Accessibility links

Министр Әбденов - тағы да әлеуметтік желінің кейіпкері


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке жұмыртқа лақтырған оқиғаға байланысты жасалған карикатура. (Facebook-тегі PatamustaPatamusta қауымдастығының фотосы)

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке жұмыртқа лақтырған оқиғаға байланысты жасалған карикатура. (Facebook-тегі PatamustaPatamusta қауымдастығының фотосы)

Алматы жұртымен кездесуге келген министр Әбденовке белсенді Цукановтың жұмыртқа лақтыруы бірнеше сағат ішінде әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыптың біріне айналып шыға келді.

Сәуірдің 26-сы күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке дейін ұзартуға байланысты халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Алматыға келген еді.

Журналистермен кездесу кезінде оған қарағандылық азаматтық белсенді Андрей Цуканов жұмыртқа лақтырды. Министр Әбденов киімін ауыстырып келіп, журналистермен әңгімесін жалғастырды. Ал азаматтық белсенді Цуканов 7 тәулікке қамалды.

БЕЛСЕНДІНІ АҚТАУ МЕН АЙЫПТАУ

Қолданушылардың бірі жұмыртқа лақтырушы азаматтық белсенді Андрей Цукановты мақтаса, енді бірі "тасада тұрып жұмыртқа ату - әдепсіз қылық" десті.

"Ер адамның әйелді қорғауы - мақтарлық іс. Бірақ, меніңше, мұнша қорлау сипатында болмау керек еді" деп жазады Салтанат Мурзалинова-Яковлева.

Ал "Нұр-Отан" партиясының хатшысы, белсенді твиттерші Ерлан Қаринның пікірінше, "Тасадан тұрып жұмыртқа түгілі тас ату - жігітке жатпайды".

Сәкен Нұрқабекұлы есімді интернет қолданушы да "жұмыртқа кері әсер туғызғанын" айтып: "Әйел адам лақтырған болса, мүмкін, қабылдар ма едік" дейді.

"МИНИСТРДІҢ НЕ КІНӘСІ БАР?"

Facebook пен Twitter желілерінде министр Әбденовтің "сыпайылығы мен төзімділігін" мақтаған немесе оны "мысқылдаған" әзіл аралас жазбалар да көп болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


Кейбір қолданушылар министрге түсіністікпен қарап, оны қорғауға тырысты.

«Министрдің не кінәсі бар? Министр емес қой көтеріп отырған. Министрлер тек орындаушылар, аяп кеттім өзін» деп жазды Бауыржан Карипов есімді қолданушы.

Мұндай сипаттағы пікірлерге Nataly Mercedes есімді қолданушы былайша уәж айтты: "Аяйтын несі бар? Бәріне осы мырза сияқты өмір сүруді тілер едім. Қарағанды шахтерларын аяймын, ауыр өнеркәсіпте жүрген әйелдерді аяймын. Оны аяудың қажеті жоқ".

Нұрлан Жанай есімді қолданушы да "Аналарды, әжелерді жылатып, зейнет жасын 63 жасқа көтеріп алып, "справедливость" жайлы айтқан күлкілі емес пе? Мен аналарымыздың 63 жасқа дейін жұмыс жасауын қаламаймын" дейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген тұрғындар. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген тұрғындар. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


Интернет қолданушылардың кейбірі министрдің "әдеттен тыс сыпайылығын" да айтады.

"Қалай айтсақ та, Әбденов өзін нағыз жігітше ұстады. Сыпайы, түзу. "Қарауыл, оны алып кет!" немесе "Маған қызғылт кофтаңыз бен диктофон және жұмыртқа ұнамай отыр" деп айғайлаған да жоқ. Тек "қазір келем" деп кетіп қалды" дейді Әлішер Елікбаев есімді блогшы.

Жұмыртқаның саясиланып бара жатқанын айтқан Ботагоз Макишова есімді қолданушы: "Енді дүкендерде жұмыртқа қымбаттайтын болды... Тіпті жұмыртқаны жер жүзінен жойып жібермесе жақсы" деп әзілдейді.

Әлеуметтік желілерде бұған дейін де министр Серік Әбденовке байланысты түрлі әзіл-қалжыңдар тараған еді. Оған министрдің өткен аптада Қарағандыда тұрғындармен кездесуі себеп болған.

Жиында тұрғындардың зейнетақыға байланысты сұрақтарына жауап берген министр "потому что" сөзін үш рет қайталаған. Оның осы сөзіне байланысты Facebook әлеуметтік желісінде арнайы парақ ашылып, әр түрлі кекесін жазбалар мен суреттер жарияланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген қоғамдық белсенділер зейнетақы жасының өсуіне қарсылық танытып тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовпен кездесуге келген қоғамдық белсенділер зейнетақы жасының өсуіне қарсылық танытып тұр. Алматы, 26 сәуір 2013 жыл.


ДАУЛЫ ЗАҢ

Министр Серік Әбденов тұрғындарға түсіндірмек болған ресми құжат - "Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заң жобасын мәжіліс 17 сәуір күні алғашқы оқылымында мақұлдаған.

Құжатта әйелдердің зейнетке шығу жасын 2014 жылдан бастап 10 жыл ішінде жылына жарты жылға ұлғайтып, қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін жеткізу қарастырылған.

Жобада бұған қоса "Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының" негізінде біртұтас жинақтаушы зейнетақы қорын құру да қарастырылған. Біртұтас қордың құрушысы мен акционері үкімет болады. Оның зейнетақы активтеріне ұлттық банк басшылық жасайды.

Қазақстанда қазір ерлер зейнет демалысына 63 жаста, ал әйелдер 58 жаста шығады.

ВИДЕО: Министрге жұмыртқа лақтыру оқиғасы
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG