Accessibility links

Бірінші сынып оқушылары ата-аналарына психологиялық көмек


№139 мектеп-гимназия мұғалімі Жанна Кекілқызы бірінші сынып оқушыларымен сөйлесіп отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

№139 мектеп-гимназия мұғалімі Жанна Кекілқызы бірінші сынып оқушыларымен сөйлесіп отыр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Елдегі мектептерде бірінші сынып оқушыларының ата-аналарына алғашқы тренингтер өтті. Психологиялық кеңестер ата-аналардың көбіне ұнады. Жоба авторлары бастаманы кеңірек насихаттамақ.

Психологтар «ата-ана үлкен төзімділік көрсетіп, бірінші сыныпқа барған баланы күніне бірнеше мәрте айналып-толғанып, қамқорлыққа бөлеуі тиіс» деген кеңестер берді. Оның үстіне, жаңа оқу жылының алғашқы төрт аптасы ғана өтті әрі бала бақшадан кейін мектепке бейімделу кезеңі әлі аяқталған жоқ.

Мамандар баланы басқа балалармен салыстыруға мүлде болмайтынын, бұл оның өзіне деген сенімсіздігін қалыптастыратынын айтады. Отбасылық психолог бұл кезеңде кездесетін стрестік жағдайдың алдын алу үшін ата-аналардың мұндай тренингке қатысқанын жөн көреді.

АТА-АНАНЫҢ «ТӨЗІМІ»

Айнагүл Ибрагимованың баласы биыл Алматы қаласындағы №139 мектеп-гимназиясының бірінші сыныбына барды. Айнагүл бұл жоба туралы естігенін, бірақ баласы барған мектеп оған қатыспағанын айтады.

Баласы бірінші сыныпқа барған Айнагүл Ибрагимова мектептің алдында тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

Баласы бірінші сыныпқа барған Айнагүл Ибрагимова мектептің алдында тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл.

- Қазір ата-аналарға педагогтар мен психологтардың психологиялық көмегі керек. Ата-ана да баласымен бірге бейімделу кезеңінен өтеді. Тренингтерді бақылап көрсем, көбінесе ресейлік әдестемені қайталайды екен, - дейді Айнагүл Ибрагимова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, «Қазақстанда балаларды көбінесе ата-әжесі тәрбиелейді, ал Ресейдегі бала тәрбиесі бізден мүлде өзгеше. Ол жақта бір үйде бір бала ғана, ал қазақ отбасыларында үш-төрт баладан бар». Ол жоба ұйымдастырушылары бұл ерекшелікті ескерер деп үміттенеді.

№139 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Жанна Кекілқызы Азаттық тілшісіне бұл жобаның пайдасы туралы айтады. Оқуға жаңа кіріскен балаға жайлы жағдай жасау үшін бірінші сынып оқушыларының ата-аналары мен мұғалімдер бірлесе жұмыс істегені жөн.

- Ата-ана мен педагог балаға көмектесу үшін күнделікті тығыз байланыста болуы тиіс. Бала жарты күнін мектепте өткізеді, кейбір балалар сабақты шапшаң меңгеріп кетеді әрі айналасындағы балаларға да тез үйреніседі. Ал кейбір балаларға бұған біраз уақыт керек. Бала мен әке-шеше бейімделу кезеңінен бірге өтуі әрі оның жолдарын ата-аналарға психологтар үйретуі тиіс, - дейді Жанна Кекілқызы Азаттық тілшісіне.

Мұғалім баланың сеніміне кіріп, төзімділік көрсетуі тиіс, ал ата-ана баласына кешкісін ғана емес, күндіз де уақыт тауып, көңіл бөлгені жөн. Бастауыш сынып мұғалімі «Ата-ана жалпы бала тәрбиесі мен бейімделу кезеңі туралы психологпен кеңесуі қажет» деп санайды.

«ЖЕРГІЛІКТІ МЕНТАЛИТЕТ ЕСКЕРІЛГЕН»

Алматыдағы отбасы тәрбиесі институты директоры Любовь Набитковская кейбір ата-аналардың «тренинг өткізу әдістемесінде Ресей жобасын қайталау басым» деген сынына қатысты Азаттық тілшісіне комментарий берді.

Бала мен оның ата-анасы мектепте оқуға эмоциялық тұрғыдан әзір ме? Өмірдің бұл кезеңінен оқушы, ата-ана, педагог үшеуі бірге өтуі тиіс.

- Біздің міндетіміз – өмірдегі ең жауапты сәттердің біріне бала ғана емес, ата-ананы да дайындау. Бала мен оның ата-анасы мектепте оқуға эмоциялық тұрғыдан әзір ме? Өмірдің бұл кезеңінен оқушы, ата-ана, педагог үшеуі бірге өтуі тиіс. Отбасы бала тәрбиесіне көбірек уақыт бөлгені жөн. Мектеп табалдырығын енді аттаған баланың араласатын ортасы өзгеріп, мұғалім мен сыныптастарымен қарым-қатынас орнататын жауапты сәт туады. Сондықтан бірінші сынып оқушысының бұл кезеңнен барынша жайлы өтуін қадағалау керек,- дейді ол.

Институт директорының айтуынша, бұл үшін ата-аналар мен педагогтар балаға әрдайым қамқорлық жасап отыруы тиіс. Баламен дұрыс қарым-қатынас орната білу үшін әуелі ата-ананың психологиялық дайындығы болуы шарт. Любовь Набитковскаяның пікірінше, ата-аналар сауатты көрсетілетін психологиялық-педагогикалық көмекке зәру.

Отбасы тәрбиесі институты бұдан былай білім беру жүйесіне енгізілетін «ықпал ету» формаларын ұсынады. Любовь Набитовскаяның айтуынша, жобаны білім министрлігі мен «Нұр Отан» партиясы қолдаған.

- Біз Ресей білім беру жүйесі бойынша оқымаймыз. Бұрын совет заманында оқитынбыз, ал қазір өз әдістемеміз бар. Кейбір мектептер біздің әдістемені, кейбір мектептер ресейлік әдістемені қолданады. Мұғалім оқушыларды жергілікті менталитетті ескере отырып оқытады, - дейді Любовь Набитковская Азаттық тілшісіне.

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК

Отбасылық психолог Жанна Сүлейменованың пікірінше, техникалық прогресс пен жаңа технологиялар дамыған заманда ата-аналарға мұндай психологиялық тренингтер қажет.

Алғашқы қоңырауға бастауыш сынып оқушысын анасы әкеле жатыр. Алматы облысы, Талғар, 1 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Алғашқы қоңырауға бастауыш сынып оқушысын анасы әкеле жатыр. Алматы облысы, Талғар, 1 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бірінші сыныпқа бару – бала өміріндегі ең маңызды әрі ең қиын кезеңдердің бірі. Мектепке барған кезде баланың мінезі өзгеріп, жүйкесіне түсетін психологиялық салмақ ұлғаяды, сөйтіп эмоционалдық-стрестік жағдайға түседі. Соңғы кезде психология ғылымында бала мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету тәсілдері кең тараған. Психологиялық көмек дегеніміз - оқушыларға, ата-аналар мен педагогтарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетудің ерекше формасы, - дейді ол.

Отбасылық психологтың айтуынша, алғашқы күндерден бастап мектеп балаға интеллектуалдық және физикалық күшін жұмылдыруды талап ететін көп міндет жүктейді.

Биыл Қазақстанда бірінші сыныпқа 300 мыңдай бала барған.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG