Accessibility links

Рахат Әлиевке «Нұрбанк» топ-менеджерлерінің өліміне қатысты сырттай айыптар тағылды. Жолдас Темірәлиевтің, Айбар Хасеновтің және оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты қылмыстың істің қортындысы шықты. Осыған орай Рахат Әлиевті экстрадициялау мәселесі қозғалды.

Рахат Әлиев пен оның маңындағы бірқатар азаматтарға жаңадан айыптар тағылғаны жайында маусымның 15-і күні президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл турасында Назарбаевқа бас прокурор Асхат Дауылбаев пен ішкі істер министрі Құлмұханбет Қасымов баяндаған.

  • - Қазір іс бойынша 20-дан астам сараптамалық зерттеулер жүргіздік, осы қылмыстың болған дерегін көрсетіп отырған 30-ға жуық куәгерді тергедік. Бұдан бөлек, Әлиев, Кошляк және олар басқарған қылмыстық топтың Темірәлиев пен Хасеновті өлтіргендерінен дерек беретін өзге де дәлелдер табылды. Қазіргі уақытта қылмыскерлерге сырттай айып тағылып, сот арқылы қамауға алу шарасы белгіленді, оларға халықаралық іздеу жарияланды, - деген бас прокурор Асхат Дауылбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевқа.


Ол сонымен бірге қазіргі уақытта Қазақстанның Әлиевті экстрадициялауға күш салып отырғанын, алайда оның «жауапкершіліктен қашуға ұмтылып», өзінің жеке сайтында «жалған ақпараттар тарату арқылы» өзіне «диссидент ретінде имидж қалыптастырып» отырғанын айтады.

Назарбаев бас прокуратураға Рахат Әлиевтің баспасөздегі және интернеттегі жарияланымдарына да құқықтық баға беруді тапсырды.

Осыған дейін Рахат Әлиев өзінің блогында Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысы бар екенін айтқан болатын. Асхат Дауылбаев президентпен кездесуінде Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты істің АҚШ-тың ФБР қызметкерлерінің араласуымен 2006 жылы-ақ ашылғанын айтқан. Және оның сапасына қатысты күдіктенуге негіз жоқ екенін атап өткен.

- Біз бұл қылмысқа қатысы бар топ мүшелерінің бәрін анық зерттедік. Олардың бәріне үкім шығарылған, бәрі жазасын алды. Өзге адамдардың қатысы барлығы туралы қандай да бір объективті дәлелдерді ешкім ұсынған жоқ және оған ешқандай дәлел жоқ. Бас прокуратура ретінде біз іс толық, жан-жақты және объективті түрде тергелген деп нақты айта аламыз. Сот шешімі заңды және объективті, - деді бас прокурор.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның күштік құрылымдарына Рахат Әлиевті еліне қайтару үшін қажетті шаралар жасау туралы тапсырма берген.

- Австрия үлкен экономикалық қарым-қатынастар орнатқан біздің әріптесіміз болып табылады. Енді Австрия билігінің әділдік салтанат құруы үшін қылмыскерлерді бермеуге дәлелдері жоқ. Рахат Әлиев үрей үстінде, сондықтан жалған айтып, жас адамдардың өз қолдарынан өлтірілуі туралы осы деректі жауапкершілігіне алудан қашып, өзіне тағылған күдікті алып тастағысы келеді. Соның бәріне қарамастан, біз істі аяғына дейін жеткізуіміз керек, - деді президент.

Рахат Әлиев маусымның 16-сында өзінің жеке блогында осы айтылғандарды жоққа шығарды. Бұл қылмыстық істі ол "қарсыласты қағып тастаудағы жасанды іс" және "асығыс арандату" деп атады. Ол топ-менеджерлердің өліміне еш қатысы жоғын айтады.

Мамырдың 17-сі күні Қазақстанның бас прокуратурасы Алматы маңынан 3-3,5 метр тереңге көмілген темір бөшкелерден әкке араласқан екі мәйіт табылғанын хабарлаған еді. Мәйіттерге сот-медициналық сараптама жасаған Германия мамандары маусым айының басында олардың Темірәлиев пен Хасеновтың денесі екенін мәлімдеген болатын.

Қазақстан билігі «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің жоғалуына ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы бар деген еді. 2008 жылдың қаңтар айында осындай айыппен, сонымен бірге "рейдерлік әрекеттері" мен "мемлекеттік төңкеріс" жасамақ болғаны үшін Рахат Әлиевтің мүліктерін кәмпескелеп, өзін 40 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шыққан болатын.

Қазақстан билігі Австрия үкіметінен Әлиевті экстрадициялауды 2008 жылдан бері сұрап келеді. Австрия билігі болса, Рахат Әлиевке тағылған айыптардың жеткіліксіз екенін айтып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG