Accessibility links

«Балқаш колониясында өздерін жарған 16 азаматтың бәрінің денесі табылды»


Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасы Сұлтан Күсетов. Астана, 12 шілде 2011 жыл.
Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасы Сұлтан Күсетов. Астана, 12 шілде 2011 жыл.

Салыстырмалы түрде «жұмсақ» режимдегі Балқаш түрмесіндегі 16 тұтқынның не себепті «қашпақ болғанын» әзірше ешкім білмейді.


Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Балқаш колониясында өздерін жарған 16 азаматтың барлығының денесі табылғанын хабарлады.

– Қашқысы келгендердің барлығы қаза тапты. Қалған сотталушылар орнында, - деді Әділет министрлігіне қарасты қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасы Сұлтан Күсетов сейсенбі күні Астанада өткен брифингте.

Оның айтуынша, түрмеден «қашуды ұйымдастырып және оған көмектескен» адамдар анықталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалады.

ТҰТҚЫНДАР МЕН СЫБАЙЛАСТАР

Комитет өкілі Сұлтан Күсетов сейсенбілік брифингте түрмеден қашпақ болғандардың бірінің діни экстремизм бойынша айыпталғанын айтқанмен олардың жалпы діни топтарға қатысы барын жоққа шығарды.

– Әзірге, бұлай деп айтуға негіз жоқ. Ұзақ мерзімге сотталған қылмыскерлерде әрдайым бас бостандығынан айырған орыннан кету ниеті болады, – деді Сұлтан Күсетов.

Оның айтуынша, атылған оқтарға қарап, «қылмыскерлерде үш қару», пышақ өзге де суық қару түрлері болғанын болжауға болады. Түрмеге бұл қаруларды олардың сыбайластары лақтыруы мүмкін.

– Алдын-ала тергеуге сүйенсек, оларды қашуға дайындаған сыбайластары болуы мүмкін. Қашу алдын-ала жоспарланғаны анық, – деді Сұлтан Күсетов.

Брифинг барысында журналистер оған «түрме әкімшілігінің мұнда кінәсі бар ма?» деген сұрақ қойған еді.

– Құрбандар, жәбірленушілер болған кезде, менің ойымша, міндетті түрде кінәлілер де болады. Қазір осы жайттарға байланысты қызметтік тексеру
Құрбандар саны, жәбірленушілер болған кезде, менің ойымша, міндетті түрде кінәлілер де болады.

жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша шаралар қолданылады. Түрме қызметкерлерінің тағы басқа әрекетіне баға беріледі, – деді Сұлтан Күсетов.

Оның айтуынша, қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«ОТТЕГІ БАЛЛОНЫ АРҚЫЛЫ ӨЗДЕРІН ЖАРҒАН» 16 ТҰТҚЫН

Құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түні Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колонияда бір топ сотталушының қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлады. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.

Шілденің 11-і күні күндіз ақпарат құралдары колонияның ішінде не болып жатқанын біле алмаған еді. Мән-жайды кейінірек баяндаған құқық қорғау орындары «бүлікшілердің» колония ішіндегі өндірістік базаға жасырынып, полициямен қарсыласқанын айтады. Арнайы жасақ өкілдері оларға
Олардың барлығы – ауыр қылмыс бойынша (ұрлық, қарақшылық, адам өлімі, зорлау, т.б. айыптармен) ұзақ мерзімге (15-32 жыл аралығында) сотталған азаматтар.

жақындамақ болған кезде 16 тұтқын «цехтағы оттегі баллондары арқылы өздерін жарып жіберген».

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің айтуынша, қазір «өздерін жарып жіберген азаматтардың басым бөлігінің аты-жөндері анықталған». Олардың барлығы – ауыр қылмыс бойынша (ұрлық, қарақшылық, адам өлімі, зорлау, т.б. айыптармен) ұзақ мерзімге (15-32 жыл аралығында) сотталған азаматтар. Туыстарына жақындарының өлімі жайлы хабарды бүгін айтады.

«СОЛАРДАН СҰРАР ЕДІК – БӘРІ АТЫЛЫП КЕТТІ»

Колонияның тәрбие жөніндегі орынбасары Мереке Орынбаев сейсенбі күні таңертең Азаттық радиосына берген сұхбатында жарылыстан «қылмыстық топтан» бөлек өзге ешкімнің зардап шекпегенін айтты. Оның айтуынша, колонияда жағдай қалыпты. Мереке Орынбаев бұл оқиғаға байланысты өзге сотталушыларға қысым жасалмайтынына сендіруге тырысты.

– Колонияда ешқандай ажиотаж жоқ. Төтенше жағдай негізі жұмыс істейтін аймақта болды ғой. Тұрғын аймақпен ортасы бөлінген. Тұрғын аймақта сотталған азаматтар өздерін дұрыс ұстады. Ешкім еш жаққа шыққан жоқ. Наразылық болған жоқ. Оларға ешқандай арнайы жасақ кірген жоқ. Оларға ешқандай күш көрсеткен жоқ, – дейді Мереке Орынбаев.

Оның айтуынша, өндірістік базаның «бүлікшілер» жасырынған сырлау-механикалық бөлігінде тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

«Сотталушылар түрмеден не үшін қашпақ болған?» деген сұрағымызға:

– Шіркін, солардан сұрар едік – бәрі атылып кетті ғой. Айналып келгенде, олардың өздерінің не істеп не қойғандарын білмейміз, – деп жауап берді Мереке Орынбаев.

«ӨЗДЕРІН-ӨЗДЕРІ ЖАРҒАН» ДЕЙ МЕ?

Ал Балқаш қаласының тұрғындары болған оқиғаға қатысты былайша пікір айтады.

– 30 жылдан бері осында тұрам. Мұндай жайт бірінші рет болып отыр. «Өздерін өздері жарған» дей ме? Қаңқу сөздер тым көп. Бірақ ресми түрде ешкім ешнәрсе айтқан жоқ. Мен өзім жұмыс бабымен ол жаққа барып қалып едім. Үш жерден қойылған постыны көрдім. Мен де білгем жоқ. «Не болып қалды» деп сұрасам, ешкім ешнәрсе айтпайды, – дейді Балқаш тұрғыны Азамат Әлиұлы.

Ал колонияда отырған жақынының жағдайын біле алмай отырған, есімін атаудан бас тартқан тағы бір Балқаш тұрғыны былай дейді:

– Әлі хабарын біле алмай отырмыз. Ол жаққа кіргізбей жатыр. «Глушитель» (ұялы телефон байланысы сигналын әлсірететін құрал – Азаттық) тұр. Хабарласа алмай жатырмыз. Бірақ сырттай естіп жатырмыз. 16 адам өз- өзін жарып жіберген. Солардың басшысы «уахаббит» екенін естідік.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG