Accessibility links

Рауан Сариев үйіне демалысқа келді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Бразилияның «Ботафаго» футбол клубының шабуылшысы Рауан Сариев. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.

Бразилияның «Ботафаго» футбол клубының шабуылшысы Рауан Сариев. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.

Бразилияның «Ботафого» клубының шабуылшысы Рауан Сариев екі апталық демалыс алып, үйіне келді. 19 жастағы футболшы балалар спорт мектебінде мастер-класс өткізді. Дүкен аралап, киім алды.

Рауан Сариев Алматы облысындағы Бақтыбай деген шағын ауылда туған. Бразилияға мемлекеттік бағдарлама бойынша барды. 2009 жылы 15 жасар жеткіншек «Оле Бразил» футбол академиясына оқуға аттанды. Болашағынан үміт күттірген жігітті екі жылдан кейін Бразилияның «Атлетико-Минейро» футбол клубы өз құрамына алады. Мұнда Рауанның спорттық дарыны шыңдалып, жетілді.

«ФУТБОЛШЫНЫ ЕЛГЕ НЕГЕ ҚАЙТАРМАЙДЫ?»

— Әлем чемпионатына іріктеу турына қатысып, мықты клубтардың бірінің құрамында ойнасам деймін. Мұндағы (Қазақстандағы - ред.) футбол басқа – допты алған футболшы оны екі рет тебеді, ал Бразилияда футбол техникалық тұрғыдан мықты жетілген. Ол жақта қарсы командаға допты бермей ұзақ ойнайды, - дейді Рауан Сариев Азаттық тілшісіне.
Рауан Сариевтің жаттықтырушысы Ержан Омаров. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.

Рауан Сариевтің жаттықтырушысы Ержан Омаров. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.


Футболшының алғашқы жаттықтырушысы Ержан Омаров «Дарынды жігітті елге қайтаратын кез жетті. Астанадағы шенеуніктердің жайбасарлығы Рауан Сариевтің спорттағы болашағына кесірін тигізуі мүмкін» дейді.

— Былтыр Еуропада әлем чемпионатына іріктеу туры өтті. Оған неге Рауанды алмады? Чемпионатта Қазақстан жеңіліп қалды. Жеңілуден көз ашпаймыз. Көрермендер мен футбол жанкүйерлері бізден жеңіс күтеді. Өзімізде Рауан сияқты дарынды футболшымыз бар, бірақ, неліктен екені белгісіз, оны ойынға шақырмайды. Өз басым мұны түсінбеймін, - дейді Ержан Омаров.

«ДҮКЕН АРАЛАП ЖҮРМІЗ»

Футболшының әкесі Ерлан Сариев:

— Екі ұлым Рауан да, Саят та футболшы. Бірінші сыныптан жаттықтырдым, шолжаңдатқан емеспін. Алғашында жалқауланып еді, кейін үйренді, - дейді.

Рауан Сариевтің келуі үй ішін қуанышты әбігерге түсірді. Олар алыстан келген ұлдарына ең дәмді ұлттық тағамдар пісірді. Сариевтер шаңырағына туған-туыстармен бірге, атақты жерлестеріне сәлем беру үшін ауылдастары да келіпті.
Бразилияның «Ботафаго» футбол клубының шабуылшысы Рауан Сариев көзілдірік таңдап тұр. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.

Бразилияның «Ботафаго» футбол клубының шабуылшысы Рауан Сариев көзілдірік таңдап тұр. Талдықорған, 13 ақпан 2013 жыл.


Рауанның анасы Шолпан Сариеваның айтуынша, Рауан өте сәнқой болып алыпты, көңілінен шығатын киім таңдау оңай шаруа емес екен.

— Рауанның келгеніне сондай қуанып жатырмыз. Қатты сағындық, бір жылдай көргеміз жоқ қой. Сәнді киім-кешек алғысы келді. Дүкен аралап жүрміз. Бірақ көңіліне жағатын бірдеңе табу қиын екен, - дейді Шолпан Сариева күліп.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен жас футболшының туыстары «Рауанды Қазақстанның ұлттық құрамасында ойнауға шақырса» деген үміттерін айтты.

ЖЫЛЫНА - 85 МИЛЛИОН

Қазақстан жыл сайын 25 баланы футбол оқуға Бразилияға жібереді. Алғашқы топ 2009 жылы «Оле Бразил» футбол академиясына аттанды. Оларға да, кейінгілеріне де Қазақстан жылына 85 миллион теңге төлейді. Рауан - сол алғашқы топтың түлегі.

2009 жылы жіберілген «бірінші буынның» балалары үш жыл оқып, былтыры елге келді. Тек осы Рауан Сариев қана Бразилияда қалған еді. Ал қалған футболшылар үшін Астанада «Бәйтерек» командасы құрылды. «Бәйтерек» клубы 2012 жылы Қазақстан чемпионатының бірінші лигасына (премьер-лигадан төменгі топ) қатысып, төртінші орын алды.

Журналист Жандос Байділдә бұл балалардан нәтиже шығатынына сенеді.

- Жастары 17-18-де. Бірінші лигада маңғыстаулық «Каспий», семейлік «Спартак» командаларындағы ағаларынан озып кетті. 2013 жылы премьер-лигаға өтеді деп үміттенемін. Бразилия футболының техникасын меңгерді ғой. Қазақстан футболын осы балалар жандандыруы тиіс, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG