Accessibility links

2014 жылғы наразылықтар


Теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы болған азаматтарды полиция ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы болған азаматтарды полиция ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

2014 жылы елде саяси-әлеуметтік сипаттағы наразылықтар көп болды. Қарсылық шарасына қатысқан азаматтарды полиция тұтқындап, сот әкімшілік жазаға тартып отырды.

РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ ҰШУЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

2013 жылы Қызылорда облысында ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы құлап, айналаға улы заттар жайылғаннан кейін құрылған "Антигептил" қозғалысы 2014 жылы да Байқоңырдан зымыран тасығыш ұшырмауды, зымырандардың гептил отынын пайдаланбауын талап етумен болды. Олар "Ресейдің жуыр арада "Протоннан" бас тарта алмайтынын" айтқан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың кетуін талап етті. "Антигептил" мүшелері ауық-ауық әкімшілік жазаға тартылды.

"Антигептил" наразылығы. Астана, 26 қыркүйек 2014 жыл.

ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА НАРАЗЫЛЫҚ

Ақпан айында бір күннің ішінде теңге 20 пайызға құнсызданып, 1 АҚШ долларының құны 185 теңге болып кетті. Девальвациядан кейін үдеген қымбатшылық әлеуметтік наразылықтарға ұласты. Алматыдағы жүздеген адам қатысқан наразылық шеруінде полицейлер ондаған адамды ұстап, кейін әкімшілік жазаға тартты.

Девальвацияға наразы жұртты полиция таратты. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

ӘБЛЯЗОВТЫ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУҒА ҚАРСЫЛЫҚ

2014 жылы Франция соты осы елде қамауда отырған қуғындағы олигарх, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынаушы оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарды. Азаматтық белсенділер Әблязовты Ресейге не Украинаға бермеу туралы Қазақстандағы Франция консулдығы алдында бірнеше мәрте түрлі шаралар өткізді. Белсенділер "Әблязов Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланған жағдайда оны Қазақстанға беруі мүмкін - өйтсе ол азапталады" деп алаңдайды.

Белсенділер Франциядан Әблязовты экстрадицияламауды сұрады. Алматы, 14 қаңтар 2014

БЛОГЕРЛЕР ҚАРСЫЛЫҒЫ

Ақпан айында бірқатар блогерлермен кездесу ұйымдастырған Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің кездесуіне бірнеше белсендіні кіргізбеді. Өздерін "тәуелсіз блогерміз" деп сипаттаған Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов пен Ринат Кибраев: "Есімовтің кездесуіне бізді кіргізбеді, әкім жағымпаз блогерлерін ғана шақырған" деп мәлімдеп, "Есімов, шық!" деп айғайлады. Оларды полиция тұтқындап, кейін әкімшілік жазаға тартты.

Белсенді блогерлерді полиция ұстады. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.

ЕАЭО-ҒА ҚАРСЫЛЫҚ

Мамыр айында Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құру туралы келісімге қол қояр алдында елде антиеуразиялық шаралар белсендірек өте бастады. Алматы прокуратурасы белсенділерге «акция өткізбеу» туралы ескерту жасады. Астанада ЕАЭО-ға қарсы жиынға қатысқан бірнеше белсенді «ұсақ бұзақылық» жасады деген айыппен тұтқындалып, әкімшілік жазаға тартылды. Олардың арасында хабар дайындауға барған Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген де болды.

ЕАЭО келісіміне қарсылық. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл.

БАСПАНА ҮШІН КҮРЕС

Баспана мәселесіне байланысты Қызылорда, Алматы, Астана және тағы басқа қалаларда түрлі наразылық шаралары өтті. Наурыз-сәуір айында жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алумен келіспей бас прокуратураға келген астаналықтарды арнайы жасақ балаларымен қоса ұстап, полицияға апарды. Мұндай оқиға кейін де қайталанды.

Наразы тұрғындарды полиция ұстап әкетті. Астана, 6 наурыз 2014 жыл.

Қызылорда облысындағы тұрғындар мен полиция арасындағы тартыс туралы видео да интернет қолданушылар арасында көп талқыланды.

Сот "зейнеткер Үмітгүл Әлмағамбетованың үйі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай күрежолы салынатын аумақта орналасқандықтан мемлекетке қайтарылуы тиіс" деген шешім шығарған. Қызылорда, 24 қазан 2014 жыл.

EXPO-2017 ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ЕРЕУІЛІ

Желтоқсан айының ортасында Астана қаласында EXPO-2017 көрмесі нысандарын салып жатқан құрылысшылар жалақыларын өндіріп беруді талап етіп ереуілге шықты. Алайда жұмысшылардың жартысына жуығын полицейлер ұстап, автобустарға тиеп әкетті. Кейінірек босатылған жұмысшылардың талабы орындалғаны хабарланды.

Наразы жұмысшыларды полиция ұстады. Астана, 15 желтоқсан 2014 жыл.

ИНТЕРНЕТ-ҚАРСЫЛЫҚТАР

Ақпан айында интернетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасын талап еткен петиция жарияланып, ізінше сайт бұғауланып қалды. Петицияға бір тәулік ішінде 2 мыңнан астам адам қол қойған.

Жыл басында ресейлік ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің арандату сипатындағы сөздеріне наразы белсенділер оны жауапқа тартуды сұрап, интернет арқылы қол хинап қарсылық көрсетті.

Жаз айларында 2022 жылғы Қысқы олимпиаданың Алматыда өтуіне қарсы азаматтар да интернетте қол жинай бастады. Наразы азаматтар халықаралық жарысқа кететін қаржыны әлеуметтік салаға жұмсаған жөн деп санайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG