Accessibility links

Жер дауы және «мемлекеттік төңкеріс»


Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингте сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы сәуір айындағы жер реформасына ең ірі наразылық митингісінен соң сегіз адам «мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірді» деген күдікке ілінді. Мамырдағы әкімшілік жазалаудың соңы қылмыстық айыптауға ауысты. Облыстық ҰҚК департаменті тағылған айыптың нақты себебін айтпайды.

2016 жылғы маусымның 1-індегі Атырау облыстық ҰҚК департаментінің 9-басқармасы шығарған қаулы негізінде жергілікті сегіз белсенді «мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірген, аса ауыр қылмыс жасаған күдіктіге» айналды. Бұл белсенділер Қазақстан үкіметінің Жер кодексіне тиісті өзгертулер енгізу арқылы шілденің 1-інен бастап ауылшаруашылық жерлерін аукцион арқылы жалға беру және сату жоспарына қарсы шыққан.

Олардың барлығына қандай негізде бірдей айып тағылып отырғаны туралы Атырау облыстық ҰҚК департаменті комментарий беруден қашқақтайды. Тергеу бөлімінің жетекшісі юстиция полковнигі А.Әбуғалиев Азаттық тілшісі хабарласқан сайын «жиналыс өткізіп жатады».

АЙЫПТАУДАҒЫ «СНОУДЕН АТЫРАУСКИЙ»

Атырау облыстық ҰҚК департаментінің жазбаша таратқан дерегіне сәйкес «Макс Боқаев, Талғат Аян, Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов, Ерлан Башақов, Құбайдолла Шолақ, Әлібек Мұсаұлы мен Жасұлан Мұсабеков сәуір айынан бастап «халықтың теріс көңіл-күйін пайдаланып», әлеуметтік желі арқылы «мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы үкіметі жерді шетелдіктер мен шетелдік ұйымдарға сатып жатыр» деген ұғымды қазақстандықтардың санасына сіңіруге тырысқан. Сол себепті Атырау облысы тұрғындарының арасында «жер шетелдіктерге, қытайлықтарға беріліп жатыр» деген түсінік қалыптасқан. Тергеу мәліметіне сәйкес белсенділер әлеуметтік желідегі көңіл-күйді бақылай отырып, халықты митингіге жиналуға үндеген болып шығады.

Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

ҰҚК департаментінің ресми мәліметі бойынша, сәуірдің 14-і күні Талғат Аян Facebook-тегі «Сноуден Атырауский» нигімен елді сәуірдің 16-сында Исатай-Махамбет алаңына шығуға шақырған. Ал Макс Боқаев сол күні сәуірдің 24-інде Исатай-Махамбет алаңында митинг өткізу туралы әкімдікке арыз берген. Сәуірдің 19-ында қала әкімдігі митинг өткізуге рұқсат бермегеніне қарамастан Макс Боқаев пен Талғат Аян және аталған адамдар елді сәуірдің 24-і күні митингіге шығуға үгітттеуді белсенді түрде жалғастырған. Ал сәуірдің 24-інде Атырауда өткен ірі митингіден соң Макс Боқаев пен Талғат Аян оның қарарын Facebook-те жариялаған.

ҰҚК департаментінің версиясы бойынша «қоғамды тұрақсыздандыруды мақсат еткен Боқаев Қырғызстан, Украина және басқа елдердегідей революция жасау үшін жер комиссиясына кіруден бас тартқан. Мемлекет басшысының мораториіне қарамастан Талғат Аян мен Макс Боқаев елді республикалық деңгейде мамырдың 21-і күні митингіге шығуға үндей бастаған. Өзінің әрекетін басқа қалалардағы жақтастарымен келісу үшін Макс Боқаев мамырдың 6-сы Оралға, 7-сі Ақтөбеге,9-11 аралығында Алматыға, 12-сі Астанаға барған, ал Талғат Аян сәуірдің 30-ы мен мамырдың 11-і аралығында Алматыға барған.

Белсенділердің жер мәселесіне алаңдайтын азаматтарды бейбіт шеру өткізуге шақырып келгені белгілі. ҰҚК департаменті бұл шақыруды «билікті күшпен өзгерту әрекетіне» теңейді.

ВИДЕО: Макс Боқаевтың өзіне тағылған айып жайлы пікірі

Макс Боқаев өзіне тағылған айып жайлы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00
Жүктеп алу

Маусымның 3-і күні Атырау қалалық №2 соты Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі («қылмысқа дайындалды, сыбайластар, қару іздеді») және 179-бабының 3-бөлімі («конститутциялық режимді күшпен құлатпақ болды») деген айыппен Макс Боқаев пен Талғат Аянды екі айға күдікті ретінде қамауға алды. Яғни белсенділер болмаған қарсылық акциясы, өтпеген шеру үшін күдікті ретінде абақтыға түсті.

ҰҚК департаментінің тергеу бөлімінің «егер бұл пиғылдар оларға байланысты емес жағдайлардың себебінен жүзеге аспаса да, [оларды] қылмыс жасады деп тану» туралы қаулысын Атырау қалалық прокуратурасының прокуроры Марат Хабибуллин де, істі қараған судья Гүлжихан Муталиева да қолдады. Айыпталушылардың адвокаты олардың отбасылық жағдайын ескере отырып, үйқамаққа шығару туралы түсірген өтініш қанағаттандырылмады.

Дәл осы айыптар Ғатауғали Бохан, Сағынғали Қапизов пен Құбайдолла Шолаққа да тағылған. Кейін 70 жастағы зейнеткер Бохан кепілге шығарылып, қамаудағы Қапизовтың жазасы үйқамаққа ауыстырылған. Ал Құбайдолла Шолақты қамауға алған мамырдың 20-сы күні денсаулығының күрт нашарлап кетуіне байланысты үйқамақта ұстау туралы қаулы шығарылған.

Сағынғали Қапизов.
Сағынғали Қапизов.

Адвокаттарының айтуынша, Әділбек Мұсаұлы, Жасұлан Мұсабеков пен Ерлан Башақов «қорғаушыға ие болу құқығы бар куә» ретінде істе жауапталады.

- Бұл кез келген уақытта олар да күдіктіге айналуы мүмкін дегенді білдіреді, - дейді Ерлан Башақовтың адвокаты Қайрат Демесінов.

АДВОКАТ ПЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ПІКІРІ

Макс Боқаев пен Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аяновтың айтуынша, оларды күдікті ретінде айыптап отырған аса ауыр саяси бапқа негіз болатын «бір ілік жоқ».

- Оларды мамырдың 31-і күні қамауға алды. Бұл жағдайдың саяси қуғын-сүргіндер күніне тап келуі жай ғана сәйкестік пе әлде тарихтың қайталануы ма? Олардың ісі төрт беттік қаулыдан ғана тұрады. Бірде-бір нақты дәйек жоқ,- дейді Төлепқали Аянов.

Ол қылмыстық сотта Макс Боқаев пен Талғат Аянның аналарының денсаулығы нашарлап ауруханада жатқанын ескеріп, үйқамаққа шығаруды сұраған болатын.

- Макстің анасы 87 жаста. Ол қазір ауруханада жатыр. Талғаттың да шешесі үйіндегі тінтуден соң инсульт алып ауруханаға түсті. Макстің денсаулығы нашар, оған үнемі диета сақтап, дәрігер бақылауында болуы керек. Талғаттың әйелі үшінші баласына аяғы ауыр, мұның бірі де ескерілмей отыр, - дейді адвокат.

Ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Ол Қазақстан сотының «үлкен көлемде қаржы жымқырды» деп айыпталған кейбір жоғары лауазымды бұрынғы шенеуніктерді үйқамаққа шығарғанда «қалтасында көк тиын басы артық ақшасы жоқ» екі азаматты үйқамаққа шығара алмайтынына таң қалады.

- Макс – азаматтық белсенді. Ол осы уақытқа дейін Атырау қаласы мен облысының экологиялық, әлеуметтік жағдайларын көтеріп, елдің игілігі жолындағы азаматтық позициясынан ауытқыған жоқ. Талғат Аян тәжірибелі заңгер ретінде Атырау қаласында монополистердің себепсіз су, электр энергиясы тарифтерінің көтерілмеуіне үлесін қосты. Оларды қалай мемлекетті құлатпақ болды деп айыптауға болады? - дейді Төлепқали Аянов.

Алматыдағы «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Facebook-та жарияланған ҰҚК қаулысымен танысқанын айтады. Оның сөзінше, «билікті күшпен құлатпақ болды» деген айыпты тағу үшін жиналған қару-жарақ, адамдардың үлкен тобы болуы керек.

Бірнеше адам ешқашан тұтас бір мемлекетті құлата алмайды. Ол үшін армия керек. Ал Боқаев пен Аян «анда барды, мында барды» деген уәж себеп бола алмайды. Бұл – қолдан жасалған айып.
Амангелді Шорманбаев

- Бірнеше адам ешқашан тұтас бір мемлекетті құлата алмайды. Ол үшін армия керек. Ал Боқаев пен Аян «анда барды, мында барды» деген уәж себеп бола алмайды. Бұл – қолдан жасалған айып. 179-бап Қазақстанда алғаш рет осы адамдарға қатысты қолданылып отыр, - дейді ол.

Макс Боқаев пен Талғат Аян сәуірдің 24-інде Атырауда өткен Қазақстан үкіметінің жер реформасына қарсы рұқсат етілмеген наразылық митингісінің белсенді қатысушылары болған. Қазіргі Қазақстан тарихындағы ең ірі толқулардың біріне айналған бұл митинг бірнеше өңірде өткен наразылық акцияларына түрткі болған.

Мамырдың 5-сі күні президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне енгізілген өзгерістерге бір жылдық мораторий жариялауға мәжбүр болған. Іле-шала үкімет жанынан жер мәселесіне қатысты комиссия құрылғаны хабарланып, оған Атырау облысынан Макс Боқаев кіргізілген. Бірақ Боқаев комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан еді.

XS
SM
MD
LG