Accessibility links

16 «лайықты верныйлық» пен 34 «тамаша алматылық»


Республикалық балалар кітапханасы шығарған электрондық энциклопедия мұқабасы. Алматы, 4 ақпан 2015 жыл.

Республикалық балалар кітапханасы шығарған электрондық энциклопедия мұқабасы. Алматы, 4 ақпан 2015 жыл.

Алматыда балалар кітапханасы құрастырған «лайықты верныйлықтар мен тамаша алматылықтар» CD-дискісі шықты. Дискіге 50 адам енген. Бірақ онда кітапханаға есімі берілген жазушы Сапарғали Бегалин жоқ.

Тоғыз жыл бұрын Алматы қаласында шығатын мұқабасы жылтыр журналдың бірі «Алматының әйгілі адамдарының» рейтингін құрастырмақ болған. Редакция ақылдаса келе, «рейтингті өзіміз ғана құрасақ, субъективті болып шығады» деп ұйғарып, оқырмандар пікіріне жүгінген. Ал оқырмандар сауалнамаға қуана-қуана қатысып, әйгілі адамдардың ұзақ тізімі түзілген. Журнал форматы бұл тұлғалар туралы тіпті қысқаша мәлімет жазуға да мүмкіндік бермей, редакция респонденттер жиі атаған 100 адамның тізімімен шектелген еді. Жалпы, «тізімге ана кісіні бекер кіргізген, мына адамды ұмытып кеткен» деп, кез келген рейтингке мін тағуға болады. Бірақ журналдың «оқырмандар таңдауына сүйендік» деген уәжі бар.

Дискіні таныстыру шарасында жас суретшілердің Алматы қаласы туралы суреттері қойылды. 4 ақпан 2015 жыл.

Дискіні таныстыру шарасында жас суретшілердің Алматы қаласы туралы суреттері қойылды. 4 ақпан 2015 жыл.

Енді, міне, Алматыда әйгілі адамдардың тағы бір рейтингі жасалды. Оны Сапарғали Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасы қызметкерлері құрастырған. Әйгілі тұлғалардың өмірбаяндарын құрастырып, фотосуреттерді іріктеуге жарты жыл кеткен. Осы аптада сол жұмыстың қорытындысы - «Лайықты верныйлықтар мен тамаша алматылықтар» («Достойнейшие верненцы и замечательные алматинцы») деген орыс тіліндегі CD-диск жұртқа таныстырылды. CD-дискіге барлығы 50 адамның өмірбаяны кірген. Көбі - мәдениет және өнер қайраткерлері. Оның 16-сы «лайықты верныйлық», ал 34-і «тамаша алматылық» деп аталған.

Презентация қонақтарының кейбірі «лайықты да тамаша» адамдардың тізімін көріп, таңданып қалғаны байқалды. Өйткені дискіде Алматы мен Қазақстанның мақтанышы саналатын Ермек Серкебаев, Шәмші Қалдаяқов, Шәкен Айманов, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Әбілхан Қастеев, Олжас Сүлейменов сияқты қазақ интеллигенциясы өкілдері жоқ. Тіпті, басқасын айтпағанда, бұл тізімге кітапхана есімін иеленген жазушы Сапарғали Бегалиннің өмірбаяны да енбей қалған.

Кітапхана шығарған дискіге жұрттың көбі танымайтын адамдардың өмірбаяны енгізілген. Мысалы, Н.И.Петухов, И.И.Соболевский, В.Г.Федоров немесе Г.В.Нечитайло деген кім екенін білесіз бе?

Азаттық тілшісі дискіні дайындауға қатысқан қызметкерді сөзге тартып, «көрнекті әрі елеулі жандар» тізімі қандай принципке сүйеніп құрылғанын анықтауға тырысты. Бірақ диск ешқандай нақты критерий бойынша құрастырылмаған, тіпті құрастырушылар тарихшылардың кеңесін сұрамаған.

Диск негізінен кітапхананың жас оқырмандарына арналған. Қонақтардың кейбірі: «Мына дискінің жалғасын шығарып, құрастырушылар ұмытып кеткен қайраткерлердің өмірбаяндарын енгізген жөн. Өйткені жас ұрпақ санасында Алматы тарихында кімнің кім болғаны туралы жаңсақ түсінік қалыптасуы мүмкін» деген пікірлерін айтты.

Дискіні құрастырушы авторлардың бірі, Сапарғали Бегалин атындағы кітапхананың даму бөлімінің бас маманы Ирина Смирнова дискінің "Қазақстандағы орыстар" жобасы аясында шыққанын хабарлады. Оның Азаттыққа айтуынша, Сапарғали Бегалинге жуықта жеке диск арналады.

- Бұл жоба Россотрудничество мекемесімен бірігіп жасалған. Олар бізге "Қазақстандағы орыстар" жобасы аясында диск жасау жайлы ұсыныс айтқан. Верный қаласы тарихының бастауында тұрған, қаланы дамытуға, оның құрылысына, қанымдауына, мәдениетіне, ғылымына үлес қосқан адамдар жайлы айту мақсат болған. Олар мұнда туған адам болуы міндет емес. Бірақ тағдырдың қалауымен осында келіп, құрылыс салды, емдеді, туынды салды. Ондағылар тек қана орыстар емес. Онда Баум бар, Незвецкий, Лейбиндер (еврей отбасылары) бар. Немістер - орыстілді адамдар да бар. Қалдаяқов, Серкебаев және басқаларына келсек, олар бізде бар, оларды ұмытқан жоқпыз. Кітапханамыздың spring.kz сайтын ашқанда онда әуелі Бегалин туралы, оның өмірбаяны жайлы жазулы тұр. Биыл Бегалинннің 120 жылдығына орай оған арналған диск шығады, - дейді Ирина Смирнова.

Ақын әрі жазушы Валерий Михайлов. Алматы, 4 ақпан 2015 жыл.

Ақын әрі жазушы Валерий Михайлов. Алматы, 4 ақпан 2015 жыл.

Ал презентацияға жұрт әдеттегіден көп жиналды, әсіресе танымал адамдар көп болды. Мысалы, алдыңғы қатарда Жетісудың жазушы-натуралисі және өлкетанушысы, дискіге өмірбаяны енген Александр Лухтанов отырды. Белгілі профессор әрі ботаник ғалым Иван Ролдугин, өлкетанушы Александр Воронов та келді.

Кітапхана қонақтарының арасында ақын әрі жазушы, 1930 жылдардағы ашаршылық туралы «Ұлы жұттың хроникасы» кітабының авторы Валерий Михайлов та болды. Алматының тумасы болмағанымен, қалада бұрыннан тұратын ол жиналғандарға қаланың мүлде өзге келбеті жайлы әңгімелеп берді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG