Accessibility links

Әлиевтің мәлімдемесі Facebook-те дау туғызды


Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.
Рахат Әлиев. Алматы, 30 мамыр 2007 жыл.

Президенттің бұрынғы күйеу баласы «Назарбаев режиміне қарсы комитет құруға» шақырды. Оның бұл бастамасы әлеуметтік желіде Әлиевті қолдаушылар мен қарсылардың дауына ұласты.

Желтоқсанның 28-і күні Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қазір шетелде жүрген Рахат Әлиев «Азат Қазақстан үкіметін» қалыптастыру бойынша ұйымдастыру комитеті құратынын мәлімдеп, елдегі азаматтарды комитетке кіруге шақырды.

«Комитетті оппозициялық күштер мен қарсылық топтардың жұмыстарын үйлестіру үшін құрамын» деген Әлиев «азаматтық қарсылық акцияларын ұйымдастыру арқылы Назарбаев режимімен күресетінін» айтты. Оның сөзінше, комитет «саяси режимнен зардап шеккендерге көмектесіп, халыққа тиесілі байлықты қайтарып беру, конституцияны өзгерту, парламенттік республика құру сияқты мақсаттарды көздейді».

ӘЛИЕВТІ ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Рахат Әлиевтің мәлімдемесіне алғашқылардың бірі болып режиссер әрі қоғамдық белсенді, қазір Германияда тұрып жатқан Болат Атабаев үн қосты.

«Бұл енді нақты әрекет! Мақсат айқын, Қазақстан халқына түсінікті. Рахат
Болат Атабаев. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл.
Болат Атабаев. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл.
Әлиевтің ұсынысын толығымен қолдаймын, ұйымдастыру комитетінің жұмысына ықыласпен кірісемін» деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Болат Атабаевтың бұл жазбасы аз уақыттың ішінде қостаған және қарсы болған пікірлерге толып кетті.

Гүлнар Есіркепова есімді қолданушы «Билік зәбір көрген, тапталған оппозицияны жеңгенін тойлап жатқан шақта Әлиевтің мәлімдемесі мен ниетін қолдау керек» дейді.

Бірақ Facebook қолданушыларының кейбірі Қазақстан билігімен өштескен адамға сенбеуге шақырып, Болат Атабаевты сақтандыруға тырысты.

«...Биліктің бар рахатын көрген адам одан оп-оңай бас тартады дегенге ешқашан сенбеймін. Жалпы, Әлиевті азат Қазақстан үкіметін қалыптастыру бойынша ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде кім сайлады? Бәке, эмоцияға берілмеңіз» деп жазды Асхат Оразаев есімді қолданушы.

Валентина Махотина есімді қолданушы: «Сіз қызуқанды, ақкөңіл адамсыз. Бірақ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Астана, 2001 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Астана, 2001 жыл.
мен ергежейлі саясаткерлерге де, Назарбаевпен тіл табыса алмаған бизнесмендерге де көзсіз ілесе алмаймын. Оның үстіне адам өліміне қатысы бар адамдар болса...» деп жазады Болат Атабаевқа.

Ал Атабаевты қолдаушылар «Назарбаевтың орнына Әлиев келетіндей байбалам жасамауға» шақырып, «әділ сот үкімінсіз адамды қылмыскер деп атауға болмайтынын» ескертеді.

«Әлиевтің айыбы дәлелденген жоқ. Оған кез-келген адам топырақ шаша алады. Билікшіл адамдардың істеп жатқаны – сол. Бірақ бұл дәлел емес. Әлиевті емес, НН-ны айыптау керек. НН одан қатты қорқады. Демек, себебі болғаны ғой. Әлиевтің ұсынысы – тамаша және өте қажет» деп жазады Raushan Tolganbayeva.

«ӘЛИЕВТІҢ ТІЗІМІНЕН» ҚАШУ

Рахат Әлиев «Азат Қазақстан үкіметін» қалыптастыру бойынша ұйымдастыру комитетіне ұсынған азаматтардың бірі – қоғамдық белсенді Серікжан Мәмбеталин. Ол мәлімдеме жарық көрген күннің ертеңінде Әлиевтің
Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 26 қараша 2013 жыл.
Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 26 қараша 2013 жыл.
ұсынысынан бас тартып, комитет құрамына кіре алмайтынын Facebook арқылы хабарлады.

Серікжан Мәмбеталин бірнеше саяси жобалары сәтсіздікке ұшырағанын айта келе «Қазақстанның жағдайында Әлиевтің ұсынысын жүзеге асыру мүмкін емес» деген ой түйеді.

«Егер Әлиев шынымен де елге көмектескісі келсе, азаматтық бастамалар қорын ашып, азаматтық қоғамды қаржыландырсын, сол кезде оған көмектесуге дайынмын» дейді Мәмбеталин.

Серікжан Мәмбеталиннің жазбасына пікір қосқандардың бірі, Timur Galiev есімді қолданушы Рахат Әлиевтің бастамасына күмән келтіріп: «Әлиев үкіметті емес, өзін экстрадициялаған жағдайда қолдайтын топ құрып жатыр. Қазір ол әбден мүмкін» деп жазды.

Рахат Әлиев балама үкімет құру туралы бастамасын «2006 жылы қаза тапқан оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс берген – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деген бас прокуратура мәлімдемесінен кейін айтып отыр.

Әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған Рахат Әлиев Қазақстаннан кетіп, 2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүр. Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім шығарған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG