Accessibility links

Рахат Әлиев жаңа деректерді жариялады


Қазақстан президенті Н.Назарбаев БҰҰ-ның 62-ші сессиясында сөз сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 25-ші қыркүйек, 2007жыл.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев БҰҰ-ның 62-ші сессиясында сөз сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 25-ші қыркүйек, 2007жыл.

Қазақстанның авторитарлық билігін жайлаған жемқорлық АҚШ-тың Орталық Азия аймағындағы стратегиялық маңызды елмен қарым-қатынасын дамытуға өзіндік кері ықпалын тигізеді деп айыптайды, бұрынғы күйеу бала Рахат Әлиев, Wall Street Journal басылымында 22 шілде күні жарық көрген мақалада.

Wall Street Journal басылымында бүгін жарияланған Глен Симпсон мен Сюзан Шмидттың бұл көлемді мақаласында Еуропада бой тасалап жүрген Қазақстан президентінің бұрынғы үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев Н. Назарбаев елдің минералды қазба байлықтарымен жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардан түскен өсімдер мен мемлекеттік игіліктен ұзақ жылдар ішінде миллиардтаған доллар байлық жинады деп мәлімдейді.

Рахат Әлиев сондай-ақ Назарбаев режимі АҚШта өзін сынайтындарды тексеріп-барлайтын, өз отбасының сыртқы келбетін әдемілеп көрсететін, сот істерін оң шешетін арнайы операцияларды ойластырып, жүзеге асырды дейді.
Ол күш-жігердің барлығы Қазақстандағы бірінші отбасына телефон есептері мен жазбаларын, кедендік дерек, фактілерді әкелді дейді бір кезде Қазақстан құпия барлау қызметі жетекшілерінің бірі болған, үлкен отбасының бұрынғы мүшесі Рахат Әлиев Wall Street Journal газетіндегі бүгінгі сұхбатында.


Қазақстандағы жемқорлық жайында бірінші жасап отырған мәлімдемесі болмаса да, Рахат Әлиев Қазақстан президентінің жеке басы елдің экономикалық байлығынан бұдан бұрын құжатталғаннан әлдеқайда көп пайда көрді деп біледі. Оның сипаттауынша, бұрынғы қайын ата тек заңсыз өсімдер мен төлемдерді ғана иеленіп отырған жоқ, оффшорлық банк есепшоттарында президенттің елдің мыс, уран, көмірсутегі өндірісіндегі өлшеусіз байлығынан алатын үлес қорлары жасырылған көрінеді.

Дегенмен де, бұндай мәлімдеулерінің барлығын бірдей растау мүмкін болмағанымен де, Әлиев олардың кейбіруелеріне қатысты ливандық құжаттарды, Индонезия мен Лихтенштейндегі банк есепшоттарының көшірмелерін көрсетті, деп жазылған мақалада.

Бұл құжаттар үлкен отбасының қаржылық саласын білетіндер мен басқаратындар арқылы мәлім болған.
Рахат Әлиев вашингтондық кеңесші Александр Мирчев дегенді Н. Назарбаевтың сенімді адамы деп атап көрсете келе, Мирчев Қазақстан президентінің сот мәселелерін шешумен қатар, оның 19 жыл бойына билік тізгінін қолдан шығармай келе жатқанына да өзіндік ықпал жасап отырған тұлға дейді.

Федералдық барлау бюросы, Манхэттен аудандық прокуроры және заңгерлер мен бизнесмендердің айтуына қарағанда, тергеушілермен байланысы бар Мирчевтің банк есeпешоттары зертттелуде. Бұл шара әзірге өзінің бастапқы кезеңінде болса керек, Әділет министрлігі мен аудандық прокурор ешқандай түсінік айтпаған.
Қазақстан үкіметі де бұл өтінішке қатысты ешбір түсінік бермеген. АҚШ мұнай компанияларына пара берді деген күдікпен Америкада ұзақ уақыттан бері тергеліп жатқан іске қатысушы заңгер Рейд Уейнгартнер бұл сауалдарды Қазақ үкіметіне жолдаған.

Рахат Әлиевтің өткен жылы Қазақстанда өз ықпал-билігін жоғалтып, оған түрлі ауыр қылмыстар жасады деген айыптар тағылып, президенттің бұрынғы күйеу баласының сырттай 40 жылға бас бостандығынан айрылғандығы белгілі.

Рахат Әлиев жоғары билік жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігін бес саусақтай білемін, өйткені мен де оның көптеген операцияларына тікелей қатысқам деп атап өтеді де, "мен өзімді ешқашанда сүттен ақ, судан таза періште болдым деп айта алмаймын" дейді.
Вашиннгтон Қазақстанның географиялық орналасу жағдайы- демек Ресей мен Қытайдың арасында жатқаны және жерасты қазба байлықтарының молдығынан Н. Назарбаевпен қашанда жақсы қарым-қатынас ұстанғысы келеді.

Бірақ мұндай жүрекжарды, жылы байланыстарды елдегі авторитарлық билік жүйесі мен адам құқтарының үнемі қатаң сақтала бермейтіндігі қиындатып, күрделендіре түсетіндігі де аян, деп жазады Wall Street Journal басылымы.

Рахат Әлиев Назарбаев пен оның кеңесші, көмекшілері мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіруден және Қазақстанға келіп бизнес жасағысы келген компаниялардың жұмыс жүргізуіне мұрсат ету процестерінен өлшеусіз дәулет жинап алды, ондай ақшаның кейбір бөлігі олардың қалтасына АҚШ-тан және басқа компания мен елдерден түсті деп жалғастырады өз айыптауларын.
Оның айтуынша, Н. Назарбаев мұндай ақшаның біразын Вашингтонда өз режимінің мүдделерін қорғауға, шетел үкіметтерін қолдайтын және шетелдік компаниялардан түрлі ақыл-кеңес алатын қимылдарға жұмсады, әрине ондай әрекеттің барлығы да заңсыз жолмен жүзеге асырылған.

Р. Әлиев Н. Назарбавқа осындай қызмет көрсеткен фирмалардың бірі Лондондағы Крулл корп лимитед компаниясы дейді. Аталған компания өзінің жолдаған электронды хатында Қазақстан президентінің басты бәсекелесі болатын қазақ саясаткерінің Нью-Йорктағы Кеннеди әуежайының кеден бекетінен қалай өткені жайлы хабарлаған. Ол хатта әлгі адамның рейс номері мен визасы және Америкада тоқтаған қонақ үйі жайында мәліметтер болған. Федералдық шекара бақылау агенттіктері мұндай ақпараттарды жинақтап, бірақ оларды шектеулі датабазада сақтаған деп жазады Wall Street Journal газеті.

Британиялық деректерде 1996 жылы құрылған Крулл корпорациясының негізгі акциялары Рахат Әлиев Н. Назарбаевтың сенімді адамы деп атаған Александр Мирчевтің иелігінде делінеді. Әлиевтің мәлімдеуіне қарағанда, Мирчев Назарбаев отбасының саяси кеңесшісі ғана емес, оның қаржылық қорын басқарушысы да болып табылады.

Өткен жылы Қазақстан үкіметінің Мирчевті елдің негізгі байлық қорының кеңесшісі етіп бекіткендігіне назар аударылған сөз болып отырған мақалада.
Александр Мирчевтің адвокаты Брайан Шогнеси өзінің хатында Рахат Әлиевтің айыптаулары жалған, ол шындыққа жанаспайды, бұл қаралау науқанының жалғасы дейді. Кейінірек ол Мирчев ешқашанда Қазақстан үкіметінің немесе жоғары шенеуніктерінің атынан АҚШ үкіметімен, саясаткерлерімен, саяси партияларымен байланыстар жасап, келіссөздер жүргізген емес дегенді атап өткен.
Ал Рахат Әлиев Назарбаевтың отбасынан Британияның Крулл компаниясына жіберілген ақшалардың банк есептерін көрсеткен. Ол екі есеп бойынша 2004 жылы барлығы 4 миллион доллар Бейруттың Уорлд Медиа корп. фирмасынан жіберілген. Бұл фирма Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі, Назарбаевтың қызы- Дариғаның бақылауында.

Әлиев арқылы мүмкін болған есептер бұдан өзге де 3 миллион доллардың Крулл корпорациясына Бейруттың тағы бір фирмасынан жіберілгенін көрсетеді. Әлиевтің айтуынша, ол да Дариғаның бақылауындағы фирма. Бұл ақша аударылымдары халықаралық банк-аударылымдары жүйесіне кіре алатын адамдар арқылы расталған деп жазылған мақалада.

Ол адамдардың айтуынша, британиялық Крулл Гибралтардағы Брукрэнж лимитед деп аталтын еншілес кәсіпорындар арқылы басқарылады. Н.Назарбав отбасының қаржылық басқарылуын білетіндер Брукрэнж компаниясының қазақстандық бірінші отбасының мүлкі мен байлығын реттеуге жұмыс істейтіндігіне сенімдіміз дегенді айтады. Ал британиялық дерек көздері Брукрэнждің 1998 жылдан 2004 жылға дейін Крулл корптың иесі болғандығын көрсеткен, бірақ бұл жөніндегі сауалға Брукрэнж заңгері түсінік бермеді делінеді мақалада.

Британияның корпоративтік мәлімдемелеріне сүйенсек, Крулл корпорациясының қаржылық қолдаушысының бірі Қазақстан телефон компаниясы кеңесінде отырған, қазақ банкирлерінің бірі көрінеді. Тағы да осы есепке қарағанда ол банкир Айгүл Нұриева Қазақстан премьер-министрімен бірге Сингапурдағы бір компанияның инвесторы болып табылады. Әлиевтің және Назарбаев отбасының қаржылық құрылымын білетін басқалардың айтуынша, Нұриева ханым Александр Мирчевтің Н. Назарбаевтар әулетінің оффшорлық аймақтардағы байлығын басқаруға көмектеседі.
Алайда Айгүл Нұриеваның баспасөз өкілі оның Назарбаевтың қаржысын басқаратындығын жоққа шығарады деп жазады мақала авторлары.


Өткен жылы АҚШ Әділет министрлігі мен Швейцария үкіметі Қазақ үкіметінің Н. Назарбев пен оның маңайындағы жоғары шенді шенеуніктері АҚШ-тың мұнай компанияларынан ондаған миллион доллар төлем алды деген айыптаулармен келісетіндігі, демек оны жоққа шығармайтыны турасында, сөйтіп бұл жайтты реттеу келісімі жасалған еді. Бұл істегі басты айыпталушы тұлға- американдық Джеймс Гиффен 2003 жылдан бері тергеуге тартылған. Оның маңайындағы пікірталастар Гиффеннің АҚШ-ң барлау саласына жұмыс істедім деуімен ұштасады. Ал жоғарыда айтылған келісім бойынша параға берілді деп күдіктелген 1 миллиард долларды Қазақстандағы әлеуметтік мақсат-мұқтажға жұмсауға мүмкіндік берілді.

АҚШ Әділет министрлігінде жинақталған құжаттар және Еуропа банктерінің есептері мен басқа да қағаздар Рахат Әлиевтің Қазақстанда бизнесін жүргізу үшін жекелеген компаниялар мен фирмалар Қазақстан билігіне пара берді деген айыптауларын растай түсетін тәрізді. Сондай құжаттың бірі 1990 жылдарың ортасында Қазастанда мыс өндіруден мүдделі болған Оңтүстік кореялық Самсунг тобы Орел капитал Лимитедтің бақылауындағы швейцариялық банк есебіне 1 миллион доллар аударғанын көрсетеді. Әділет министрлігі Нью-Йорк федералдық сотында тіркелген құжаттарға қарағанда, Орел компаниясының иесі- Қазақстан президенті Н. Назарбаев дейді.

Газетке берген бүгінгі сұхбатында Рахат Әлиев бұрынғы қайын атасының отбасы Қазақстанда кең көлемді жұмыс жүргізіп отырған индонезиялық екі компаниядан да елеулі пайда көріп отыр деп атап өткен.
Wall Street Journal газетінің мақаласында қазақстандық оппозиция өкілдері Рахат Әлиевтің Нұрсұлтан Назарбаевқа тағып отырған айыптауларын оның өзіне де тағуға болады, өйткені ол да кезінде сол режимнің атқарушысы болды және одан пайда көрді деген сыңайдағы сөздері келтірілген.

Әлиев сонымен қатар Қазақстан президенті 2005 жылы канадалық бизнесмен Франк Гюстрамен уран кен орнына қатысты келісімге қол қойған болатын дейді. Уран келісімі Қазақстанның Казатомпром ұлттық компаниясымен жасалған деген бұрынғы күйеу бала бұл компанияны да оффшорлық бөлімшелері арқылы президент Н. Назарбаевтың өзі иеленген деп атап көрсетеді мақала соңында.
XS
SM
MD
LG