Accessibility links

«Қолжетімді баспана» кезегіне тұру басталды


Шілденің 10-ы күні жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Алматыда құжат қабылдау басталды.

Жас отбасылардан өтініштерді Алматыдағы оқушылар сарайында шілденің 10-ы күні таңғы сағат 10-нан қабылдады. Бірақ баспана үшін кезекке тұру шілденің 9-ы күні кешкі жеті жарымда басталған.

Азаттық тілшісі бұл жерге 10 шілде күні таңғы сағат бестер шамасында барған кезде тізімге тіркелген отбасылар саны отызға жеткенін көрді.

"МЫҢЫНШЫ БОЛЫП ТІРКЕЛГІМІЗ КЕЛМЕДІ"

Алматының 28 жастағы тұрғыны Мырзакәрім Қасымбеков - тіркелу кезегіне келген алғашқы адам. Оқушылар сарайының алдында таңды қарсы алған тұрғын кеше кешкісін келе салысымен тізім құрастыра бастағанын айтады.

- Мұндай бағдарламалар болған кезде түнде келген адамдардың мыңыншы болып тіркелгені туралы естігеніміз бар. Сол себепті ертерек келдік. Бір жағынан алғашқы да болғымыз келді, - дейді ол.

Таң атқан кезде өтініш тапсыруға келген жастар қарасы көбейе бастады. Алматы тұрғыны Айдын Бисербаев түнгі сағат он екіде келіп тіркеліп кетіп, таң ата қайта келгенін айтады.
Әкімшілік ел білетіндей жарнама қылса. Сосын талон беріп кіргізсе жөн шығар. Жұрттың өзі мұнда тізім жасап отыр. Бұл дұрыс емес.

- Үштен бері осындамын. 12-де келген кезде мұнда он бірінші болып жазылдым, - дейді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен адамдардың барлығы да бұл бағдарлама жайлы жақында ғана естіген болып шықты. Мысалы, алматылық Саида Жангушупова бағдарлама жайында бірнеше күн бұрын ғана естіп, құжат жинауға кірісіпті.

- Әкімшілік болсын, басқасы болсын, ел білетіндей жарнама қылса. Сосын ел келген кезде талон беріп кіргізсе жөн шығар. Жұрттың өзі мұнда тізім жасап отыр. Бұл дұрыс емес. Ол тізім бір жерде жоғалып қалса ше? - дейді ол.

Саида Жангушупова сөз арасында күйеуінің жалақысынан зейнетақыға ақша "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша кезекке тұрған тұрғындар. Алматы, 10 шілде 2013 жыл

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша кезекке тұрған тұрғындар. Алматы, 10 шілде 2013 жыл

аударылмайтынын, мұның қолжетімді баспана алу үшін жинайтын балл мөлшеріне әсері барын айтып, соған алаңдайды.

ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ РЕТІ

Оқушылар сарайының маңында таңғы сағат 8-дер шамасында биодәретхана әкелініп, 9-дар шамасында азаматтардың сұрақтарына жауап беретін анықтама бөлімі құрылды.

Сағат 10-да тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкіліне қойылған сұрақтар санында шек болмады. Бірі "Енді ғана 29-ға толған күйеуім өтініш тапсыра ала ма?" деп сұраса, бірі "тұрақты тіркеу орнының барлық отбасы мүшелеріне қатысы" туралы білгісі келді.
КЕЗЕККЕ ТҰРУ ҮШІН КЕРЕК ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ

  • Жеке бас және неке куәліктері
  • Тұрғылықты тіркеу
  • Баспанасы жоғын дәлелдейтін құжат
  • Соңғы 5 жылда баспана мәселесін қасақана қиындататын фактісі болмағанын растайтын құжат
  • Отбасының жалпы айлық табысы туралы құжат

Сағат 10-да полиция тұрғындар құрған тізім бойынша алғашқы лекті кіргізе бастады. Алғашында бірден 12 адам кіргізілді. Әрбір топтан құжат қабылдау ұзақтығы шамамен 30-40 минутқа созылды. Түскі сағат 12-ге дейін тізімдегі 108 адам қабылданды.

Құжаттарын тапсырып шыққан жас отбасылардың көбі комиссия қосымша құжат сұратқандарын, алайда соған қарамастан тіркегенін айтты.

- Жылдам, тез. Кезек бойынша қабылдады. Тек бір ғана құжат керек. Соны бірнеше күн ішінде әкеліп тапсыруым керек, - дейді Татьяна есімді тұрғын.

Ал Айжан Құсманбакиеваның сөзінше, құжаттарды талап ету жағынан ала-құлалық бар.

- Ішіне кірген кезде бір кемшілігі болды. Әрқалай ақпарат берді. Бір жерде жалақы туралы құжат керек емес десе, қазір керек деп айтып жатыр. Тіркеген кезде талон берілді. Бір адам екі адамды қатар қабылдап жатыр, - дейді ол.

АЛТЫ МЫҢ ОТБАСЫ - ҮШ МЫҢ ПӘТЕР

Кезекті ұйымдастыру, тізім құрастыру жайлы Алматы қалалық тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары Тұрысбек Ізмағамбетовтен сұрағанымызда, ол келген отбасылар аз екенін, бұған байланысты бірде-бір адам шағымданбағанын айтты.

Оның сөзінше, құжаттарды қабылдау жеті күнге (10-17 шілде аралығында) созылады. Болжамы бойынша, шамамен 5-6 мың жас отбасы құжаттарын өткізеді.

Алматы қалалық тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары Тұрысбек Ізмағамбетов. Алматы, 10 шілде, 2013 жыл

Алматы қалалық тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары Тұрысбек Ізмағамбетов. Алматы, 10 шілде, 2013 жыл

- Келесі жылдан бастап үй беру мәселесі қарастырылады. 144 пәтер салынып жатыр. Келесі жылы 200-300 пәтер салынуға тиіс. "Қолжетімді баспана" бағдарламасы 2020 жылға дейін жүреді. Жоспарымыз бойынша 3 мың пәтер салынуға тиіс деп жоспарлап отырмыз, - деді Тұрысбек Ізмағамбетов Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жеңілдетілген пайызбен жалға берілетін немесе сатылатын баспананың бір шаршы метрі 125 мың теңгеден есептеледі. Соған қарай пәтерге төленетін ақша көлемі анықталады. Ол бірақ айлық төлемнің 60-70 мың теңгеден аспайтынын айтты.

"Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының "Жас отбасыға арналған баспана" бағыты бойынша үйлер келесі жылдан бастап беріле бастайды. Баспаналар Алғабас, Нұркент, Саялы ықшам аудандарынан беріледі.

Мемлекеттік бағдарламаның "Жас отбасына арналған баспана" бағыты бойынша биыл бірінші рет жас отбасылардан өтініштер қабылданып отыр. Бұл бағдарламаға жасы 29-дан аспаған, үйленгеніне кемінде екі жыл болған, кемінде бір баласы бар жас отбасылар қатысып, арзандатылған бағамен пәтер сатып, я жалға ала алады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG