Accessibility links

«Тараз Қуаныш-құрылыс» компаниясы жұмысшыларының аштық акциясы көшенің қақ ортасында басталды


Тараз қаласының тұрғыны Гүлмира Қуанышбекова "Таразқуаныш-курылыс" компаниясына қарсы наразылық акциисында. Тараз, 26 желтоқсан, 2008 жыл.

Тараз қаласының тұрғыны Гүлмира Қуанышбекова "Таразқуаныш-курылыс" компаниясына қарсы наразылық акциисында. Тараз, 26 желтоқсан, 2008 жыл.

Өткен жұмада «Тараз Қуаныш-құрылыс» компаниясының 30 жұмысшысы жалақының уақтылы берілмеуіне наразылық ретінде аштық жариялады.

Біздің Тараздағы тілшіміз жалақының кешіктірілу себебін зерттеп көрген еді. Жұмысшылар Азаттық радиосының тілшісіне «Тараз Қуаныш-құрылыс» компаниясының өздерін Ақмола облысындағы Бурабай балалар санаторийін жөндеу жұмысына жалдағанын айтып берген. Михаил Беляев құлдық жағдайында жұмыс істегендерін әңгімеледі:

- Біздің барлығымызды алдап соқты. Бізге 500-ден 1000 долларға дейін төлеуге уәде берген-тұғын. Бұлар – алаяқтар, жұмыс орнына дейін бізді жайлы автобустармен апарды да, онда барған соң құл секілді еңбек етіп, өлместің күнін кештік. Маған көк тиын да төлеген жоқ: құрылыс нысанынан Таразға дейін 1700 шақырымды бір ай бойы жаяу жүріп келдім. Аяқ киімім дал-дұлы шыққандықтан, үйге кәдуілгідей жалаңаяқ оралдым.
"Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының жұмысшылары наразылық акциясына кеңсе алдына жиналды. Тараз, 26 желтоқсан, 2008 жыл.


Осы компанияға жалданған 18 жасар жұмысшы жігіттің анасы, өзі жесір және аяғы ауыр Гүлмира Қуанышбекова зарын былай жеткізді:

- Жақында асыраушымнан айырылып, құрсағымдағы бес айлық баламен жесір қалдым. Барлық үмітім - 18 жастағы үлкен ұлым Өтеген Фархатты «Таразқуаныш-құрылыс» компаниясы далаға лақтырып тастады. Туыстарымыз оның қайтар жолына ақша салып жіберді. Қазір ол аурудан көз ашпай, дене қызуы қатты көтеріліп, төсек тартып жатыр, сондықтан оның орнына өзім келдім.

Аспаз болған Оксана Семенова 30 жұмысшыға күніне екі литрлік қазанда тамақ дайындауға тура келгенін айтады:

- Мен құрылыста екі ай аспаз болып еңбек еттім. Бірақ тамаққа деп бөлген мардымсыз нәрселерден құл секілді жұмыс істеген ер азаматтарға ас істеп беру мүмкін емес еді. Бір адамға шаққанда мың теңгенің азық-түлігі берілетін болады деп сендіргенімен, іс жүзінде әрбіреуге тек 250 теңгеден келді. Ондай ақша тойып тамақ ішуге жете ме? Ол жердегі демалыс аймағында бір самсаның өзі 100 теңге тұрады! Оның үстіне, маған біздегі екі бригадағылардың барлығына – бірінде 18 адам болса, екіншісінде 12 кісі – екі литрлік қазанда тамақ пісір деді. Отбасында екі литр көжені бір ер адам жалғыз өзі ішіп қояды, ал бұлар болса барлығын екі литрмен тойдыр дейді!
Оксана Семенова құжаттарды көрсетіп тұр, Тараз, 26 желтоқсан, 2008 жыл



"Таразқуаныш – құрылыс" компаниясында жұмыс істеп, соңынан хабар-ошарсыз кеткен жұмысшының әпкесі Татьяна Романенко компания басшылары жалақыға берілген қаржыны өз қалталарына салып алды деп ойлайды:

-Басшылыққа олар туралы не ойлайтынын беттеріне тікелей айтқан менің бауырым із-түзсіз жоғалып кетті. Ол сол күйінде үйге қайтпай қалды, жұмыс орнында да жоқ.
Мен бұдан бұрын "Таразқуаныш- құрылыс" компаниясының қаржы директоры Юрий Кимге барып жалақымыз төленеді дегенге сендіретін қандай да бір құжатты көрсетуді өтінген едім. Ол маған 650 мың теңгеге жуық қаржы Иванов, Петров, Сидоров, Қуатбеков дегендерге еңбекақы ретінде төленді деген қағазды көрсетті. Иванов дегеннің бригада бар екені рас, ал фамилиялары көрсетілген басқа адамдар бригаданың ешқайсысында да болған емес. "Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының басшылығы бұл ақшаны жай ғана қалталарына басып алған болуы керек.


Ал "Таразқуаныш-құрылыс" компаниясының қаржы директоры Юрий Ким Азаттық радиосына берген сұхбатында мұндай соманың қолды болғанын жоққа шығарады:
Татьяна Романенко наразылық акциясында, Тараз,26 желтоқсан, 2008ж.

-Иә, біз жұмысшыларға жалақы төлеген жоқпыз. Бірақ қаржыны өзіміз "жеп" қойғандықтан емес, тапсырыс беруші ақмолалық ТАТ-201 компаниясының біздің компанияға қажетті қаржыны бермегендігінен болып отыр. Ал Татьяна Романенконың бауырына келетін болсақ, ол менің бас қатыратын мәселем емес.

Азаттық радиосының тілшісі ТАТ-201 компаниясы директорының орынбасары Қанат Жылқыбаевтың мобил телефонына хабарласқан еді, ол мынаны айтты

Біз "Таразқуаныш - құрылыс" компаниясы алдындағы қаржылық қарызды өтеу міндеттемемізден бас тартпаймыз. Бірақ та Ким бізден мүлде ақша көрген жоқпыз деп айтатын болса, ол жалған, өтірік. Ол біздің бухгалтериядан бөліп-бөліп шамамен 600 мың теңге алған (5 мың доллардай) болатын. Біздің компанияның "Тараз-қуанышпен" есеп айрыса алмай отырғанының себебі – біздің өзіміз де мердігер ұйымбыз, ал басты тапсырыс беруші - Ақмола облыстық әкімдігінің құрылыс департаменті. Олар болса тараздық жұмысшылар еңбек еткен туберкулезге қарсы балалар санаторийінің қаржысын аударуды кешіктіріп отыр.

Ал Азаттық радиосының тілшісі Ақмола облыстық әкімдігінің құрылыс департаментіндегі шенеуніктеріне бірнеше қайтара телефон шалғанымен, олармен сөйлесудің мүмкіндігі туа қоймады. Қысқа қайырғанда шенеуніктерге қол жетпеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG