайсыз аумақтың бірі – Қазақстанның ежелгі заманнан бүркітшілік өнері дамыған оңтүстік-шығысы. Бүркітке қауіп бүркітшілерден келеді, олар балапанды ұядан заңсыз алып кетеді дейді ғалымдар.

Бүркіт өмір сүретін аумаққа адамдардың етене енуі де құсқа жайсыз тиеді.

«Сұңқар» питомнигі Алматы маңындағы Алмарасан сайында орналасқан. Сайға кіреберісте 30-40 метр жерде шлагбаум бар, онда Іле Алатауы ұлттық табиғи паркіне кіретін адамдардан эко-салық алынады. Парк аумағындағы Көкжайлау сайында экологиялық белсенділерді наразы еткен құрылыс – тау шаңғысы курорты салынып жатыр.

"Сұңқар" питомнигіндегі сұңқарлар. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.
"Сұңқар" питомнигіндегі сұңқарлар. Алматы, 20 қазан 2014 жыл.

– Бүркіттің азығы есепті суыр азайып кетуі мүмкін. Бүркіт аулайтын кекілік, шіл мен қырғауыл кемиді. Жемі азайса, бүркітке де кесірі тиеді. Мұның әсері болуы мүмкін. Ол маңда ұясы болса, құс тастап кетеді, – дейді орнитолог Андрея Коваленко.

«Сұңқар» питомнигі 25 жылдан бері 643 сұңқарды еркіндікке жіберген. 2007 жылы бюджет қаржысы есебінен 60 сұңқар ұшырылған, өзгесін жеке ұйым – питомник қаржыландырған дейді мекеменің қаржылық директоры Галина Осипова.

Ширек ғасырдан бері жалғыз коммерциялық ұйым ғана құсты, соның ішінде бүркітті қорғауға ынта танытқан.

XS
SM
MD
LG