Accessibility links

Жаңаөзен мұнайшылары мәселені аса жоғары лауазымдылардың шешуін талап етеді


Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілі. 17 наурыз, 2010 жыл.
Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілі. 17 наурыз, 2010 жыл.

Жаңаөзендегі ереуілшілермен келіссөзді бастаған бітімгершілік комиссиясы бір мәмлеге келе алмады. Мұнайшылар өз талаптары толық орындалмайынша орындарынан қозғалмайтындарын айтты. Оларды бірнеше күннен бері қала тұрғындары да қолдауда.


БІТІМГЕРШІЛІКТЕН БІТІМ БОЛМАДЫ

Наурыздың 17-сінде Жаңаөзенде наразылық білдіруші мұнайшылармен келісімге келу мақсатында құрылған бітімгершілік комиссиясының жұмысынан қорытынды шыққан жоқ. Мұнайшылар келісім хаттамасына қол қоюдан бас тартты деп хабарлады белсенділердің бірі Наталья Әжіғалиева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша таңертеңгі сағат 10-да басталған келісім комиссиясының отырысы кешкі сағат 16-ға дейін созылған. Оған «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Кенжебек Ибрашев, оның орынбасары, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Владимир Мирошников және басқа мұнайгаз өндіру басқармаларының бастықтары қатысқан. Кепілдік беруші тұлға ретінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов сайланған. Бұлардан басқа қала әкімі, прокурорлар да болған.

-Олар келісім хаттамасына қол қоюды сұрады. Егер біз қол қойсақ, былтырғы жылғы жағдайлар қайталанып, талаптарымыз сөз жүзінде қалмақ. Сондықтан біз келісімді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, парламент депутаттары мен ұлттық компания директоры Қайыргелді Қабылдин мырзалардың деңгейінде өткізуді сұраймыз,-дейді Наталья Әжіғалиева.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин


Оның айтуынша осы құрылған бітімгершілік комиссиясының қолынан жұмысшылар талабын шешу келмейді. Ал әбден қажыған мұнайшылар үшін ең бастысы айтқандарының орындалатынына кепілдік беретін ресми құжат керек. Сондықтан мұнайшылар талаптары толық орындалмай орындарынан қозғала қоймайды дейді Наталья Әжіғалиева.

Сондай-ақ жұмысшылар өздеріне «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы тарапынан айтылып жатқан жалақының өзгертілмейтіні, аймақтық және салалық коэфициенттердің төленетіні жайлы әңгімелерді де құрғақ уәде деп санайтындарын айтады.Өйткені, бұл айтылғандарды нақтылайтын бір де бір ресми құжатты әлі ешкім көрмеген.

Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы наурыздың 17-сінде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы жағдай туралы ресми баспасөз мәлімдемесін таратқан еді. Онда наурыздың 16-сында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдиннің Жаңаөзенге барып жұмысшылармен кездескені айтылған. Ол мұнайшылардың талаптарын заң шеңберінде талқылау үшін бітімгершілік комиссиясын құрып, келіссөз жүргізуді ұсынған. Осыған сәйкес наурыздың 17-сінде жұмысшылар келісім жасау үшін өз араларынан 12 адамды өкіл етіп сайлады делінген ресми баспасөз мәлімдемесінде.

Бұған қоса компания басшылығы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмыскерлеріне, оның ішінде, бітімгершілік комиссия мүшелеріне 2010 жылғы наурыздың 1-нен басталған ереуілге қатысқаны үшін тәртіптік жауапкершілік шараларын қолданбауға кепілдік береді. Облыс және қала әкімдігі, сондай-ақ құқық қорғау органдары да осындай кепілдік берді деп көрсетілген.

Бірақ жұмысшылардың айтуынша «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті келгенмен ешнәрсе шешілмеген.

-Ұлттық компания басшысы Қайыргелді Қабылдин алдымызға келгенмен қойған сауалдарымызға нақты жауап берген жоқ. Ол акциялардың сатылуы жайлы ешқандай түсініктеме айта алмаймын деді. Бітімгершілік комиссиясына қатысып, жұмысшылар талабына көзбе-көз жауап беру орнына Астанаға кері кетіп қалды,-деп мәлімдеді «Мұнай-газ өндіру басқармасы-2» кәсіпорыны машинисі Күнсұлу Әйтішева.

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» БАСШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Жұмысшылар талаптарының бірі - «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Кенжебек Ибрашевті, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Бағытқали Бисекенді, оның өндіріс жөніндегі орынбасары Амантай Аңшыбаевты, кәсіподақ төрағасы Мақсат Ибағаровты орынан алу еді. Олар әзірге талаптарының ішінара ғана орындалып, филиал директоры Бағытқали Бискеннің ғана қызметінен кеткенін айтады.

- Бірақ бірқатар басшы қызметкерлер әлі лауызымдарынан кеткен жоқ. Олар біздің әлеуметтік мәселемізді шеше алмайды. Сондықтан біз олардың орнынан алынуын талап етуден танбаймыз,-деп мәлімдеді Наталья Әжіғалиева.

Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы хабарлаған ресми ақпаратқа сүйенсек, филиал басшысы Бағытқали Бисекен қызметкерлер алдында ереуілшілер талаптарына сәйкес жұмыстан кететіндігін мәлімдеген. Ол өзінің бұл қадамға шиеленіскен жағдай шешіліп, өндіріс қалыпты жұмыс ырғағына көшеді деген сеніммен барғанын айтқан.
"Қазмұнайгаз" Өндіріс Барлау" директоры Кенжебек Ибрашев (ортада),"Өзенмұнайғаздың" бұрынғы директоры Бағытқали Бейсекен ( оң жақта),"Өзенмұнайгаздың" директоры міндетін атқарушы Владимир Мирошников( сол жақта) ереуілшілермен келіссөздер өткізуде. Жаңаөзен, наурыз, 2010 жыл.


Компания басшылығының хабарлауынша, Бағытқали Бисекен «Өзенмұнайгаз» өндірстік филиалында қызмет еткен уақытта мұнай өндіру көлемі артып, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында асханалар, медициналық бөлімшелер, шаруашылық-тұрмыстық кешендер және басқа нысандарға жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Қазір «Өзенмұнайгаз» директорының міндетін «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Мирошников атқаруда.

ЕРЕУІЛГЕ ЕКІ АПТА БОЛҒАНДА ДЕПУТАТТАР ОЯНДЫ

Тағы бір белгілі болғаны наурыздың 17-сі күні парламент мәжілісінің бірқатар депутаттары Жаңаөзендегі жағдайға байланысты премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған. Солардың бірі Зейнулла Алшымбаевтың пайымдауынша, мұнайшылардың ереуілінен кейбір саяси ұйымдар ұпай жинауға тырысып жатыр. Сондықтан да депутаттар мұнайшылардың талаптарын Мұнай және газ, Еңбек министрліктері, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамы басшыларымен бірлесе отырып шешім қабылдауды сұраған.

Сонымен, наурыздың 1-нен басталған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының ереуілі әлі басылған жоқ. Олар өздері талап еткен лауызымды адамдар келмейінше, тапжылмайтындарын мәлімдеп отыр. Ереуілдеткен мұнайшыларға қала жұртшылығы да қолдау білдіріп, Жаңөзен тұрғындары бірнеше күн қатарынан қала әкімшілігі маңындағы Тәуелсіздік алаңына жиналуда. Олар мұнайшылардың мәселесі шешіліп, қаланың әлеуметтік жағдайы түзелмей алаңға шығуларын тоқатпаймыз дейді.
XS
SM
MD
LG