Accessibility links

Рахымжан Махатов «ешкімді ренжітпейтін бала еді» дейді ұстазы


Биязы Сарина, Рахымжан Махатовтың ұстазы. Ақтөбе, 18 мамыр 2011 жыл

Биязы Сарина, Рахымжан Махатовтың ұстазы. Ақтөбе, 18 мамыр 2011 жыл

Мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде болған жарылыстан үш адам жараланды. Ал өзін-өзі жарған жігітті танитындар ол туралы жақсы сөздер айтады.


Жарылысты «ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған Махатов Рахымжан жасағандығы анықталды» деген еді бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мамырдың 17-сі күнгі шұғыл брифингте. Оның сөзінше, жас жігіт бұл іске «жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында» барған.

«ЕШКІМДІ РЕНЖІТПЕЙТІН»

Музыка пәнінің мұғалімі Биязы Сарина Рахымжан Махатовқа домбыра үйреткенін айтады. Рахымжан Махатовтың әкесі – отставкадағы полковник, шешесі – Қызыл Крест ұйымында медициналық қызметкер.
Рахымжан Махатов оқыған Қазанғап атындағы музыкалық мектептің кіреберісі. Ақтөбе, 18 мамыр 2011 жыл

- Кеше, 17 мамыр күні түс кезінде Рахымжан Махатовтың шешесін жұмыстан алып кетті деседі. Бәріміз айран-асыр болдық. Рахымжан Махатов «Айналайын», «Жас қанат» сияқты жарыстардың жеңімпазы болған, сабағын төрт пен беске оқитын. Өте тәрбиелі, мейірімді, ешкімді ренжітпейтін, көрікті бала болатын. Намаз оқитынын естігенмін. Соңғы рет бірнеше жыл бұрын, институтта оқып жүрген кезінде көргенмін. Шешесі Баянға кездескенімде ұлының Атырауда жұмыс істейтінін айтқан. Қазір олар Оңтүстік-Батыс ауданда тұрады, – дейді Биязы Сарина.

Рахымжан Махатов Қазанғап атындағы балалардың өнер мектебінде бірнеше жыл оқыпты, кейін інілерін де сол мектепке ертіп апарыпты.

Рахымжан Махатовтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Әйелі, балалары Рахымжанның әке-шешесінің қолында тұрады.

ПОЛКОВНИКТІҢ ОТБАСЫ

Махатовтардың екі қабатты үйінің алдында ер адамдар отыр екен. Рахымжанның інісі Бауыржан көңіл айта келген жұртты күтіп алып, үйде отырған үлкендерге ертіп апарды. Рахымжанның ағасы журналистердің келгенін естігенде түсініктеме беруден сыпайы ғана бас тартты. Көршілерінің айтуынша, туыстары Рахымжан Махатовтың сүйегін әлі алмаған, қашан жерлейтіндерін де білмейді.
Рахымжан Махатовтың әке-шешесімен бірге тұрған үйі. Ақтөбе, Оңтүстік-батыс ықшам ауданы, 18 мамыр 2011 жыл

Махатовтардың аты-жөндерін айтуды жөн көрмеген көршілері бұл отбасының жақсы адамдар екенін айтады.

– Мен емханада істеймін. Рахымжанның әкесі Орынбасар Махатов үйдің жанынан өтіп бара жатқанда ылғи тоқтап, «жеткізіп салайын» дейді. Аса ізетті адам. Қызым полковникке көрген сайын сәлем береді. Үйлеріне діндар адамдардың жиналғанын көрмеппін, – дейді көрші әйел.

Мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде болған жарылыстан 1986 жылы туған Махатовтың өзі мерт болып, үш адам жараланды.

Жараланған екі адамның жарақаты жеңіл-желпі, ал үшіншісі – мұнай компаниясының менеджері Жеңісбек Молдин аурухананың реанимация бөлімінде жатыр. Ақтөбедегі теміржолшылар ауруханасы директорының орынбасары Зәмза Хайруллинаның айтуынша, Жеңісбек Молдин операциядан кейін есін жиған, жағдайы бірқалыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG