Accessibility links

Рахат Әлиев Австрияда тұтқындалды


Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің Вена қаласында тұтқындалғаны хабарланды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев Австрия астанасы Вена қаласында 5 маусым күні кешке ұсталған. Бұл туралы France Press агенттігі және Қазақстандағы жергілікті ресми БАҚ маусымның 6-сы күні австриялық APA агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

​Агенттіктің жазуынша, Рахат Әлиевтің адвокаты бұдан бұрын "Әлиевтің Австрия билігіне өз еркімен берілгісі келетінін, тергеуге көмектесу ниеті барын" айтқан. Австрияда Әлиевке қарсы тергеу басталғанына бірнеше жыл болды.

Рахат Әлиевтің Вена қаласында тұтқындалғанын 6 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы да растады.

Вена прокуратурасына сілтеме жасаған Қазақстан бас прокуратурасы «Әлиевті ұстауға «Нұрбанк» топ-менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу материалдары негіз болғанын» айтады. Қазақстан тарабы мұның алдында осы айыптаулар бойынша [Әлиевті Қазақстанға] экстрадиция жасаудан бас тартылғандығына байланысты тергеу жұмыстарын Австрия жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарламасында: "Австриялық тарап [Әлиев] ісі бойынша құқықтық көмекке жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісті көлемде көмек көрсетуге дайын" деп жазылған.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүр. Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, "Әлиевтің сыбайласы" деп сипатталатын Әлнұр Мұсаевты «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім (жиыны 40 жылға соттады - ред.) шығарған.

РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ ІСІ туралы парақшамызды оқыңыз

Қазақстан билігі Рахат Әлиевке "адам өлтіру және кісі ұрлаудан" бөлек, "қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке сатқындық жасады" деген де айыптар таққан.

Австрия бұл істер бойынша Рахат Әлиевті Қазақстанға беруден "сот әділетті болмауы мүмкін" деген күдікпен екі рет бас тартқан еді. 2007 жылы жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіті 2011 жылы табылып, осы жылы Австрия Әлиевке қатысты жеке тергеуін бастады. Бұл шақта "Рахат Әлиев Мальтаға кетіп қалды" деген хабар тарады.

2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырысты Рахат Әлиев берген" деп мәлімдеді. 2014 жылы қаңтарда Қазақстан прокуратурасы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың үстінен олардың оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі серігінің өліміне қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғауға өтініш түсірді. Бұдан соң Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты істе күдікті деп танылды.

​Рахат Әлиев 2007 жылы "Азаттық" радиосына берген арнайы сұхбатында Алтынбек Сарсенбайұлының өлімінің артында Қазақстан президенті тұр деп айыптаған еді.

Рахат Әлиевті AFP "саясаткер әрі бизнесмен" ретінде суреттеп, президент сайлауына түсетін ниетін жариялағаннан кейін "саяси қитұрқы әрекеттердің құрбаны болды" деп жазады. Агенттік Рахат Әлиевтің бұрынғы әйелі Дариға Назарбаеваның "Әлиев ісі" басталған осы жылдары саяси сахнадан көрінбей кеткенін, 2012 жылы ғана "саясатқа оралғанын" атап өткен. 2014 жылы мамыр айында Дариға Назарбаева Қазақстан парламенті төменгі палатасының (Мәжіліс) вице-спикері әрі биліктегі "Нұр Отан" партиясының парламенттегі фракциясының жететкшісі қызметіне кірісті.

ИНФОГРАФИКА: Назарбаев әулеті, 1992 жыл
We are sorry, but this feature is currently not available

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG