Accessibility links

Аты-жөнсіз кейіпкерді сөккен журналист сотқа тартылды


«Балхашский рабочий» газетінің тілшісі Оксана Живицкая.

«Балхашский рабочий» газетінің тілшісі Оксана Живицкая.

Балқаш қаласының тұрғыны жергілікті газет тілшісін «маған жала жауып, тіл тигізді» деп сотқа берді. Баспасөзді қорғау ұйымы мұндай айыппен сотқа тарту жиілеп кеткенін айтады.

Қазанның 30-ы күні Қарағанды облысы Балқаш қалалық сотында қала тұрғыны Әділ Ағыбаевтың шағымы бойынша сот басталды. Ол Балқаш өңіріне таралатын шағын басылым – «Балхашский рабочий» газетінің тілшісі Оксана Живицкаяны қылмыстық жазаға тартуды сұрайды.

Әділ Ағыбаевтың шағымына «Балхашский рабочий» газетінде 2014 жылы 13 маусымда жарияланған «О людях: хороших и гадких» деген мақала себеп болған. Онда әуелі қаланың Шашубай шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің біріндегі ауланы күтіп-баптап жүрген адам жайлы баяндалады. Ал мақаланың екінші жартысында сол аудандағы өзге бір үйдің ауласын көркейтуге кедергі болып жүрген тұрғын жайында жазылған. Материалда «тәртіпсіз адамның зиянды әрекеттері» көп айтылғанымен, ол кейіпкердің аты-жөні аталмайды.

ЖУРНАЛИСТІҢ УӘЖІ, ТҰРҒЫННЫҢ ТАЛАБЫ

Журналист Оксана Живицкая мақаласында «бұзақы кейіпкер жайлы да жазуына қала тұрғындарының ұжымдық шағымы негіз болғанын» айтады.

Шағымданушы Әділ Ағыбаев айтқан айыппен келіспеймін. Мақалада оның аты-жөнін, мекен-жайын да көрсеткен жоқпын.

– Мен шағымданушы Әділ Ағыбаев айтқан айыппен келіспеймін. Мақалада оның аты-жөнін, мекен-жайын да көрсеткен жоқпын. Мақалада ешқандай қаралау, жала жабу жоқ. Жала жабу алдын-ала қасақана біреуді әдейі қаралау үшін, оның ар-намысына нұқсан келтіру үшін жасалады. Шынымды айтсам, осы факт бойынша іс ұйымдастырылып жатқанына таң қаламын, – дейді ол.

Журналист шағым берушінің бұған дейін редакцияға келіп, жария түрде кешірім сұрауды талап еткенін, алайда өзінің ол ұсыныстан бас тартқанын айтады.

Ал шағымданушы Әділ Ағыбаев «мақалада жазылған жайттар жалған» екенін мәлімдеп, соттан журналисті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.

«Екі талды аралап тастады» деп өтірік жазады. «Көшедегі орындықты сындырды» деп жазғаны да – жалған.

– Мәселен, «екі талды аралап тастады» деп өтірік жазады. «Көшедегі орындықты сындырды» деп жазғаны да – жалған. Мен оны екі баппен («Жала жабу» және «Тіл тигізу» – ред.) қылмыстық жауапкершілікке тартқанын сұрап отырмын. Журналист оған қоса менен жария түрде кешірім сұрасын, – дейді шағым иесі.

«Журналист Оксана Живицкаяның мақаласындағы аты-жөні жоқ кейіпкерді неге өзіңіз деп білесіз?» деген сауалға Әділ Ағыбаев жауап бермеді.

Балқаш қалалық сотының судья Марат Башанов Әділ Ағыбаевтың Оксана Живицкаяға қарсы шағым бергенін растағанымен, басқа сұрақтардың жауабын «сотқа келіп білуге» шақырды.

«БИЫЛҒЫ ОН АЛТЫНШЫ ІС»

Балқаштық журналист Оксана Живицкаяға байланысты қозғалған іске «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы алаңдаушылық білдірді.

Ұйым «Қазақстанның қылмыстық кодексінде бұқаралық ақпарат құралы арқылы жала жапқан адамға 500 айлық есептік көрсеткіш (926 мың теңге немесе 5 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлету немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылғанын» айта келе:

Оппозициялық басылым журналистерінің наразылығы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Оппозициялық басылым журналистерінің наразылығы. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін қылмыстық кодекс мұндай әрекет үшін 2 мың айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3 миллион 704 мың теңге немесе 20 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік береді. Бұл норманы енгізер кезде кодекс жобасын жасаушылар «жала жабуды декриминализациялағанша жауапкершіліктің қатайтылуы профилактика болады, ал баптың өзі өте сирек қолданылады» деген еді. Алайда Оксана Живицкаяның ісі – жыл басынан бергі 16-іс» деп мәлімдеді.

Тамыз айында алғашқы жарты жылға қорытынды жасаған «Әділ сөз» ұйымы елде «жала жабу» не «тіл тигізу» айыбы бойынша шыққан үкім көбейгенін мәлімдеген. 2013 жылы 16 іс қозғалса да, ақпарат құралдарына қатысты бірде-бір айыптау үкімі шықпаған. Ал биыл алғашқы жарты жылдың өзінде мұндай 12 іс қозғалып, екі іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Бұл істердегі шағым берушілердің арасында тергеуші, судья мен депутат сияқты лауазымды тұлғалар да бар.

Қазақстанның құқық қорғау ұйымдары жала жабу мен ар-ожданды қорлау баптарынан қылмыстық жауапкершілікті алып тастауға үнемі шақырғанымен, Қазақстан билігі бұған келіспеді.

Бас прокуратура бұл мәселеде «заңдарында жала жапқан адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған Еуропа елдерін» үлгі еткісі келеді. Ал құқық қорғаушылардың айтуынша, Еуропада қылмыстық жазаны іс жүзінде көптен бері қолданбайды.

Қазақстанда бұдан 17 жыл бұрын қабылданып, содан бері көптеген түзетулер қосылған қолданыстағы қылмыстық кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарында күшін жойып, елде одан әрі жаңа қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілмек.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG