Accessibility links

Қазақстан түрмесіндегі журналист халықаралық сыйлық алды


«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Қамаудағы журналист Рамазан Есіргепов халықаралық Хелмман–Хаммет сыйлығымен марапатталды. Ал оның еркіндіктегі әріптестері «елде сөз бостандығы жоқ» дегенді айтады.


– Хьюман Райтс Вотч ұйымынан осы күндері электронды хат алдым. Онда Рамазанға Хелмман-Хаммет қорының гранты табыс етілгендігі айтылған, – деді Рамазанның зайыбы Раушан Есіргепова маусымның 28-і күні Азаттық тілшісіне.

Рамазан Есіргепов – осы сыйлықты иеленген үшінші қазақстандық. Оған дейін бұл грантты белгілі диссидент Кәрішал Асанов пен журналист Алмас Көшербаевтар иеленген.

Хеллман–Хаммет қорының гранты үкіметтің қудалауына ұшырап қаржылай қиындыққа ұшыраған журналистерге көмек ретінде табыс етіледі. Грант көлемі 500-ден 10 мың долларды құрайды.

«ҮМІТ ҚАЛҒАН ЖОҚ»

2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық №2 сотының үкімімен «Алма-та Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ, оған екі жыл мерзімге
Рамазан Есіргеповтің зайыбы Раушан Есіргепова. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл.

баспагерлік және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Оған «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау және тарату», «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» баптары бойынша айып тағылды. Қазір журналист Тараз қаласының жалпы тәртіптегі УЖД 158/2 колониясында жазасын өтеп жатыр. Жазасының 2,5 жылын түрмеде өткізген журналист үш мәрте мерзімінен бұрын босау туралы арыз жазған. Оған қоса қоныстану колониясына ауыстыру туралы да бірнеше мәрте өтініш жасаған. «Алайда олардың ешқайсысы қанағаттандырылмады» дейді Раушан Есіргепова.

– Мерзімінен бұрын босап шығуға деген Рамазанда да, менде де үміт қалған жоқ, – деген Раушанның айтуынша, колония басшылығы соңғы уақыттары күйеуінің арыздарын қарауды мүлдем қойған.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ «ТӘРТІПКЕ ШАҚЫРУ»

«Әділ сөз» ұйымының есебіне сүйенсек, Қазақстанда 2011 жылдың алғашқы алты айында кәсіби қызметі үшін жауапқа тартылған журналистердің саны 46-ға жеткен. Оған қоса алты журналиске шабуыл жасалынып, тағы жетеуіне қоқан-лоққы көрсетілген. «Взгляд» пен «Голос республики» басылымдары күшпен тоқтатылған.

Жалпы тиражы 19 мың дана «Голос республики» басылымын редакция кеңсе құралдары арқылы басып шығарады. Себебі Қазақстандық
"Голос республики" газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.

баспаханалар бұл газетті басудан бас тартқан. Маусымның 28-і күні Қазақстан журналистер одағының сыйлығын алған газет бас редакторының орынбасары Оксана Макушина «елде сөз бостандығы мүлдем жоқ» дегенді айтады.

– Біздің газеттің қолмен жазылып, қысқышпен біріктіріліп шығып жатқанына екі жыл болды. Осыдан кейін қайдағы сөз бостандығы?! – дейді Оксана Макушина.

Оның сөзінше, «Қазақстанда көзбояушылық көп». Шын мәнісінде журналист қауымының өзі де екіге бөлінген. Бірі – билікке тәуелді, екіншісі – тәуелсіз.

– Бірақ тәуелсіз журналистердің өзіне жасалып жатқан жағдай, оларды «тәртіпке» салуды көздейді, – дейді Оксана Макушина.

«БИЛІК ТӘУЕЛСІЗ БАСЫЛЫМДАРДЫ МОЙЫНДАП ЖАТЫР»

«Жас алаш» басылымының жетекшісі Рысбек Сәрсенбай қазір билік тәуелсіз басылым өкілдерін мойындап жатқандығын айтады.

– Кеше ғана «Нұр Отан» партиясы оппозициялық көзқарастағы журналистерді марапаттады. Мұның өзі биліктің тәуелсіз БАҚ-ты мойындағанының белгісі. Әрине, олардың өздерінің бір есептері бар шығар. Дегенмен, осының өзі бір жылымықтың пайда болғанын көрсетеді, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

«Билік дегеніміз – айтқанын орындатуға мүмкіндігі бар тетік. Осы тұрғыдан алғанда қазақ баспасөзі ол дәрежеге жеткен жоқ» дейді сұхбаттасымыз.

«ӘДІЛЕТСІЗДІК ПЕН ЗАҢСЫЗДЫҚ БИЛІККЕ БАРЫП ТІРЕЛЕДІ»

Маусымның 28-і күні Журналистер одағы сыйлығын алғандардың ішінде тәуелсіз басылым өкілдері де бар. Солардың бірі – «Общественная позиция» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай.
«Общественная позиция» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

«Журналистік зерттеу» номинациясы бойынша сыйлық алған ол қазіргі кезде зерттеу мақала жазу қиын екенін айтады.

– Түп негізінде қоғамдағы әділетсіздіктер мен заңсыздықтар билікке барып тіреледі. Сондықтан оны зерттеу, халыққа жариялау оңай емес, – деді Бақытгүл Мәкімбай Азаттық тілшісіне.

«Общественная позиция» – Қазақстандағы алғашқы оппозициялық басылым «ДАТ» газетінің жалғасы. «ДАТ» 1998 жылы сәуір айында жарыққа шыққан еді. Сол жылы жабылған бұл газеттің орнын жарты жылдан соң «СолДАТ» газеті басқан.

«СолДАТ» та сот шешімімен жабылған соң Қазақстанда әр жылдары, «DAT» баспагерлік жобасы аясында «Сегодня-Бүгін», «ДАТ-Ақбота», «ДАТ-Колесо», «ДАТ-Иртыш», «Жұма-Таймс», «Айна-плюс» және «Тасжарған» газеттері жарық көрді. Бұл газеттердің басым көпшілігі сот шешімдері бойынша шығуын тоқтатты.

12 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан «ДАТ» жобасының тағдырын айтқан Бақытгүл Мәкімбай «елдегі баспасөз бостандығы жоқтың қасы» дегенді айтты.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG