Accessibility links

Пастор ісінде «қызғылт-сары төңкеріс» жайлы айтылады


«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

Қамауда отырған протестант пасторы Бақытжан Қашқымбаевтың діни қызметінен сарапшылар «экстремистік идеяларын» тапты. Бұл істе «қызғылт-сары төңкеріс» туралы да сөз болады.

«Шіркеуге келуші әйелдің денсаулығына қасақана зардап келтірді» деп айыпталып, биыл мамыр айынан бері Астана қаласындағы тергеу абақтысында (СИЗО) отырған «Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевқа енді «экстремизмді насихаттады» деген айып тағылды. Тергеу амалдары кезінде оны еркінен тыс психиатриялық сараптамадан өткізген.

Қыркүйектің 27-сі күні шығаырлған психологиялық-филологиялық сараптама ққорытындысы негізінде пасторға қазанның 10-ы күні жаңа айып тағылды. Сараптама ұйғарымында «Благодать» пресвитериан шіркеуінің қызметінде «дінаралық келісім мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты бұзатын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруді насихаттайтын идеялар бар» деп жазылған.

Алматы қаласы сот сараптамасы институтының саясаттанушы, психолог, филолог және теолог мамандары осындай ұйғарымға келген. Сарапшылардың 168 баспа материалын, 81 компакт-дискі мен «Благодать» шіркеуінен алынған компьютердің процессорындағы деректер мен қылмыстық істің сегіз томнан тұратын материалдарын талдағаны хабарланады.

Бұл сараптама шіркеуге келуші Ләззат Әлменованың психикасына «зардап келтірді» деген айыппен қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында тағайындалған. Психологиялық-психиатриялық сараптаманың шілденің 24-і күні шыққан қорытындысына сәйкес, «Ләззат Әлменованың психикасы «Благодать» шіркеуіне келе бастағаннан кейін бұзылып, шіркеуде өткен уағыздардың бірі оның бойындағы «шизофрения дертін қоздырған». Ал Ләззат Әлменова Азаттыққа берген сұхбатында мұндай мәлімдемені теріске шығарады. Ол «денім сау, пасторға артар ешқандай кінәм жоқ» дейді. Ләззат Әлменованы да психиатриялық сараптамадан еркінен тыс өткізген.

«ҚЫЗҒЫЛТ-САРЫ ТӨҢКЕРІС» ЖӘНЕ УАҒЫЗҒА АРНАЛҒАН СҰЙЫҚТЫҚ

Алматы қаласындағы сот сараптамасы институтының сарапшылары «Благодать» шіркеуінде «адамдардың психикасына үлкен зиян келтіруі мүмкін психотерапиялық тәсілдер қолданылады» деген ұйғарым жасады.

Сарапшылардың пікірінше, «десятина» деп аталатын қайыр-садақа «адамдардың эмоциялық күйіне, өзара қарым-қатынасы мен іс-әрекетіне әсер етіп, оларды құндылық бағыт-бағдарынан айырады, психологиялық тұрғыдан тәуелді етеді».

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Ол осы күні қайта тұтқындалды. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Ол осы күні қайта тұтқындалды. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Сарапшылар шіркеу қызметшілері келушілердің санасына психологиялық тәсілдер арқылы ықпал етеді дейді. Тергеушілер бұл тәсілдер діни бірлестіктің пайдасына қайыр-садақа жинау мақсатымен қолданылған деген болжам жасап отыр. Сарапшылар экстремизм белгілеріне жатқызған бұл тәсілдерді олар «орташа сипаттағы» экстремизм деп бағалайды. Пастор мен оның жақтастары «Қайыр-садақа жинау дәстүрі басқа діни қауымдарда да бар, сондықтан бұл – негізсіз тағылған айып. Протестант шіркеуіндегі қайыр-садақа «десятина» деп аталады» деген уәж айтады.

Сарапшылар діни бірлестік қызметінен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруді насихаттау әрекеттері де анықталған деген пікірге келді. Кейбір кітаптарда Украинадағы саяси өзгерістерге әкелген «қызғылт-сары төңкерісті» протестант шіркеулерінің бірі ұйымдастырған деп көрсетілген.

Сарапшылардың ұйғарымында «Шіркеуде адаптердің санасын тез әрі түбегейлі өзгертетін психотроптық заттарды пайдаланған» деп жазылған. Олардың айтуынша, діни жоралар кезінде «қолданылатын» сұйық заттың құрамынан әлдебір дәрілер табылған.

Сараптама қорытындысында «фармакология саласы мамандары «Благодать» шіркеуінде өтетін құлшылық кезінде пайдаланылатын сұйық зат құрамынан осы діни ағымды ұстанушылардың денсаулығын нашарлатып, ауруын қоздырған дәрілік препараттар тапты» деп көрсетілген.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Отбасылық сурет.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Отбасылық сурет.

Сарапшылар «Благодать» шіркеуінің кейбір кітаптары мен дискілерінен немесе уағыз жазбаларынан «діни өшпенділікті, араздықты қоздыру мен христиан дінін жоғары қойып, исламды кемсіту белгілері табылды» деп мәлімдейді.

Иисус Христоса деген сүйіспеншілік танытуға, пендешілік күнәдан арылуға, діни бірлестіктің ережелеріне сәйкес өмір сүруге, «Благодать» шіркеуі жұмысына қатысуға, діни бірлестіктің идеологиясын ұстанбайтын жандарға өнеге болуға шақыруды сарапшылар «шіркеуге келушілерді иландыру, ұйыту тактикасы» деп атайды.

Діни зерттеу жүргізген сарапшы Динара Мусинаның жазуынша, «Благодать» шіркеуі – харизматикалық қозғалыстың «пятидесятничество» деген бағыттағы протестанттық ағымы. Динара Мусинаның пікірінше, бұл қауымға «Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі христиан дінін бұрмалап, өңін айналдырып көрсету тән».

ПАСТОР ДӘРІГЕР МЕН СОТТЫ КҮТІП ОТЫР

67 жастағы пастор Бақытжан Қашқымбаев пен жақтастары биліктің құлшылық кезіндегі «психологиялық манияпуляциялар» және басқа айыптарын жоққа шығарады.

«Билік мұсылмандықтан христиан дініне өткен этникалық қазақты басқаларға үлгі болсын деп жазалағысы келеді. Қашқымбаевты қудалаудың саяси астары бар» дейді құқық қорғаушылар. АҚШ-тың әлемдегі дін еркіндігі мәселелері жөніндегі комиссиясы мен бірнеше құқық қорғау ұйым Қашқымбаевты қамаудан босатуға шақырды.

«Благодать» шіркеуін 17 жыл басқарған Қашқымбаев қазір Астанадағы тергеу абақтысында отыр. Туыстары мен адвокатының айтуынша, дәрігер көмегіне мұқтаждығы мен соттың тиісті қаулысына қарамастан, пасторға медициналық көмек көрсетілмейді.

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, екі жыл бұрын пастордың жүрегіне күрделі операция жасалған. Бірақ дәрігер жазып берген таблеткаларды пастордың қабылдауына Астана қаласындағы тергеу абақтысында тыйым салынған.

Бақытжан Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

Бақытжан Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

– Жүрегі үнемі ауыратынына және сол аяғы қатты ісіп кетіп, шіри бастағанына қарамастан, осындай тыйым салған. Аптасына бір рет қана тергеу абақтысының дәрігері зәр айдайтын әлдебір таблеткалар беретін көрінеді. Бірақ ішіп жатқан дәрісі зәр айдайтын дәрі ме, әлде басқа бірдеңе ме, ол білмейді. Оған дәрінің атауын да, қорапшасын да көрсетпейді, - дейді Нұрлан Бейсекеев Азаттық тілшісіне.

Пасторды медициналық тексеруден өткізу үшін бірде республикалық диагностикалық орталыққа апарған. Пастордың ұлдарының бірі Асқар Қашқымбаевтың айтуынша, орталық мамандары есту қабілетінен айырылып қалуы мүмкін деп әкесін шұғыл операция жасатуға жіберген.

– Бірақ әзірше ештеңе істелген жоқ. Құлағындағы ірің қатып қалған. Ал жүрегіне жасалған тексеру нәтижелерін әлі білмейміз, - дейді Асқар Қашқымбаев Азаттық тілшісіне.

Пастор Бақытжан Қашқымбаевтың қылмыстық ісі бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Қазір адвокаттар түрлі сараптама тағайындау туралы 17 қаулымен және осынша сараптамалық ұйғарыммен танысып жатыр.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG