Accessibility links

Қиссалар тағлымы


"Қисса-сүл әнбийя" жинағының қазақша аудармасы. Кітап суреті Қазақстан Ұлттық кітапханасынан алынды.
"Қисса-сүл әнбийя" жинағының қазақша аудармасы. Кітап суреті Қазақстан Ұлттық кітапханасынан алынды.

«Қисса-сүл әнбийя» - Алтын орда мемлекеті тұсында дүниеге келген діни тақырыптағы соқталы дүниелердің бірі.

Аталған жәдігер дүниедегі аңыз-әңгімелерді жинақтап, құрастырған, біраз қиссаларды жазған аутор - Рабғузи. Бұл бүркеншік ат- «Рабат оғызы» деген сөздердің қысқарған нұсқасы. Аутордың шын есімі- Насретдинұлы Бұрһанеддин екен. Аутор тарихта негізінен Рабғузи деген бүркеншік атымен белгілі.

Рабғузи Оғыз Рабат деген қаланың қазысы болған көрінеді. Дерек көздерге қарағанда, аутор аталған шығармасын сол қаланың әкімі Насретдин Тоқбоға бектің өтініші бойынша жазып, кітапты әлгі әкімге сыйға тартқан екен.

ҚАРА СӨЗБЕН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Аутор бұл шығармасын көне түрік тілінде жазғандықтан, оны оқып, ондағы қиссалармен танысу сол кездегі түрік тектес тайпалардың ешқайсысына да ауыр болмаған көрінеді.

«Қисса-сүл әнбийя» - негізінен пайғамбарлар мен әулие-әнбилер өмірі жайлы, сондай-ақ олардың басынан өткерген оқиғаларын баян ететін прозалық шығарма.

Өзге де орта ғасырлық шығармалар сияқты «Қисса-сүл әнбийя» нұсқалары да ел арасына қолмен көшірілген күйінде көп таралған болатын.

Ал тасқа басылған күйінде бізге жеткен, баспа жүзін көрген алғашқы нұсқасы - 1914 жылы Қазан баспасынан жарыққа шыққан жинақ. Кейінірек бұл кітап Ташкент қаласында бірнеше мәрте қайта басылып, ел арасына бұрынғысынан да кең тарала түскен еді.

«Қисса-сүл әнбийяның» Қазан баспасынан жарық көрген нұсқасына 79-дай қиссалар мен хикаялар енген екен.

479 беттік бұл шығарма хақында айта келіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев «Ғылым» баспасынан 1973 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты еңбегінде былай дейді:

«Оларды, яғни қисса-хикаяларды тақырып мазмұнына, идея-мәніне қарай мынадай үлкен үш топқа жіктеуге болады:

1. Жер, көк, адамзат, хаюанат, жын-шайтан, періштелер, Адам-ата, от, топырақ жайлы түсініктер, мақала, әңгімелер;
2. Әулие-әнбилер, пайғамбарлар, солардың өмірбаяндары, іс-әрекеттері туралы қиссалар, ертектер, аңыздар;
3. Шежіре- яғни мұсылман жыл есебінің, һыжраның алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғалар, күнтізбе-жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер.»

Бейсембай Кенжебаевтың осынау топтастыру идеясымен өзге де ғалымдар келіскен.

Шығарманың тініне аракідік өлең араласқаны болмаса, негізінен проза, қара сөз түрінде жазылып, ал кіріспесі және қортындысы жыр тілімен өрнектелген екен.

ДӘРУІШ-ПАТША

Енді аталған қиссалардың кейбіріне тоқталып көрсек. Алла-тағаланың бұйрығына қарсы келгені үшін Жұмақтан қуылып, жерге түскен Адам-ата қаңғып жүріп, хаюанаттар арасына келеді.

Адамға алты тарапынан, яғни алды, арты, оңы, солы, асты, үстінен ұдайы түрде шабуылдауға уәде еткен шайтан лағнатулла болса әлгі хаюанаттарды Адам-атаға қарсы азғыра бастайды. «Ол сендерді қырып тастауға келді» деп, көкейлеріне бұзық ой салады.

Не істерін білмеген Адам-ата Алла-тағалаға жалбарынып, ақыл сұрайды.

«Хаюанаттардың бірінің маңдайынан сипа, сонда ол сені жақтайды» деген кеңес алады Адам-ата. Ол дереу итті таңдап, оның маңдайынан сипаған екен. Ит бірден Адам-атаны жақтап шығып, оны хаюанаттар шабуылынан қорғап қалады. Содан бері ит адамның серігі боп келе жатқан көрінеді.

Енді Дәуіт пайғамбар жайлы жинақта келтірілген қиссаға назар аударсақ.

Дәуіт патша күндіз ел басқару істерімен айналысып, ал кеш бата дәруіш киімін киіп, ел аралап кетеді екен. Халықпен қоян-қолтық араласа жүріп: «Патшаларың әділ ме, ел билеген әкім-қаралар тізесін батырмай ма?»-деп сұрайды екен.

Әділетсіз ел билеушілерді қатаң түрде жазалап, тіпті қызметтен аластап отырған көрінеді.

Сондай сапарларының бірінде ол өзі туралы нақтылай пікір тартқан екен. Сонда қарапайым тұрғындардың бірі:

- Дәуіт патшамыз жайлы, алайда ол халықтың ақысын жеп жүр,- деген екен.

Осы бағаны естісімен Дәуіт пайғамбар патшалық қызметін доғарып, темірден түйін түйген ұста болып кеткен екен.

Айта берсе, тағлымы мол мұндай қиссалар жинақта жетерлік-ақ.

Қиссалар сюжеттерінің басым бөлігі дерлік қасиетті Құраннан алынған. Бұл ойымызға олардың тіпті тақырыптарының өзі- дәлел.

Мысалы: «Әбіл мен Қабыл», «Нұх пайғамбар», « Ыбрайым пайғамбар», «Мұса пайғамбар», «Иса», «Әбутәліп», «Қисса миғраж» тағысын тағылар.

Аталған қиссалардың шешен тіл, шебер тәсілмен жазылғаны соншама - оқуға жеңіл-ақ.

Мысалы, «Қисса-сүл әнбийяда» ай, жұлдыз аттары түрік және араб тілдерінде қатар беріліп, оларға байланысты амалдар жыр тілімен жеткізіледі:

«Күн хамалға кірді десе, келді ғалам наурызы,
Кетті десе қатты аяздар, қыс қалмады, қары, мұзы», деп толғайды аутор.

13-14 ғасырларда жинақталған бұл жәдігер шығарманы көзі қарықты әрбір бабамыз оқып-білген, болмаса қиссашылардың баяндауында тыңдаған.

Тарихта «Қисса-и Рабғузи» деген атпен де белгілі болған «Қисса-сүл әнбийя» күні бүгінге дейін зор ықыласпен оқылуда.
XS
SM
MD
LG