Accessibility links

Борышкердің бірі шеруге шықса, бірі «басқа жол» іздейді


Үлескерлерді ұстап жатқан полиция. Астана, 1 қазан 2013 жыл.

Үлескерлерді ұстап жатқан полиция. Астана, 1 қазан 2013 жыл.

Осы аптада 200-ден аса ипотекалық борышкер Астанада наразылық білдірді. Кейбір азаматтық белсенділер мұндай наразылық акцияларын «орынсыз әрекет» санайды.

Ипотекалық несиесін төлеуге шамасы жоқ 200-ден аса борышкер қазанның 1-і күні «Қазақстан президентіне ұжымдық өтініш тапсырып, проблемамызды шешуге көмектесуін сұраймыз» деп, үкімет үйінің алдында наразылық акциясын өткізді.

Полиция олардың жолын бөгеп, бәрін ұстап әкетті. Сол күні «Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев пен Қыздығой Ажарқұлова әкімшілік қамауға алынды. Келесі күні ондаған адам акцияны жалғастырып, биліктің банктерге ықпал жасап, борышкерлерді жалғыз баспанасынан шығару әрекетін тоқтатуға көмектесуін сұрады.

БИЛІККЕ СЕНБЕЙТІН ҮЛЕСКЕРЛЕР

Астана қаласының тұрғыны Айгүл Үсейінова жиынға қатысу себебін «банк 2008 жылы екі жасар баламмен екі бөлмелі пәтерімнен қуып шықты, баспанамды қайтарып алудың басқа жолы қалмады» деп түсіндірді.

Үлескер Айгүл Үсейінова. Астана, 2 қазан 2013 жыл.

Үлескер Айгүл Үсейінова. Астана, 2 қазан 2013 жыл.

- 2005 жылы пәтерімді кепілге қойып, «Нұрбанктен» 25 мың доллар несие алдым. Үш жыл жап-жақсы төлеп келдім. Бірақ 2008 жылдың наурызында банк қызметкерлері «100 доллар қарызың бар, төлемесең пәтерден шығарамыз» деп мәлімдеді. Қыркүйектің 24-і күні қызым екеумізді пәтерден шығарып жіберді, қазанның 5-і күні сот болуы тиіс еді. Сот жүріп жатқанда банктің мені пәтерден шығаруға мүлде құқығы жоқ қой. Мемлекет мен сияқты жалғызілікті аналардың құқығымен санаспайтын болып тұр, - дейді Айгүл Үсейінова.

Ол жоғарғы сотқа да, Астана әкімдігіне де, қаржы полициясына да шағым түсірген. Бірақ онысынан нәтиже шықпаған. Айгүл Үсейінова «Қазақстан заңдары біздің құқығымызды қорғамаған соң, шамамыз келгенше өзімізді өзіміз қорғаймыз» дейді. Қазір ол Алматыдағы тұрғылықты жері жоқ азаматтарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тіркеуде тұр.

Алматылық банктердің бірінен ипотекалық несие алып, қазір банкпен соттасып жүрген оппозициялық белсенді Ермек Нарымбаев билік халықпен диалогқа баруы тиіс деп санайды.

- Қазақстан проблемалық несие жағынан әлемде алдыңғы қатарда тұр. Бұл мәселе жылдап шешілмей келеді. Билік түйеқұс сияқты басын құмға тығып, халықтан сырт айналмай, әлдебір кешенді және тиімді шешімдер қабылдап, бұл проблеманы шешуі тиіс. Пайыздық мөлшерлемесі мен комиссиялық сыйақыларды артығымен есептеп несие берген банктердің шектен шыққан ісіне тыйым салуға ешқандай талпыныс жасалмайды, - дейді Ермек Нарымбаев.

«БАСҚА ЖОЛ»

Қазақстанда ипотекалық несиесі бар борышкерлердің мүддесін қорғайтын «Защитим свой дом», «Жалғыз баспана» сияқты басқа қоғамдық ұйымдар да бар. «Халықты баспанамен қамтиық» деп аталатын ұйым да бар. Ипотекалық қарыз проблемасын шешудің түрлі стратегиясын ұстанатын ұйымдардың арасында ақпараттық қақтығыстар да болып тұрады. Кейде «биліктің ығына жығылды» деп бір-бірін айыптап жататын олардың арасында наразылық білдіру әрекеттеріне деген көзқарас та әр түрлі.

«Халықты баспанамен қамтиық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сұлубике Жақсылықова банкке қарызын өтей алмаған ипотекалық борышкерлер проблемасын сол қаржы ұйымдарымен келіссөз жүргізу арқылы шешу қажет деп есептейді.

Сұлубике Жақсылықова. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

Сұлубике Жақсылықова. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

- Астанадағы акцияны артық қысым көрсету деп ойлаймын. Онсыз да несиесін өтей алмай жүргендер үшін бұл - артық шығын. Қазір банктер борышкерлердің жағдайын ескереді, - дейді ол.

Ол өзі басқаратын қоғамдық бірлестіктің жұмыс принципін былай сипаттайды: Азаматтардың түскен өтініш-арыздар бойынша алдымен банктерге хабарласады. Банк ипотекалық қарызы бар адамның пәтерін тартып алмай, оның шамасына қарай төлеуіне мүмкіндік беру үшін заңгерлер банк менеджерлерімен келіссөз жүргізеді.

- Мысалы, қарызы бар адам ай сайын банкке 1 мың доллардың орнына 100 доллар төлейтін шамасы бар делік. Банк «кем дегенде 300 доллар төле» деп қасарысады. Біз «жоқ, 100 доллар төлесін» деп банкті көндіруге тырысамыз. Борышкердің ресми, ресми емес табысы, коммуналдық қызметке қанша ақша төлейтіні көрсетілген кестемен таныстырамыз. Кейде тартысымыз ұзаққа созылады, бірақ банктер көбінесе уәжге көнеді, - дейді Сұлубике Жақсылықова.

Оның айтуынша, егер банк көнбесе, істі ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау комитеті апта сайын өткізетін қалалық комиссия қарауына өткізеді.

Сұлубике Жақсылықованың айтуынша, қазір «Халықты баспанамен қамтиық» қоғамдық бірлестігінде 300-ге жуық адамның шағымы қаралып жатыр. Елде ондаған мың борышкер бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG