Accessibility links

Обаманың арнайы өкілі Құранды жатқа біледі


Рашад Хусейн, АҚШ президентінің ИКҰ-дағы арнайы өкілі. Кабул, 30 тамыз 2010 жыл
Рашад Хусейн, АҚШ президентінің ИКҰ-дағы арнайы өкілі. Кабул, 30 тамыз 2010 жыл

Ақпанның 13-інде Алматыда Америка президентінің Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі Рашад Хусейн жергілікті және Қазақстанда тіркелген журналистермен кездесті. Ол мұсылмандар құқығы, көпмәдениеттілік, Таяу Шығыстағы толқулар және лаңкестік мәселесіне тоқталды.

Кездесуде ол Американың ислам әлемімен байланысы және мұсылман қоғамдастығындағы мәселелер жайында айтып берді. АҚШ-тағы мұсылмандар жайы да қозғалды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

ЕУРОПАНЫҢ КӨПМӘДЕНИЕТТІЛІКТЕН БАС ТАРТУ СЕБЕБІ

«Америка президенті лаңкестікпен күреске ғана емес, сонымен бірге мұсылмандардың адамзат игілігі үшін атқарған қызметіне де мән береді»,-дейді Барак Обаманың Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі. Рашад Хусейннің айтуынша, Американың өзінде мешіттер саны 12 мыңнан асады. Діни жоралғыларын өтеу, сақал қою, хижаб кию және басқа да көптеген мәселелерде мұсылмандар еркін.

Рашад Хусейн Нью-Йоркте 11 қыркүйек оқиғасы орын алған аудандағы мешіт құрылысы жайында да баяндады. Оған қарсылық білдіру, тіпті америкалық пастордың Құранды өртемек болған әрекетінің елдің саясатына қатысы жоқ екендігін айтты.

«Америка мұсылмандарды өз қоғамына тартып, баурауға тырысады»,-деді ол. Америка президентінің Ислам конференциясындағы арнайы өкілі Қазақстанға келе жатып, Франция мен Германияға соққандығын айтады. «Бұл елдердегі ахуал Америка қоғамынан басқаша сипатқа ие. Мұнда мұсылмандарды баурау, ішке тарту әрекеттері болмаған»,-дейді Рашад Хусейн. Ол Еуропаның көпмәдениеттілік үлгісінен бас тарту төркінін осындай жайлармен байланыстырады.

"СОЛТҮСТІК АФРИКАДАҒЫ ТОЛҚУ - ӨЗГЕ ЕЛДЕРГЕ МҮМКІНДІК"

Барак Обаманың Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі кездесуде Таяу Шығыстағы ахуалға да тоқталды. Рашад Хусейн толқуларда жаңа медианың ролі зор болғандығын айтты. Оның пайымдауынша, кез-келген елдің билігі халық талабына оңды жауап бермесе, Мысыр мен Тунистің кебін құшуы ғажап емес.

«Таяу Шығыстағы оқиғалар ұйымдағы өзге де елдерге ықпал ете бастады. Өзге елдерде өзгеріс басталды. Бұл сәт – менің ойымша, өзгерістер үшін ыңғайлы уақыт. Біраз елдерде байқағанымыз – халық қиындықтар туралы сөйлегенде, мақсаттары мен хақылары сөз болса, биліктің халықты тыңдауы керектігін айтады»,-дейді ол.

Оның айтуынша, соңғы толқуларды ескерген елдерде қазірдің өзінде басшылық тарапынан өзгеріс басталды.

«Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы елдер қазір сондай өзгеріске кірісіп кетті. Бұл да Ислам конференциясы ұйымындағы елдердің дұрыс дамуы мен реформалар жасауы үшін өзіндік мүмкіндік болып отыр», - дейді Рашад Хусейн Азаттық тілшісіне.

"ЛАҢКЕСТІК ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ КӨБІ - МҰСЫЛМАНДАР"

Барак Обаманың Ислам конференциясындағы өкілі Рашад Хусейн лаңкестік туралы да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір топтар исламды өзіне бейімдеп, жеке мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланады. Мұның бәрі түсінбеушілік тудырып жатады.

"Бұл күнде лаңкестік құрбандарының көбін мұсылмандар құрайды", - дейді ол.

Азаттық тілшісінің сұрағына орай Рашад Хусейн өзінің Құранды жатқа білетін хафиз екендігін мойындады. Арнайы өкілдің Азаттық радиосына берген сұқбаты алдағы уақытта жарияланатын болады.

Арғы тегі үндістандық Рашад Хусейн Америка президентінің Ислам конференциясындағы арнайы өкілі қызметіне 2010 жылы 13 ақпанда тағайындалды. Ол Барак Обаманың 2009 жылы Каирде жариялаған «Жаңа бастаулар» идеясын жүзеге асыруға ат салысып жүр. «Жаңа бастаулар» – Американың ислам елдеріне қатысты тұжырымы.
  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG