Accessibility links

Маңғышлақ станциясында теміржолшылар аттестацияға наразы


Темір жол станциясы (Көрнекі сурет)

Темір жол станциясы (Көрнекі сурет)

Мамырдың 28-і - Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы жұмысшыларының аттестация тапсыратын күні. Бірақ жұмысшылар сынақтан өтудің орнына, Маңғышлақ станциясына жиналып, «заңсыз аттестацияны» тоқтатуды талап етті.


Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, Маңғышлақ станциясының маңына шамамен 200-ден астам адам жиналған. Жұмысшылар басшылыққа төрт талап қойып отыр: жалақыларының азайып кетуінің себебін білу, "жаппай жұмыстан шығаруға себеп болған" аттестацияны тоқтату, жеке еңбек шарттарын жасасу және жұмысшылар мүддесі ескерілген ұжымдық келісім-шартты қайта жасау.

«ЖҰМЫСҚА ҚАТЫСЫ ЖОҚ СҰРАҚТАРМЕН ҚҰЛАТУ»

Компанияның жұмысшысы Шынар Қиянованың айтуынша, сәуір айында көптеген жұмысшылардың жалақысы қысқарып қалған. Жиналғандар Азаттық тілшісіне «Қосымша алып жүрген сыйақымызды да қысқартып тастады» деген шағым айтты.

- Компания жалақыны төлеудің жаңа жүйесін енгіземіз деген. Қазір жалақымыздың көп бөлігін кесіп тастады. Жалақыларымызды азайтқанмен қоймай, жолсеріктер арасында аттестация өткізіп, жаппай жұмыстан шығарып жатыр. Атыраудан 18 адамды жұмыстан шығарып жіберді. Бұған қоса «қызметіне сәйкес емес» деп 60 адам жұмыстан шеттетілген (Бұдан бұрын Атырау мен Батыс Қазақстанда аттестация өткізілген - ред.). Аттестацияны сылтауратып 20 жыл істеген адамдарды, зейнеткерлікке үш ай қалған, екі жыл қалған қызметкерлерді босатып жатыр. Соған байланысты біз аттестация қаншалықты заңды екенін анықтамақ болып жиналып жатырмыз, - дейді 10 жыл тәжірибесі бар екенін айтқан жұмысшы Шынар Қиянова.
Маңғыстау облысындағы теміржол. Маңғыстау облысы, Шетпе станциясы, 22 сәуір 2012 жыл.

Маңғыстау облысындағы теміржол. Маңғыстау облысы, Шетпе станциясы, 22 сәуір 2012 жыл.


Оның айтуынша, Қазақстан темір жол торабындағы «Батыс» аймағында «Басшылық аттестация кезінде жұмысшыларға қызметіне түк қатысы жоқ сұрақтарды қойып, құлатып жатыр».

- Бұрындары 170-180 мың алатын едім. Қазір 140-қа түсіп қалды. Бұл мәселелер анықталмайынша аттестацияны уақытша тоқтатуды талап етеміз. Бізде ешқашан жеке еңбек шарты деген болып көрген емес. Жұмыс берушілер жұмысшылардың пікірімен санаспайды. Осы күнге дейін шыдап келдік. Енді қазір соған байланысты наразылық шарасын жасайық деп жатырмыз. Егер жұмыс берушілер заңсыз жасап жатқан шараларын тоқтатса, онда наразылық жасамаймыз. Себебі халқымыздың жолдан қалғаны, компанияның шығынға ұшырағаны бізге де керек емес, - деді ол.

«ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТІП МӘЖБҮРЛЕУ»

Теміржолшылардың тәуелсіз кәсіподағының өкілі Тілектес Огай жұмыс берушілердің қарапайым жұмысшыларды ұжымдық келісім-шартқа «қорқытып, үркітіп заңсыз қол қоюға мәжбүрлегенін», «қарсылық көрсеткендерін жұмыстан қуғанын» айтады.
Маңғышлақ шығанағындағы мұнай сорабы. 02 наурыз 2005 жыл.

Маңғышлақ шығанағындағы мұнай сорабы. 02 наурыз 2005 жыл.


- Вице-министр келген кезде жұмыс берушілер келісім-шарттың бір жыл ішінде даяр болатынын айтқан еді. Олар кете салысымен, сол келісім-шарттарды заңсыз, біржақты түрде жасап, жұмысшыларды соған қол қоюға мәжбүрлеген. Қорқытып, үркіткен. Жұмысшылар аттестациядан өтуге қарсы емес. Бірақ қазіргідей заңсыз, әділетсіз өтіп жатқан аттестацияға қарсы. Біз бұған дейін облыс әкіміне, арнайы департамент өкілдеріне хат жаздық. Барлық жаққа жазып келеміз. Бірақ ешқандай нәтиже болған жоқ. Осындай басшылықтың әрекетсіздігінен қазір жұмысшылар ұжымы ашу-ызаға булығып отыр, - дейді Престиж Огай.

Оның айтуынша, жұмысшылар ең әуелі аттестация комиссиясымен кездесіп, мәселенің мән-жайын талқылауды талап етіп отыр. «Әзірге бізді ол жаққа жібермей жатыр» дейді кәсіподақ өкілі.

Жұмысшылардың айтуынша, қазір Маңғышлақ станциясының вокзал бекеті маңына жиналған наразы адамдар жергілікті телеарна өкілдеріне сұхбат беріп жатыр. «Басшылықтан әзірге ешкім келген жоқ. Тек жергілікті әкімшіліктен еңбек дауы мәселесі бойынша екі адам келді. Олар бұл мәселені талқыламаймыз деп жатыр. Мекемеге оларды да кіргізбей жатыр» деді Азаттық тілшісіне жұмысшылардың бірі.
Шу станциясындағы вокзал. 24 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Шу станциясындағы вокзал. 24 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)


Азаттық тілшісі мамырдың 28-і «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалына хабарласқан еді. Телефонға жауап берген хатшы қыз «жұмысшылардың наразылығы туралы естімегенін» айтып, Астанаға хабарласу қажеттігін ескертті.

Астанадағы "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның баспасөз хатшысы Төлеген Іздібаев бұл туралы білмейтін болып шықты. Азаттық тілшісіне "Ресми сауал жолдаңыз, жауап береміз" деді.

Теміржолшылардың тәуелсіз кәсіподағының өкілі Тілектес Огай түстен кейін аттестацияға наразылардың тарап кеткенін, сынақ тапсыруға тек 40 шақты адамның қалғанын хабарлады. Оның айтуынша, наразылар ертең де жиналады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ - «Қазақстантеміржолы» компаниясына қарасты еншілес компания. Ал Манғышлақ станциясы (ауылы - ред.) Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Бейнеу - Жаңаөзен теміржолының ортасындағы бекет. Кәсіпорын темір жол тасымалына қызмет көрсетеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG