Accessibility links

Астанада кездескен құқық қорғаушылар, журналистер мен депутаттар жала жабу үшін қолданылатын қылмыстық жаза түрін өзгертуге қатысты екі бөлек пікір айтып тарасты.

Тәуелсіз журналист Валерий Сурганов екі жыл бұрын «жала жапты» деген айыппен істі болған. «Қаржы полициясының өкілін қаралады» деген айып тағылған оны Медеу аудандық соты сол кезде бір жарым жылға бас бостандығынан айырған. Алайда, кейіннен жаза шартты түрге ауысады. Журналист жала жабу туралы бапты қылмыстық кодекстен азаматтық кодекске ауыстыру жөн деп санайды. Оның ойынша, Қазақстанда азаматтық қоғамның ұйымшылдығы мен журналистердің ынтымақтастығы жоқ. Сол себепті билікке мұндай талап қою қиын.

ЕКІ КӨЗҚАРАС

- Бұл тақырыпты кездесулерде, түрлі жиындарда ғана қозғап, одан кейін ұмытып кеткеннен мәселе шешілмейді. Мемлекетте сөз бостандығы дамып, әділ сайлау өте бастағанда бұл бапты қылмыстық кодекстен азаматтық кодекске ауыстыруға болатын шығар. Сондықтан, қазір ең болмаса бұл баптан «бас бостандықтан айыру мен бостандықты шектеуді» алып тастап, оның орнына айыппұл салуды құптаймын, - дейді Валерий Сурганов.
Валерий Сурганов, тәуелсіз журналист

Валерий Сурганов, тәуелсіз журналист


Журналист қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша тек қана журналистер жазаға тартылмайтынын, қарапайым адамдар да бір-бірінің үстінен арыз жазатынын, сондықтан, заңды қабылдар алдында осы мәселені де ескеру керектігін айтады.
Парламент мәжілісінің депутаты Камал Бұрхановтың бұл мәселеге қатысты пікірі бөлек. Оның сөзінше, жала жабу туралы заң жобасына деген қоғамның қызығушылығы зор. Бірақ мұндай әрекет бәрібір жазалануы тиіс.

- Жала қоғамға, жеке адамға зиянын тигізетін болғандықтан, ол жазалануы керек. Бірақ оның формасы қандай болатыны басқа мәселе. Айыппұл салу керек пе? Түрмеге қамау керек пе? Осыған байланысты қазір пікірталас болып жатыр. Менің ойымша, бұл пікірлер заң талқыланатын кезде парламентке түседі. Оған депутаттар назар аударады, - дейді ол.

Қыркүйектің 9-ы күні Астанада «Әділ сөз» қоры, ЕҚЫҰ-ның өкілдігі мен басқа да бірнеше халықаралық ұйым «Сөз бостандығын халықаралық стандарттармен сәйестендіру» атты дөңгелек үстел өткізді. Бұл шараға ҮЕҰ-дар, журналистер, заңгерлер мен депутаттар қатысып, қылмыстық кодекстің жала жабу үшін жазалау туралы бабын талқылады.
Камал Бұрханов, мәжіліс депутаты. Астана, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Камал Бұрханов, мәжіліс депутаты. Астана, 9 қыркүйек 2013 жыл.


БҰҰ-ның ұсынысы бойынша жала жабу мен қорлауды қылмыс деп қатаң жазаламау үшін қылмыстық кодекстің 129-бабына өзгеріс енгізу туралы жобаны дайындаушылар жауапкершілікті бәрібір күшейту керек деп санайды. Ал сөз бостандығын қорғаушылар қоғамдық тұлғалар туралы мәліметті еркін алып, таратуға шақырды.


«БАҚ ҚОҒАМ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУЫ КЕРЕК»

Ал дөңгелек үстелдің модераторы болған заңгер Сергей Уткин «шенеуніктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін журналистер сезіндіруі тиіс» деп санайды.

- Заң құпия түсірілім жасауға шектеу қоймайды. Демек журналист кез-келген шенеуніктің қай жерде, қандай үйде тұратынын, қандай көлік мінетінін, ол мүліктер сол шенеуніктің атына тіркелген-тіркелмегенін білуге құқылы. Осылай ету арқылы журналистердің қоғамдық тұлға туралы құпия ақпаратты алуларына мүмкіндік бар. Бұл жеке адамның өміріне қол сұғушылық емес, қоғам мүддесі үшін керек нәрсе. Өйткені БАҚ тек ақпарат таратып қана қоймайды. БАҚ қоғамның мүддесін қорғауға қызмет етуі тиіс, - дейді ол.

Заңгердің пікірінше, БАҚ тарапынан бақылау күшейген соң шенеуніктер қоғам алдындағы өз жауапкершіліктерін сезінеді де, жемқорлыққа жол берілмейді. Сондықтан журналистер ақпарат алуға қатысты заңдарды біліп, қорықпаулары керек.
Сергей Уткин, заңгер. Астана, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Сергей Уткин, заңгер. Астана, 9 қыркүйек 2013 жыл.


2010 жылы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстандағы ахуалды жақсартуға қатысты билікке бірқатар ұсыныстар жасаған. Олардың ішінде жала жабу мен қорлауды қылмыс деп танудан бас тарту да бар. Ұсынысты Қазақстан билігі қабыл алды. Алайда жаңа заң жобасына енетін өзгерісті әзірлеушілер жауапкершілікке тарту шарасын бәрібір күшейту керек деген көзқарас ұстанады. Ал қоғамдық ұйымдар мен сөз бостандығын қорғаушылар бұл пікірге қарсы. Бұл мәселеге қатысты азаматтық қоғамның пікірі қаншалықты ескерілетіні заң жобасы биылғы күзде депутаттардың алдына талқылауға түскенде белгілі болмақ. Ал әлі күшінде тұрған қылмыстық кодекстің 129-бабы бойынша «БАҚ бетінде жала жапты» деп айыпталған азамат 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл баптағы ең ауыр жаза – 3 жылдық түрме мерзімі.

Қыркүйектің 3-і күні ЕЫҚҰ-ның сөз бостандығы бойынша өкілі Дунья Миятович Қазақстанның қылмыстық және әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекстері еркін пікір білдіруді шектейді деп алаңдаушылық танытқан. Дунья Миятович Қазақстан парламентінің мәжілісіне жолдаған хатында: «Кәсіпқой журналистика институтын қорғау бойынша қылмыстық кодекске жағымды өзгерістер енгізу туралыұсынысқа қарамастан БАҚ бостандығы мен пікір айту еркіндігін шектейтін санкциялар керісінше күшейіп барады» деп мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG