Accessibility links

Ұрлығын «өзі де сезбей қалған» ұры


Әмиян ұрлап жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Әмиян ұрлап жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Автобустағы жолаушылар «ұрылардың көлікте емін-еркін жүруіне кондукторлардың да қатысы бар» дейді. Ұрының өзі «кондукторлар көріп тұрса да айтпайды – олар қарсылық танытса, біз жұмыссыз қалар едік» дейді. Ал кондукторлар ұрылармен керіспеуге тырысады.

«ХИРУРГ» ПЕН «ТЕХНАРЬ»

Азаттық тілшісі автобус кондукторларының көрсетуі арқылы көліктегі жолаушылардың қалтасына түскіш ұрылардың бірі деп сипатталған кісімен сөйлесті.

Екі иығы еңкіш тартқан, жүзін әзім торлаған, орта бойлы қартты «ұры» деуге әуелі көңіліміз сенбеді.

«Суретке түсірмейміз, атыңызды атамаймыз» дегеннен кейін ғана сөйлесуге келісті. Биыл 58-ге келгенін айтқан қарт «қалай қалтаға түскіш ұры болғанын өзі де сезбей қалғанын» баяндап берді.

– Осы қаладағы бір мекемеде күзетші болып істейтінмін. Осыдан екі жыл бұрын қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалдым. Өзім кеш үйленгенмін. Бес балам бар. Алды еңбек жасына енді ғана жетті. Ешқандай жер жұмысқа алмады. Күні бойы қаланы жаяу аралап жұмыс іздеп, кешке үйге қайтуға автобусқа отырмақшы болғанмын. Шынымды айтсам, қалтамда жолға төлейтін де ақша жоқ еді. Сонда да
Автобусқа мінгелі тұрған жолаушылар. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.
Автобусқа мінгелі тұрған жолаушылар. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.
елмен бірге қыстырылып автобусқа мініп алып едім, адамның көптігінен есік жабылмай қойды. Сол кезде кондуктор «бір-екі адам түсіңдер, есік жабылмай жатыр» деп айқайлады. Елдің ең соңы боп есіктің аузында тұрған мен жерге түсейін деп кері шегініп бара жатып, қасымдағы тұрған қыздың жан қалтасынан қылтиып тұрған «кошелегін» іле кеттім. Ол ойдың миыма қалай келгенін және қалай жылдам алғанымды өзім де сезбей қалдым, – дейді темекісінің түтінін соза үрлеген ұры мақтаныш кейіппен.

Қалтаға түскіш ұрының айтуынша, сол жолы «іле кеткен» олжасы 50 мың теңге болыпты. Осылайша оңай ақша табуға болатынын білген ұры кейін қалай машықтанғанын да жасырмады.

– Бір айға жуық уақыт қайнаған ыстық судың ішінен сабынды екі саусақпен іліп алуға машықтандым. Кейін саусақ сыймайтын жерлерден пинцетпен алуды меңгердім, – деді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қалта ұрылары өз ішінен «хирург» және «технарь» деп
Қалалық автобус. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.
Қалалық автобус. Алматы, 22 қараша 2012 жыл.
екіге бөлінеді – бұл кісі «хирург» екен.

Ұрының айтқанынан түсінгеніміз – «хирург» біреудің қалтасындағы нәрсені медициналық құрал-жабдықтармен, мәселен, пинцетпен суырып алады; ал «технарь» ұстара, алмас секілді кескіш, тілгіш саймандарды пайдаланады.

– Мен жұрт автобусқа енді мініп жатқанда немесе түсіп бара жатқанда қимылдап қаламын. Әсіресе таңертең-кешке адамдар сақтықты ұмытып кетеді. Ол үшін нысанаңды алдын-ала аялдамада белгілеп аласың да, көлік келгенде «тез-тез мініңіз» деп демеген болып, қалтасындағысын сыпырып алып, кейін сытылып кетесің, – дейді қалтаға түскіш ұры.

«ӨЗІМДІКІ» ДЕП ОЙЛА»

Қалта ұрысы көбінесе кондукторлармен келісіп жұмыс істейтіндерін айтты.

– Бізді кондукторлар жақсы таниды. Егер автобусқа кіргізбей немесе шу шығарып, қарсылық танытса, жұмыссыз қалар едік. Бірақ олар көріп тұрса да үндемейді. Кейбіреулері олжамызбен бөлісуден де бас тартпайды. Бізге бұл тиімді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

«Ұсталып қаламыз деп қорықпайсыздар ма?» деген сауалға «кез-келген жағдайдан құтылып шығуға болады» деп қана жауап берген ұры:

– Сенің ойыңда ешқашан да «біреудің затын алып жатырмын немесе ұсталып қаламын-ау» деген ой болмау керек. Керісінше, «өз дүниемді алып жатырмын» деп ойла. Және соған өзіңді сендір, – деді.

Азаттық тілшісінің бұдан кейінгі сұрақтарына жауап бергісі келмеген қалта ұрысы:

– Балам, бір басыңа осы да жетеді. Көп білген өзіңе зиян, – деп әңгімесін доғарды.

ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық тілшісі автобус жолаушыларынан «Қоғамдық көлікте бірдеңе ұрлаттыңыз ба?» деп сұраған еді.

Сауалнамаға қатысқан 92 және 32-бағытты автобустағы әрбір он жүргіншінің төртеуі «ұрыларға олжа болғандарын» айтты. Сондай-ақ әрбір он адамның жетеуі
Автобустағы жолаушылар. Алматы, 16 қазан 2011 жыл.
Автобустағы жолаушылар. Алматы, 16 қазан 2011 жыл.
«Автобусқа кірген сәтте әмиян немесе телефон ұрлаттық» десе, қалғандары «ұрыға жем болғанын жолақысын төлерде бірақ білгенін» айтып өкінді.

Сауалнамаға берілген жауаптардан тағы бір аңғарғанымыз, қалтаға түскіш ұрылар күз бен көктем айларында, сосын таңертеңгі және кешкі уақыттарда жіті қимылдайды.

Ұрылардан әйел адамдар жиі зардап шегеді екен. Өйткені «мүлкімізді ұрлаттық» деп жауап берген әр он адамның сегізі – қыз-келіншектер.

Сауалнамаға жауап бергендердің көпшілігі «автобустағы қалта ұрылары кондуктормен тығыз байланыста» деп біледі.

Ал автобустағы кондукторлардың бірі ұрыларды көріп қалған сәтте тек «ақшаларыңызға, телефондарыңызға сақ болыңыздар» деп жолаушыларға ескертетінін айтты.

– Басқа қолымнан ештеңе келмейді. Менің де өмір сүргім келеді, – дейді кондуктор жігіт.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi

175-бап. Ұрлық

1. Ұрлық, яғни бөтен мүлiктi жасырын ұрлау -

екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан жетi айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiн бас бостандығын шектеуге, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
б) бiрнеше рет;
в) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Мынадай:
а) ұйымдасқан топ;
б) iрi мөлшерде;
в) ұрлық не қорқытып алушылық үшiн бұрын екi немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған ұрлық -
мүлкi тәркiленiп үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту.
1. Осы Кодекстiң баптарында ұрлық деп пайдакүнемдiк мақсатта бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады.
2. Осы Кодекстiң 184, 184-1-баптарын қоспағанда, осы тараудың баптарында iрi мөлшер немесе iрi залал деп қылмыс жасалу сәтiне Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген айлық есептi көрсеткiштен бес жүз есе асып түсетiн мүлiктiң құны мен залалдың мөлшерi танылады.
3. Осы Кодекстiң 175-181-баптарында бiрнеше рет жасалған қылмыс деп осы баптарда, сондай-ақ осы Кодекстiң 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе одан да көп қылмыстардан кейiн жасалған қылмыс танылады.
4. Осы тараудың баптарында, сондай-ақ осы Кодекстiң басқа баптарында ұрлық немесе қорқытып алушылық үшiн бұрын сотталған адам деп осы Кодекстiң 175-181, 248, 255, 260-баптарында көзделген бiр немесе бiрнеше қылмыс үшiн сотталған адам танылады.
5. Меншiк құқығында ұйымға тиесiлi немесе оның қарамағындағы бөтен бiреудiң мүлкiн ұрлау, алаяқтық жасау, иемденiп алу немесе ысырап ету жолымен жасалған ұсақ-түйек ұрлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Оны жасауға кiнәлi адам заңға сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тартылады. Егер ұрланған мүлiктiң құны әрекет жасалған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын болса, ұрлық ұсақ-түйек ұрлау деп танылады.

Ескерту. 175-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2000.05.05. N 47, өзгерту енгiзiлдi - 2002.12.21. N 363, 2004.12.09. N 10, 2005.11.22. N 90 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

(Мақаланы автордың Facebook-тегі парағында да талқылай аласыз).
XS
SM
MD
LG