Accessibility links

Кранға шыққан әйелдер жетінші күні түсті


Көкшетау қаласының екі тұрғыны Астанадағы құрылыс крандарының бірінің ұшар басында жеті тәулікке жуық отырды. Олар туыстарының қылмыстық жазасын қайта қарауды талап етті.

Бағжан Аязбекова мен оның келіні Гүлім Бабақова маусымның 4-і күні, кешкі сағат 6-да қарсылық акциясын тоқтатты.

Бағжан Аязбекова мен Гүлсім Бабақова - қамаудағы Азамат Аязбековтің анасы мен әйелі. Үш жыл бұрын Азаматты қылмыс жасады деп түрмеге отырғызған. Ал оның анасы мен әйелі қылмыстық істі қолдан жасады деп санайды. Олар Азаматтың ісін қайта қарау туралы билік кепілдік бермейінше құрылыс кранының басынан түспейміз дейді.

ЖЕТІ КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ОҚИҒА

Мамырдың 31-і кранға шыққандарына үш күн толғанда әйелдерге бірінші рет азық-түлік жеткізілді. Жуыр маңдағы үйлерде тұратын адамдар жеміс-жидек пен айран беріп жіберген. Олар төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінен азық-түлікті кран басына жеткізіп беруді өтінген.

Бағжан Аязбекованың қызы Динара Азаттыққа прокуратура қызметкерлерінің анасына тамақ жіберуге рұқсат еткенін айтты. Оның алдында Динараны кранды қоршап тұрған күзет кіргізбей қойған екен.

— Мен танымайтын адамдар азық-түлік әкеліп берді. Олар: "Күнде осы жерден өтеміз, жанымыз ашиды, витаминдер жеткізгіміз келді" деді. Тағы бір әйел келіп ас пісіріп әкелгісі келетінін айтты. Мен аш отырған адамдарға су мен жеміс жеткілікті екенін айттым, — деді Динара Аязбекова Азаттыққа.
Наразы әйел басына шығып кеткен кран. Астана, 29 мамыр 2013 жыл. Суретті түсірген Мұрат Тұңғышбаев.

Наразы әйел басына шығып кеткен кран. Астана, 29 мамыр 2013 жыл. Суретті түсірген Мұрат Тұңғышбаев.


Мамырдың 31-і күні түске дейін ол президент әкімшілігінде болғанын айтты. Динараның сөзінше, онымен құқық қорғау жүйесінің өкілі Алексей Калайчиди кездескен.

- Калайчиди қандай жағдай болса да, сотсыз ештеңе шешілмейтінін айтты. Біздің ұсынысымыз – бұл істі жоғарғы сот қарасын, ашық өтсін. Қорқатын ештеңеміз жоқ: бауырым - жүз пайыз кінәсіз. Қалалық прокуратураның қызметкері, фамилиясын білмедім, аты – Берік, соның айтуынша, бас прокуратурада комиссия құрылған. Біздің ісімізді қарап жатыр, - дейді Бағжан Аязбекованың қызы.

Азаттық тілшісі президент әкімшілігінің қызметкері Алексей Калайчидиге хабарласуға тырысты. Бірақ оның ұялы телефоны өшіп тұрды.

«БАСЫМ АЙНАЛАДЫ»

Көкшетауда тұратын әйелдер кранға мамырдың 29-ы күні шығып алған. Бағжан Аязбекова бірнеше ай бойы "ұлының кінәсіз екенін" дәлелдеуге тырысып, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған. Үміті үзілген шақта әділдік талап етіп, кранның басына шыққан. Бұл әрекетпен олар өз мәселелеріне назар аудартпақ.

- Кранның басына жеткенше 40 минуттай өрмеледік. Күндіз төртбұрышты темірдің ішінде отырамыз. Ол – кабина емес, соның қасындағы орын. Бір жағында едені бар, екінші шеті – люктің тесігі, оған байқамай құлап кетуің де мүмкін. Басым айналады, біз қозғалмай отырамыз. Ал кабинаның ішінде руль мен түрлі аппараттар бар. Онда отыру мүмкін емес, өте кішкентай. Біз онда түнде ғана, оның өзінде сыймай әрең кіреміз. Кіргенмен, жата алмайсың, тек отырамыз, онда әйтеуір жел соқпайды, - деді Азаттық тілшісіне Бағжан Аязбекова телефон арқылы.
КРАН БАСЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

2012 жыл - Үлескер Гүлзанат Әбілова Астана қаласының "Нұрсая-2" тұрғын үй кешеніндегі құрылыс кранына өрмелеп шықты.
Талабы: "Құрылыс компаниясы қайтармаған" үлесін қайтып алу.
Нәтиже: Кран басында бір күн отырғасын "белгісіз үшінші тарап" ақшасын қайтарды.

Екі әйел түнде ТЖ қызметкерлері бірінші күні әкеліп берген жамылғыны оранып алады. Әжетке акция созылып кетсе деп алған жаялықтарына отырады.

Бағжан Аязбекованың айтуынша, құрылыс кранына шыққан күннен бері прокуратура мен мемлекеттік орган қызметкерлері онымен тікелей хабарласпаған.

Мамырдың 31-іне қараған түнде акция орнынан (кранның қасынан) ТЖ қызметкерлері, полицейлер мен жедел жәрдем кетіп қалған. Таңға жақын шұғыл қимыл жасағының қызметкерлері қайтып келген.

Қамаудағы Азаматтың анасының айтуынша, ұлын куәлік етуге мәжбүрлемек болған, бірақ ол бас тартқан соң сабап, айыпты еткен. Бағжан Аязбекованың сөзінше, ұлының ісінде жәбірленушінің арызы жоқ, оны жәбірленушіге апарып көрсетпеген.

Көкшетау тұрғыны ұлының ісін қайта қарауды талап етіп биік нысанаға бірінші рет шығып тұрған жоқ. Ол былтыр қарашада келіні және ұлы үшеуі Астанадағы жылу жүйесінің құбырына шығып, «өлеміз» деп қорқытқан. Билік «істің анығына жетеміз» деген соң ертеңінде жерге түскен.

БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ ПІКІРІ

Азаттық мамырдың 30-ы күні Аязбековтер отбасына байланысты жағдайды түсіндіруін сұрап, бас прокуратураға хат жолдаған.
Наразы әйелдер басына шыққан кранның сырт көрінісі. Астана, 29 мамыр 2013 жыл

Наразы әйелдер басына шыққан кранның сырт көрінісі. Астана, 29 мамыр 2013 жыл


Бас прокуратура ресми сайтында жариялаған дерекке қарағанда, Бағжан Аязбекованың 2012 жылғы бірінші акциясынан кейін Ақмола облыстық кассациялық сот алқасы ұлының жазасын жеңілдетіп, тоғыз жылдан жеті жылға дейін шегерген. Аязбекова бас прокурордың қабылдауынан кейін іс материалдарын тексеруге қатысқан, бірақ «арызын қарау уақыты бітпей тұрып акция өткізген».

Бағжан Аязбекова 4 сәуір күні бас прокурор Асхат Дауылбаевтың қабылдауында болғанын растады.

– Ол «Нұр Отан» партиясының, президент әкімшілігінің өкілдерін және бізді қатыстыра отырып, құжатты тексеруді, дәлелді растауды не жоққа шығаруды тапсырды. Үш күн тексеріп, қорытынды шығарып еді, менің дәлелдерім толығымен расталды. Ұлымды жазықсыз айыптапты, – дейді ол.

Бағжан Аязбекова ұлының үкіміне қарсы прокурордың наразылық білдіруін күтіп отырғанын да айтқан еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG