Accessibility links

«Заңға қайшы» құлшылығы үшін баптистерге айыппұл салынды


Діни ғибадатқа жиналған христиандар. (Көрнекі сурет)

Діни ғибадатқа жиналған христиандар. (Көрнекі сурет)

Шығыс Қазақстан облысында тұратын зейнеткер екі кейуана дінге қатысты заң талабын бұзғаны үшін салынған айыппұлдың күшін жойдыруға тырысып жүр. Оларды Евангелие христиан баптистері қауымы мүшелері сыйынып, діни әндер айтқан үйде ұстаған.

Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) Жарма аудандық сотының шешімі бойынша Қалбатау ауылының 79 жастағы тұрғындары Зоя Тоболина мен Ольга Беримец 74 235 теңге (215 доллар) төлеуі тиіс. Бұл айыппұлды екеуіне тіркелмеген қауымда құдайға сыйынып, діни әндер айтқаны үшін салған.

Тамыздың 29-ында Қалбатау ауылының өзге бірнеше тұрғынымен бірге екі әйелді діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңды бұзғаны үшін айыпты деп таныған. Оларға 106 050 теңге (308 доллар) көлемінде айыппұл кескен. Сот зейнеткерлер Тоболина мен Беримецтің ұлғайған жасын ескеріп әлгі соманы 30 пайызға азайтқан. Бірақ 74 235 теңге айыппұл екеуінің зейнетақысынан бәрібір көп.

Екі әйелдің де құлағы нашар естиді. Сондықтан сотта екеуіне Талдықорғандағы Евангелие христиан баптистері шіркеуінің өкілі Юрий Руденко көмектескен. Қазір ол сенім білдірген кейуаналардың ісі бойынша өтетін күні әлі белгіленбеген апелляциялық сотқа дайындалып жатыр.

«СЫЙЫНЫП, ӘН АЙТТЫҚ»

Ольга Беримец пен Зоя Тоболинаның айтуынша, тамыздың 7-сі күні екеуі «Евангелия христиан баптистері дінін ұстанатын жандарға есігі әрдайым ашық» Яков Фризеннің үйіне барған. Екеуінің сөзінше, әлгі үйге Інжілдегі Құдай сөздерін тыңдауға жиналған тағы бірнеше адаммен бірге сыйынып, діни әндер айтқан. Үйден шыққаннан кейін оларды полицейлер ұстап әкетіп, жергілікті ішкі істер бөліміне апарған.

Юрий Руденконың Азаттыққа айтуынша, екеуі қауым мүшесі болмағанымен, полицейлер зейнеткер Беримец пен Тоболинаны да ұстап әкеткен.

Біреуі сүт алуға келген, сосын ол әлгі үйде жиын өтіп, жұрттың сыйынып, ән айтып жатқанын естіген. Әлгі үйге ол да келіп тұрған, енді оған да айыппұл салып тастады.

- Біреуі сүт алуға келген, сосын ол әлгі үйде жиын өтіп, жұрттың сыйынып, ән айтып жатқанын естіген. Әлгі үйге ол да келіп тұрған, енді оған да айыппұл салып тастады, - дейді Юрий Руденко.

Ол діни бірлестіктерді міндетті тіркеу туралы заң қабылданған былтырғы жылға дейін қауым баптистері «заң бұзушылар» ретінде көзге түспегенін айтады. Юрий Руденко тіркелу - діндарлардың міндеті емес, құқығы деп санайды.

- Құқық қорғау ұйымдарының бәрі мұны совет заманындағы сияқты, тіпті одан да сорақы деп таниды екен. Олар (Яков Фризеннің үйіне - автор) жиналған 10 адамды заң бұзушылар деп санайды. Әлгі учаскелік инспектор тіпті үйге де кірмеген, олардың немен айналысқанын да көрмеген. Полиция хаттаманы адамдардың сөзінен құрап шыға ма сонда? Ал үйден шыққан кезде оларды көшеде бір-бірлеп тоқтатқан. Үй иесі қарттарды үйлеріне таси бастаған. Сирена қосып, оның көлігінің соңына түсіп, бүкіл көшені азан-қазан қылған,- дейді Юрий Руденко.

Оның пікірінше, Қазақстанның дінге қатысты заңдарында бейбіт діндарлар жапа шегетін «асыра сілтеулер» бар.

Тіркелсеңдер болды дейді, бірақ бұл құр афиша, құр жарнама ғана. Бізге заңды тұлға да, мөр де, банктен есеп-шот ашудың да қажеті жоқ, сондықтан ешқандай тіркеуге тұрмаймыз. Діндар әжелерге оның қажеті не? Ешқандай қызмет түрімен айналыспаймыз, бізге бала-шағасымен немесе жалғыз өзі келіп сыйынады, жиынымыз бейбіт өтеді, ешкім жазғырып, шағымданбайды.

- Біз ел заңдарына бағынамыз, бірақ елдің заңы Інжілге қайшы келіп жатса, Інжілде жазылған қағидаларды ұстанамыз. Сыйынамыз ба, сыйынбаймыз ба өз еркіміз ғой, мүлде жиналмаңдар десе де, Інжілге сәйкес құлшылық етеміз, бұл - біздің құқығымыз. Жарғысынан әлгі тармақты алып тастағанға дейін оларды тіркемей қойған. Тіркелсеңдер болды дейді, бірақ бұл құр афиша, құр жарнама ғана. Бізге заңды тұлға да, мөр де, банктен есеп-шот ашудың да қажеті жоқ, сондықтан ешқандай тіркеуге тұрмаймыз. Діндар әжелерге оның қажеті не? Ешқандай қызмет түрімен айналыспаймыз, бізге бала-шағасымен немесе жалғыз өзі келіп сыйынады, жиынымыз бейбіт өтеді, ешкім жазғырып, шағымданбайды, - дейді Юрий Руденко.

«ДІНИ ӘНДЕР ШЫРҚАҒАН»

Сот қаулысында полицейлер 102 шұғыл әрекет ету пультіне қоңырау түскеннен кейін Фризеннің үйіне барған деп жазылған. Оларға «белгісіз біреулер діни әндер айтып жатыр» деген хабарлама түскен.

ШҚО Жарма аудандық сотының биылғы тамыздың 29-ында шыққан қаулысында тамыздың 7-сі күні полиция қызметкерлері Қалбатау ауылындағы үйлердің бірінде Евангелия христиан баптистері жиналып «заңсыз діни жоралар өткізгенін» анықтаған. Олардың ішінде 79 жастағы кәриялар - Зоя Тоболина мен Ольга Беримец те болған. Екеуі тағылған айыптарды мойындамайды. Қаулыда екі әйел де сотқа діни бірлестіктің тіркелген немесе тіркелмегенін түсіндіре алмаған.

Үкімде Шығыс Қазақстан облысында ішінде христиан баптистердің тіркелген «Родник» және «Спасение» бірлестігі де бар 365 тіркелген діни бірлестік жұмыс істейтіні, бірақ Евангелие христиан баптистерінің «Совет церквей» қауымы тіркеуден бас тартқаны туралы айтылған.

Қазақстан Республикасының «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» заңы нормалары мен талаптарына сәйкес, діни бірлестіктер міндетті түрде тіркелуі тиіс, тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмыс істеуіне болмайды.

Жарма аудындық соты шығарған қаулыда «Қазақстан Республикасының «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» заңы нормалары мен талаптарына сәйкес, діни бірлестіктер міндетті түрде тіркелуі тиіс, тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмыс істеуіне болмайды. Заң республика азаматтары мен олардың мүдделерін қорғау мақсатында радикал діни ағымдардың әрекетіне жол бермеу үшін қабылданған» деп жазылған.

Үкімде БҰҰ-ның халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіне сілтеме жасалып, оны Қазақстанның ратификациялағаны әрі әр адам ойлау, діни наным-сенім еркіндігіне құқылы екені жазылған. Бірақ Жарма аудандық соты қаулысына сәйкес, «дін уағыздауға заңда қарастырылған және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет шектеулер негізінде ғана рұқсат етіледі» деп көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG