Accessibility links

«Жарапазан» айтуды кейбіреулер тіленшілікпен ұқсас дейді. Бұл дәстүрді исламға жат деп санайтын адамдар да бар. Алайда Орталық Азияда көптеген балалар оны жақсы көреді.


Ауызашар уақыты таяғанда Ташкентте тұратын Лола Юнусованың есігін біреулер қақты. Сонда есіктің сыртында тұрған үш бала негізінен тек Орталық Азияға тән ұлттық әндерді айта бастады.

Батыс елдерінде Рождесто кезінде айтылатын әндер де «жарапазанға» ұқсас. Онда да үй-үйді аралап ән айтатындарға садақа түрінде сыйлықтар беріледі. Бұл жағынан осы дәстүр Хэллоуинге де ұқсайды.

«Жарапазанның» Рождество мен Хэллоуиннен өзіндік айырмашылығы бар. Өйткені «жарапазан» ай бойы орындалады. Лола Юнусова бұл адамды мезі етеді деп есептейді.

– Кішкентай балалар күн сайын ән айтуға келеді. Біз оларға ақша береміз. Күнде келетіндер болады. Біз оларға «Жетер. Енді келмеңдер» дейміз. Көптеген ата-аналар балаларына «жарапазан» айтқызбайды – біз де сүйтеміз. Біз оған міндетті емеспіз. Жарапазан айтатындар тіленшілер сияқты. Оларды ешкім де жақтырмайды. Олардың келіп алып қайта-қайта есік қаққаны өз басыма ұнамайды. Шыға қалсаңыз, олар «ақша беріңіз» деп шулайды, - дейді Лола Юнусова.

Ал Лоланың көршісі Ахмаджон керісінше - «жарапазанды» жақсы көреді. Ол балаларды ілтипатпен қарсы алып, тағы да ән салуын өтініп, ақша беріп жатады.
Бұл Ахмаджонның балалық шағын еске түсіреді. Ол да бала кезінде достарының үйіне барып, осылай «жарапазан» айтатын.

Жылына бір-ақ рет осылай елдің есігін теуіп ашып, ешкім кіналамайтын болған соң ба, өзбек балалары «жарапазанды» жақсы көретінін айтады.

БЕРГЕНІНЕ ҚАРАЙ - ТІЛЕГІ

«Жарапазанда» барған адамның үйінде ұл туса деген тілек жиі айтылады. Мұндайда сарказмге де орын бар. Балалар өздеріне ештеңе бермеген үйлерге «Ұл емес, қыз табыңыз» деген тілек айтып кетеді.

Түркімен балалары «Үйіңізде салтанат болсын, аз берген үйде қыз тусын, көп берген үйде ұл тусын» деген сияқты тілек айтады.

«Жарапазан» айтушылар өз жандарынан да қосып айтып жатады. Орталық Азияның кейбір тұрғындары мұндайда «жарапазан» айтушылар өздерін балағаттап кетеді деп шағынады.

Түркімен "жарапазаны"




ЖАҢҒЫРҒАН "ЖАРАПАЗАН"

Қазақстанда совет уақытында «жарапазан» айтуға тыйым салынды. Совет кезінде адамдар ораза тұтатынын көрсете бермейтін. Әйтпесе, совет заңын бұзушы болып шыға келуі ғажап емес еді.

Қазақстанда айтылатын «жарапазанның» бір нұсқасы мынандай болып келеді:

Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,
Күн шығып, айы туған жақтан келдік.
Біз айтсақ жарапазан – әдет - ғұрып,
Пайғамбар жолын қуып атқа міндік.

Мінгені пайғамбардың сары атан-ды,
Әр үйге тұрсақ мұндай таң атады.
Әкеліп ықыласыңмен садақанды
Қол жайып, құдай үшін ал батамды.

Бай Мұхаммет үмбетіне жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Ауғанстанда да 1979 жылғы совет басқыншылығына дейін «жарапазан» кең тараған еді. Ондаған жылдарға созылған соғыс пен ән-күй атаулыны жат көретін талибан режимі кезінде бұл дәстүр жоғалып тынды.

Тек соңғы жылдары ғана кейбір ауған ауылдарында балалар көрші үйге барып «жарапазан» айтатын болған. Бұл дәстүр Ауғанстан солтүстігіндегі өзбектер, түркімендер және тәжіктер тұратын ауадандарда жаңғыра бастады.

Қырғызстанда «жарапазанды» көбіне Рамазанның соңғы үш күнінде айтады. «Жарапазанды» жақтайтын ересектер батыс материализмі әнге де әсерін тигізді деп есептейді. Бішкек балалары қазір «Мерседес» айдаңыз», «қалта толы америка доллары болсын» деген сияқты тілектер айтып жатады.

Қырғыз "жарапазаны"




ИСЛАМҒА ДЕЙІНГІ ТАМЫР

Тәжікстан солтүстігіндегі «жарапазан» көбіне дінге емес, фольлорға қатысты болып келеді.

Орталық Азиядан басқа да аймақтарда Рамазан кезінде осындай әндер айтылады. Югославия құлағанға дейін Босния мен Герцоговинада да балалар «Рамазан банк» деп айқайлап, есік қағып, үйді-үйден садақа жинаған. Египет тәрізді кейбір араб елдерінде барабаншылар Рамазан кезінде көшеге шығып,дабыл ұратын болған. Оларға осы үшін де адамдар садақа беріп жатады.

Алайда ультраконсервативті суниттік вахабиттік және басқа да діни экстремистер Рамазан кезінде ән салуды исламға жат деп біледі және тыйым салу керек деп есептейді.

Өзбекстан ғылым академиясының фольклор профессоры Тора Мирзоев «жарапазан» тамыры исламға дейінгі дәуірді қамтитынын айтады.

– Ертеде Рамазан кезінде ересектер де ән салған. Алайда 20 ғасырдың басынан бері тек балалар «жарапазан» айтатын болды. Бұл «жарапазанның» исламға дейінгі «тасаттық» тәрізді жоралғымен сіңіскенін көрсетеді. Исламға дейінгі дәуірде бұл жоралғыларда ән айтылатын болған. Ислам келген кезде бұл жоралғылардың дені исламдық дәстүрге айналып кетті, - дейді ол.

Мирзоевтың айтуынша, Сауд Арабиясында «жарапазан» дәстүрі болмағандықтан ғана Рамазан кезінде ән салуды исламға қайшы деп тану дұрыс емес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG